Париждегі еске алу
Хакімнің 179 жылдығына орай Қазақстанның Франциядағы елшілігі қатысуымен Париж ақындарының алаңында еске алу шарасы өтті.
Шараға Қазақстан елшілігінің ұжымы, Парижге келген отандастарымыз, Қазақстан ұлттық құрамасының 2024 жылғы Олимпия ойындарына қатысқан спортшылар, сондай-ақ қазақ диаспорасының өкілдері қатысып, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Абай күнінің маңызына мән беріліп, рухани мерекеде қазақ және француз тілдерінде өлеңдер оқылып, ақынның қара сөздерімен жалғасты.
Сондай-ақ француз әдебиетінің ұлы жазушыларына арналған ескерткіштер орналасқан Square des poètes саябағында Абайдың бюсті ашылып, өлең-жырдан өрнек шашылды.
Бразилиядағы достық форумы
Бразилияның Леблон ауданының қалалық саябағында орналасқан Абай бюстіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Іс-шараға Қазақстанның Бразилиядағы елшісі Болат Нүсіпов қатысып, «Бразилия-Қазақстан» достық форумы аясында ұлтымыздың ұлы ақынының 179 жылдығы келелі мерекеге айналды.
Кездесуде достық қоғамының мүшелері, сондай-ақ Рио-де-Жанейро қаласы әкімдігінің өкілдері бас қосты. «Бразилия-Қазақстан» достық форумының атқарушы директоры, профессор Эдельсио Америко қонақтарға португал тілінде Абайдың «Қара сөздер» жинағынан үзінділер оқыды. Абайдың бюсті Рио-де Жанейроның орталық ауданында 2023 жылы «Бразилия-Қазақстан» достық қоғамы мен қала әкімдігінің қолдауымен тұрғызылған болатын. Әзірге бұл – Оңтүстік және Солтүстік Америка елдеріндегі жалғыз Абай ескерткіші. Хакімнің «Қара сөздер» жинағын португал тіліне аударған, Флюминенсе университетінің профессоры Эдельсио Америко маңызды шара алдағы уақытта жалғасын табатынын айтты.
Мажарстандағы мереке
Мажарстан астанасы Будапешт қаласының Варошлигет орталық саябағында Абай күні аталып өтілді.
Салтанатты іс-шараға Мажарстан Сыртқы істер министрлігінің Ресей және Орталық Азия департаментінің директоры Габор Надь, Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, ТүркПА бас хатшысы Мехмет Эр Суррея, Халықаралық түркі академиясының президенті Шахин Мустафаев, ТҮРКСОЙ бас хатшысы Сұлтан Раев, ТМҰ Будапешт қаласындағы Еуропа өкілдігінің басшысы Иштван Вашари, Мажар жазушылар одағының төрайымы Кинга Ерөш, «Барыс» мажар-қазақ қорының төрағасы Андраш Гал, сонымен қатар Мажарстанда тұратын отандастар мен студенттер қатысты.
Еліміздің Мажарстандағы елшісі Абзал Сапарбекұлы өзінің сөзінде жиналғандарды мəн-маңызы жоғары, рухани мерекемен шын жүректен құттықтады. Дипломат Мемлекет басшысының шешімімен 10 тамыз «Абай күні» деп белгіленіп, хакім Абай тек қана Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ шетелдерде де еске алынып, түрлі мәдени іс-шаралармен аталып өтілетінін жеткізді. Елші, Шандор Петөфи мажарлар үшін қандай ұлы ақын болса, Абай да қазақ халқы үшін кемеңгер, өзінің тарихи ізін қалдырған ұлы тұлға екенін баяндап берді.
Мажар жазушылар одағының төрайымы Кинга Ерөш өз кезегінде Абай ескерткішінің Будапешт төрінде орнатылғанына 10 жыл толғанын атап өтіп, ұлы даладан шыққан дара перзенттің өлеңдері адамгершілік пен парасатқа толы екенін айтты. Сөзінің соңында ұлы ақынның «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңін мажар тілінде оқып, хакім жырларының адамгершілік пен гуманизм тұрғысынан маңызын ерекше атап өтті.
ТМҰ мен ТҮРКСОЙ бас хатшылары Кубынычбек Омуралиев пен Сұлтан Раев қазақ десе бірден Абай, Абай десе бірден қазақ халқы еске түсетінін, оның мол мұрасы тек қазақ халқының ғана емес, күллі адамзаттың, түркі әлемінің рухани нәрі екенін баян етті.
Іс-шара соңында Абай өлеңдері қазақ және мажар тілдерінде мәнерлеп оқылып, «Көзімнің қарасы» әні мажар халқының танымал әншісі Тамаш Пальчоның орындауында көптің қошеметіне бөленді.