Мектеп • 13 Тамыз, 2024

11 білім ордасы салынады

148 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Абай облысында «Жайлы мектеп» қанатқақты ұлттық жобасы аясында 5700 оқушыға арналған 11 мектеп салу жоспарланған. Осы жоба шеңберінде былтыр 5 мектептің құрылысы басталса, биыл 6 білім ордасының қабырғасы қаланып жатыр.

11 білім ордасы салынады

Салынуға жоспарланған 11 мектеп бойынша жер учаскелері анықталып «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ға рәсімделді. Қазіргі таңда 4 мектеп бойынша мердігер ұйым анықталып, құрылыс жұмыстары қарқын алды.

Сондай-ақ Семей қаласындағы Қарағайлы тұрғын ауданындағы 1200 орындық орта мектеп құрылысының аяқталу мерзімі биылғы қыркүйек-желтоқсан айы деп белгіленген. Облыстық білім басқармасы ұсынған дерекке сенсек, қазіргі күні құрылыс жұмыстарының 56% ғана ойдағыдай атқарылған. Бірақ құрылыс жұмысы берілу мерзімі кестесінен артта қалып келе жатқаны байқалады.

Облыс орталығындағы Водный кентінде тағы бір осындай мектеп бой көтеріп жатыр. Бұл оқу ордасы 600 орынға жобаланған. Мұндағы құрылыс жұмыстарының аяқталу мерзімі де алдағы қыркүйек-желтоқсан айы деп көрсетілген. Бірақ құрылыс жұмыстары да кестеден кешігіп келеді. Бүгінге дейін нысан құрылысының 49%-ға жуығы аяқталған. Алайда білім саласының мамандары екі мектепті биылғы желтоқсан айында пайдалануға береміз деп сендіріп отыр.

Бұған қоса аталған «Жайлы мектеп» қанатқақты жобасы аясында Аягөз қаласында 600 орындық, Бесқарағай және Ақсуат ауылдарында 300 орындық мектеп салу жоспарланған. Мердігер ұйым аталған мектептердің құрылысын келесі жылы аяқтап, аталған елді мекендердегі оқушылар 2025 жылдан жаңа мектепте оқиды.

 

Абай облысы