Мәселе • 13 Тамыз, 2024

Сапасыз жолдың сарсаңы

100 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі жол сапасының төмендігі жайында жиі айтып келеді. Әлемдегі ірі мұнай өндіруші ел үшін шұрқ тесік жолдардың болуы ұятты жағдай екенін де ескертті.

Сапасыз жолдың сарсаңы

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Биыл мамыр айында Пре­зи­дент жол сапасына қатыс­ты тағы да сын айтып, бұған саланы жайлаған сыбайлас жемқорлық себеп болып отыр­ға­нын жеткізді. «Жол сапасының нашар­лы­ғы­на қатыс­ты халықтың наразылығы орынды. Оның себебі көп. Ең бастысы – саланы жемқорлық жайлаған. Үкімет пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жол құрылысындағы сыбайлас жемқорлықты жою жөнінде тапсырма берілді. Мемлекет бөлетін қаржының барлығы талан-таражға түспей, тек қана құрылысқа жұмсалуы керек. Бұл қазір басым міндет», деген болатын.

Жуырда Сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы іс-қимыл агент­ті­гінің жарты­жыл­дық жұмысын қорытындылаған кеңейтілген отырыста қызмет басшысы Асхат Жұмағали жол саласындағы сыбайлас жемқорлық қатерлеріне сыртқы талдау басталғанын ха­бар­лады. Ал бұдан қандай нә­ти­же шықпақ?

Агенттік таратқан мәлімет­тер­ге қара­ғанда, бірінші кезекте жол құры­лысын жоспарлаудан бастап жұмыс­тар­ды қабылдауға дейінгі барлық үде­ріс зерделеніп, жемқорлық нормалары, мүдделер қайшылығы мен олқылықтар тұрғысынан нормативтік-құқықтық актілер, құрылыс нормалары және ере­желері қайта қаралмақ. Өйт­кені құқық қолдану тәжіри­бесі көрсеткендей, жобалау-сметалық құжаттама құнын орынсыз арттыру, сапасыз материалдарды, жабдықтар мен технологияларды пайдалану секілді жайттар көп. Жол салуға жұмысты толық көлемде орындауға қауқарсыз үлестес және сенімсіз компаниялар тартылады. Кейінгі үш жарым жылда Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігі 65 жемқорлық құқық бұзу­шылықты тіркеп, олардың кел­тір­ген залалы шамамен 9 млрд теңгені құ­раған.

«Жұмыстың екінші бағыты бойынша жол құрылыстарына мониторинг жүргізіледі. Бүкіл ел бойынша 217 учас­ке қамтылды, оларға 2 трлн теңгеден астам қаржы бөлінді. Агенттіктің ерекше бақылауында 12 ауқымды жоба бар. Олардың әрқайсысына жергілікті жерлерде жұмысты үйлестіретін жа­уапты адамдар бекітілген. Барлық өңір­де мониторингтік топтар құрылып, құрамына қоғам белсенділері, сондай-ақ осы саладағы сарапшылар кірді» делінген агенттік хабарында.

Мониторингтік топтардың рейдтері барысында бірқатар заң бұзушылық анықталған. Атап айтқанда, 15 өңірде қажетсіз, қайталама жұмыстарды істеу, сметаны асыра бағалау секілді жем­қорлық жайттары тіркеліп отыр. Олар­дың мемлекетке келтірген шығыны – шамамен 6,9 млрд теңге.

Мысалы, 2 шілдеде Батыс Қазақстан облысының «Бар­бас­тау – Ақжайық – Индер» автожолы құрылысын тексеру үшін арнайы барған мониторингтік топ жолдың кей жерлерінің шөгуі, ірі түйіршікті асфальт жабынының бұ­зылуы, кей жерде жол бетінің шытынауы секілді кемшіліктерді байқады. Бұның бәрі жолдың тез бұзылуына және тұрғын­дардың наразылығына себеп болары хақ.

Осыған орай құрылысты жүргізіп жатқан ЖШС бас мер­дігеріне анық­тал­ған кемші­лік­терді жою міндеттелді. Ол үшін барлық ақаулы учаскедегі асфальт­бетон жабындысын фрезерлеу, жаңа асфальтбетон жабындысын салу секілді жұмыстарды қайта істеу қажет.

Сонымен қатар Ұлытау, Абай, Же­тісу, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақ­стан, Алматы, Ақмола, Қараған­ды, Атырау, Жамбыл және басқа да облыстар мен қалаларда осындай кемшіліктер анық­талды. Өңірлердегі монито­ринг­тік топтар барлық жол құ­ры­­лыстары мен жөндеу жұ­мы­сы аяқталғанша ай сайын рейдтер жүргізіп тұрады.

Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл агенттігінің мәлі­ме­тінше, саладағы пара­қор­лық­тың туындауына себепші фак­торлардың тағы бірі – салын­ған немесе жөнделген жолға берілетін кепілдік мер­зі­мінің аздығы. Қазір ол 2 немесе 3 жылды құрайды. Тіпті кейде жаңадан жөнделген жолдардың бір жылға жетпей қирап жататыны да жасырын емес. Енді агенттіктің ұсынысымен жаңа жолдарды салғаннан кейін және қайта жаңарту жұмыстары жүр­гізілгеннен кейін кепілдік мерзімін 84 айға (7 жыл) дейін, ал орташа жөндеу үшін – 60 айға (5 жыл) дейін ұлғайту туралы шешім қабылданды. Бұл шара жолдарды жөндеу және салу сапасын арттыруға, мер­­дігерлердің жауапкершілігін арт­тыруға бағытталған. Сондай-ақ кепіл­дік мерзімін ұлғайту жол жұмыс­та­рын неғұрлым мұқият орын­дауға және жем­қор­лық тәуекелдерін азайтуға ықпал етуге тиіс.

Жол саласында жемқорлық қыл­­мыс­тарының жайлап кет­кенін заңнан ат­тағаны үшін жауапкершілікке тартылып, сотталып жатқан адамдардан да көруге болады. Сметаны әдейі көп етіп көрсетеді де, сосын бөлінген қаражаттың бір бөлігін жымқыру оқиғалары азаймай тұр. Мәселен, жуыр­да Шымкент қаласының қыл­мыстық істер жөніндегі аудан­аралық соты Тұран ауданы әкімі аппаратының «Тұран» КММ бас бухгалтері М.Асанова мен Төле би ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің «Жарық-Жол» КММ бас бухгал­тері К.Бесбаеваға қатысты үкім шығарды.

Олар автомобиль жолда­ры­ның жұ­мысына бөлінген бюджет қара­жатын жымқырғаны және талан-таражға салғаны үшін кінәлі деп танылды. Асанова мен Бесбаева жалған бухгалтерлік құ­жаттар негізінде үлестес кәсіпорындарға қаражатты заң­сыз аударуды жүзеге асырған, сондай-ақ 2023 жылдың ақпан-желтоқсан айларында нақты жұмыс істемеген адамдарға жалақыны жүйелі түрде аударып отырған. Жымқырылған қаражат пен келтірілген жалпы шығынның жалпы сомасы – 99 млн теңге.

Сот үкімімен Асанова мен Бесбаеваға сәй­кесінше 8 және 7 жыл мер­­зімге бас бос­тан­ды­ғы­нан айыру жазасы тағайын­далды және өмір бойы мем­ле­кет­тік мекемеде қызмет атқару құқы­ғынан айырылды. Үкім сот­талған­дар­дың ұжымдары алдында жарияланды. Бұл – басқаларға ескерту әрі келешекте жемқорлықтың алдын алу үшін қажетті шара.

Жоғарыда айтқанымыздай, жол сапасын бақылайтын мониторингтік топтар еліміздің барлық аймағында рейдтер жүргізіп, Мемлекет басшысы алға қойған тапсырмалардың орындалу аясында жұмыс жүргізіп жатыр. Жол құрылысы сапасын ашық және тұрақты бақылауға арналған топ жуыр­да Алматы облысындағы «Қонаев – Күрті», «Күрті – Бурылбайтал» жол нысандарына шығып, «Шамалған» айналма жолын тексерді. Бұл нысандар 2024 және 2025 жылдары пайдалануға берілуге тиіс. Жобалардың құны шамамен 25-тен 46 млрд теңге аралығанда. Нысандарға мердігер ұйымдардың 775 қызметкері мен 314 техникасы жұмыл­ды­рылған.

Мониторинг барысында жұмыс тобы бас мердігерлермен бірлесіп, жүр­гізілетін жұмыстар мен материал­дар­­дың сапасын, сондай-ақ олардың сме­талық құжаттамаға сәйкестігін тексерді. Бұрын «Құрты – Бурылбайтал» нысанында сапасыз орындалған 1,7 млрд теңгенің (жалпы құны – 29,9 млрд теңге) жұмысы анықталған. Осыған байланыс­ты тапсырыс берушіге ақпараттық хат жолданды, анық­­талған бұзушылықтар жо­йы­ла­ды. Жұмыс тобы ай сайын басқа да нысандарда осындай тексерулер жүргізіп отырмақ.