ҚАЗАҚ ЕЛІ БАС ИІП ПАРАСАТҚА, АЗАМАТЫН МІНГІЗДІ АҚБОЗ АТҚА!
Кеше Президент Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы Оқушылар сарайында орналасқан №81 сайлау учаскесіне келіп, Қазақстан Президентінің сайлауында дауыс берді. Дауыс бергеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне берген сұхбатында Н.Назарбаев мемлекеттің тағы бір тарихи науқанды басынан өткеріп отырғандығын атап көрсетті. «Халықтың талабымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысымен кезектен тыс президенттік сайлауды өткізу мәселесін қолдадық. Бүгін еліміз үшін маңызды сайлау өтіп жатыр», – деді Елбасы өз сөзінде. Мемлекет басшысы дауыс беру құқына ие 9,5 миллионға жуық қазақстандық 9700-ден аса сайлау учаскесінде сайлауға қатысып жатқанын атап өтті. «Бүгін азаматтар конституциялық парызын өтеу құқығына ие. Екінші жағынан, олардың өз болашағын таңдауға, биліктің қызметіне баға беруге мүмкіндіктері бар. Қазақстандықтар ең алдымен еліміздің тұрақты дамуы үшін, халық тұрмысының жақсаруы үшін, өзінің және балаларының болашағы үшін, сондай-ақ, менің басшылығыммен елде жүргізіліп жатқан саясатты қолдау үшін дауыс беретініне сенімдімін», – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Әбішұлы сайлаудың транспаренттілігіне де назар аударды. «Сайлау үдерісі мен дауыс беру барысын іс жүзінде 40-қа жуық ел мен халықаралық ұйымдар атынан өкілдік еткен 850-дей шетелдік байқаушылар бақылауда. 170-ке тарта шетелдік БАҚ тіркелді. Біз бүкіл әлемге заңдылықтың сақталуын, ашықтықты көрсетіп отырмыз. Байқаушылар әділ бағасын береді деп санаймын және сайлауға қатысып, қызығушылық танытқаны үшін баршаға алдын ала рахмет айтқым келеді», – деді Қазақстан Президенті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы осы сайлауда қазақстандықтар өзіне сенім білдіретін болса, бірінші кезектегі әрекеті бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша комиссия құру болатынын айтты. «Бұл комиссия бес кіші топтан тұратын болады, олар заңнамаға өзгеріс енгізуді қажет ететін ауқымды әрі күрделі жұмыс күтіп тұрғандықтан, дереу іске кіріседі. Жалпы, бұл реформалар ел дамуының кезекті кезеңі болып саналады және экономиканы, саясатты, қоғамды қамтиды, сондай-ақ, транспаренттілік пен ашықтық үшін қажетті жағдай жасайды», – деді Н.Назарбаев. Оқушылар сарайында орналасқан №81 учаскесіне жалпы 2532-ге тарта азамат тіркеліпті. Таңсәріден тұрып, сайлау учаскесіне келіп, дауыс берген азаматтардың саны таңғы сағат 10.00-де 543-ке жуықтаса, күндізгі сағат 11.00-ден аса 600-ге жақындап үлгерді. Біз таңертең ерте тұрып, сайлау учаскесіне келіп, дауыс берген елорда тұрғындарының арасынан 68 жастағы Мәрзия Қуанышқалиеваны кезіктірдік. «Мен бұған дейінгі сайлауларға да үзбей қатысып келемін. Бұрын Атырауда тұрған едім. Астанаға келгеніме 4 жылдай уақыт болды. Сайлау – қоғам үшін айтулы оқиға. Біздің отбасымызда 4 адам бар. Олардың барлығы бүгін сайлау учаскелеріне барып, мен сияқты өз таңдауларын жасады. Біз еліміздің, мемлекетіміздің, балалардың болашағы үшін дауыс беруге келдік. Елімізде әрдайым тыныштықтың болғанын, келісімнің орнағанын қалаймыз», – деді сайлаушы бізбен әңгімесінде. Елдегі саяси науқанға қатысуды өзінің парызы деп санаған Ғалымжан Әкімов Астанаға Батыс Қазақстан облысынан 2000 жылы қоныс аударыпты. 