27 Сәуір, 2015

«Мерейлі отбасы»

250 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бір әулеттен 51 адам дауыс берді

1965_oko_3

Түркістан, ақын Мағжан айт­қандай «ер түріктің бесігі», барлық мұсылман қауым үшін ең қасиетті мекендердің бірі. Кеше ғана Түркияның Президенті Реджеп Тайып Ердоған: «Қайда жүрсек те Қожа Ахмет Ясауи жатқан жер біз үшін ешкімге қимасымыз, асыл Отанымыз», деп кетті. Сол Түркістан Президент сайлауын ұйымшылдықпен өткізді. Түр­­кістандағы 118216 сайлаушы қалаға қарасты 12 ауылдағы 36 жә­не ша­һардың өзіндегі 37 сайлау учас­келеріне барып таңдауларын жасады. Жиырма жасында жасындай жарқыраған спорт падишасы, Олим­пия ойындарының жеңім­пазы атанған Бекзат Саттарханов туған өңірдегі республикаға әй­гілі от­басы­лардың бірі – өткен жылы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының жеңімпазы атанған Бимаханбетовтер әулеті. Отағасы Елтай атамыз 83 жаста. Қосағы Елена әжеміз екеуі 8 бала, 33 немере, 15 шөбере өсіріп, өркен жайған алып бәйтерекке айналған. Өз өмірінде 68 рет сайлауға ке­ліп отырған ақсақалдың көңіл-күйі жақсы, рухы асқақ. Ол: «Менің екі немерем, екі шөберем кәмелеттік жасқа толып, алғаш рет дауыс берді. Отбасымызбен ақылдасып, кімге дауыс беретінімізді шешкенбіз. Әйтсе де, ешкімнің таңдауына қарсы болмаймын. Өйткені, ол оның конституциялық құқығы. Қай үміткерге дауыс берсе де Қазақстанның болашағы үшін жау­апты болатын, халықтың ырысын тасытатын, елге бейбітшілік пен татулық, бірлік әкелуге мүмкіндігі мол азаматқа дауыс береріне сенемін. Қуанып тұрып айтарым, осы сайлауда біздің әулеттен 51 адам дауыс беріп жатыр», деді. Үлкен әулеттің саялы бәйте­регіне айналған ақсақалдың қуа­нышы бұл ғана емес екен. «Сай­лау күні әулетке тағы бір шақа­лақ келді, қыз бала әлемнің жарық есігін ашты!» деп қария қуанышымен бөлісті. Енді Елтай ағамыздың 34 не­мересі бар. «Мерейлі отбасы» ұлттық бай­қауында жүзден жүйрік, мыңнан тұл­пар шыққан Бимаханбетовтер әулеті бір күнд­е екі бірдей қуа­ныш­қа ие бол­ды. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.