54 жастағы сайлаушының 3 баласы болғанымен, екеуінің ғана дауыс беруге құқығы бар екен. Ол өздерінің Қазақстанның дамуы мен өркендеуі үшін дауыс бергенін жеткізді. Бұл күні сайлау үдерісін қадағалау үшін №81 сайлау учаскесіне 29 байқаушы келсе, олардың 12-сі халықаралық байқаушы. Біз халықаралық байқаушының бірі, сербиялық депутат Драгомир Каричтен сайлау үдерісіне қатысты ойын білдік. Ол сайлауды байқау үшін Қазақстанға арнайы шақыртумен келген екен. «Бүгінгі сайлау өте жақсы, тіпті, мерекелік көңіл-күйде өтіп жатыр десем, артық айтқандық болмас. Мұны халықтың жылы жүздерінен-ақ байқауға болады. Кейбір азаматтар өз отбасыларымен, тіпті, кішкентай балаларымен келіп, дауыс беріп жатты. Бір сөзбен айтқанда, сайлау ауаны маған дұрыс әсер етті», – деді Г. Карич. Сербиялық байқаушының айтуынша, Қазақстан – Орталық Азия аймағындағы саяси, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытын ұстанып келе жатқан бірден-бір ел. «Сондықтан, бұл сайлау осы елдің одан әрі ілгерілеуіне белгілі бір деңгейде қозғау салады деп ойлаймын», – деді Г.Карич сөзінде. Ал француз байқаушысы Оливье де Тиллиенің Қазақстанға үшінші мәрте келуі екен. Ол өз сөзінде Қазақстандағы сайлау мен Франциядағы сайлау үдерістерінің айырмашылықтарына тоқталып өтті. Оның айтуынша, Франциядағы сайлау науқандарына халық көп қатыспайды екен. «Еуропада, оның ішінде Францияда да кезектен тыс сайлау деген болмайды. Яғни, бізде сайлаудың мерзімі алдын ала, нақты бекітіледі. Сайлауға дайындық шаралары, электоратты науқан жұмыстары ұзақ жүргізіледі. Сіздерде бұл жағынан өзгешеліктердің бар екенін байқадым. Менің ойымша, кезектен тыс сайлау кандидаттарға өз бағдарламаларын дайындауға, насихаттауға аз ғана уақыт беретін секілді», – деді ол. Осылай дей келе, шетелдік байқаушы жалпы алғанда, елдегі сайлау үдерісі оң сипатта өтіп жатқанына тоқталып, байқаушы ретінде өзінің көңілі толатынын жеткізді. Бұл күні өздерінің сайлау учаскелерінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов, Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыпов, Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова дауыс берді. Қазақстан Коммунистік халықтық партиясынан президенттікке кандидат Тұрғын Сыздықов Астана қаласындағы №32 сайлау учаскесінде дауыс берді. Президенттікке кандидат Әбілғазы Құсайынов та сайлауда өз таңдауын жасады. Ол дауыс берген учаскедегі сайлау науқанын халықаралық сарапшы ретінде тіркелген Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты, танымал боксшы Николай Валуев бақылап отырды.Семейде 22 жастағы жігітті азаптап өлтірген күдікті 12 жылға сотталды
Қылмыс • Бүгін, 15:20
Қар, көктайғақ және тұман: Қазақстанда ауа райы күрт құбылуы мүмкін
Ауа райы • Бүгін, 14:52
Роза Рымбаева жаңа атаққа ие болды
Мәдениет • Бүгін, 14:10
Шымкентте екі қабатты мейрамхана өртке оранды
Шымкент • Бүгін, 13:33
Қазақстанда полиция күшейтілген режимге ауыстырылды
Заң • Бүгін, 12:51
Жетісу облысында екі адам қар құрсауынан құтқарылды
Аймақтар • Бүгін, 12:15