Шаруашылық • 14 Тамыз, 2024

Бабы келіскен балық шаруашылығы

105 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Балық өнімдерінің адам ағзасына пайдасы мол. Күнделікті тұтынатын тамақтар құрамында әдетте көмірсутегі көп болады. Ал балық өнімдерін жеу ағзада тепе-теңдікті қалыптастырады.

Бабы келіскен балық шаруашылығы

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Балық етінің тағамдық қуа­ты жоғары, сон­дық­тан оны диеталық тағам­дар рационының құрамына көп қосады. Адам ағзасына ба­лық­­тың белогі тез тарайды. Егер қара малдың етіндегі белок 5 сағатта тараса, балықтың белогі 2-3 сағатта ағзаның бойына түседі. Балық майының құрамында А және Д дәрумендері мол болады. А дәрумені бала бойының өсуіне, дамуына пайдалы, сол сияқты көздің жақсы көруіне жақсы әсер етеді. Д дәруменінің де сондай қасиеттері бар және ол сүйек жасу­шаларының бекуіне жақсы әсер етеді.

Мамандар балық майының құрамында омега-3 және омега-6 қышқылдары барын айтады. Ал бұлар ми клеткаларының қабыршықтарын дамытады, сонымен бірге қандағы зиянды холестериннің көбеюін тежейді. Балық етінің құрамында йодтың мол болғаны қалқан безінің жұ­мы­сын да ретке келтіреді. Тіпті ғалымдар балық етінің құра­мын­да А, И, Е, Д дәрумендері мол болғандықтан оның сапасын мал етінен жоғары қояды. Балық ма­йын апаларымыз да түрлі ем-дом үшін жиі қолданатын.

Дегенмен балық етін пайдалануда оның әбден пісірілгенін, жақсы қуырылғанын қадағалау керек. Өйткені балықтың бо­йын­дағы паразиттері тағам­ның құрамында өлмей қалса, ағзада түрлі аурудың тууына себеп­ші болады. Ветеринария ғылым­да­рының кандидаты, паразитолог Сәдібек Тоқпанов тұздап, кептірілген балықтың бойында да паразиттердің қалдығы көп болатынын айтады.

Балық өсіру, оның етін пайда­лану өңірлерде әртүрлі дең­гейде. Бұған балығы бар су ай­дын­­дарының молдығы да әсер етеді. Мысалы, Солтүстік Қазақ­стан облысындағы 589 көлде балық ауланады. Оның 315-і жеке адамдардың пайдалануы­на бекітілген, 274-і – резервте. Жуырда облыстың табиғи ресурс­тар және табиғатты қолдануды рет­теу басқармасының басты­ғы Бейбіт Исмановпен әңгіме­лескенімізде, ол балық шаруа­шы­лығын дамытудың өздері бел­гілеген жолдары туралы айтты.

«Біз балық шаруашылығымен айналысатын су айдындарының санын арттыру арқылы өңірдегі балық өндірісі саласының бәсе­кеге қабілеттілігін арттыруды көздейміз. Бекітілген су айдындарына түрлі балық уыл­ды­рығын жіберуді қолға алып жүрген пайдаланушыларға мем­лекеттік қолдау жасап отырмыз», дейді.

Көлді пайдаланушылардың бастамасын мемлекет тарапынан қолдау 2021 жылдан басталған екен. Содан бері ол балық көлемінің 147 пайызға дейін артуы­на қол жеткізген. Атап айт­қанда, 2021 жылы айдын­дар­да­ғы балық 577,3 тонна болса, қолдаудың арқасында ол 2023 жылы 1 428 тоннаға жеткен.

Айдындарға уылдырық жі­беру­мен қатар оның қорегін де қам­тамасыз ету ескеріледі. Оларды да арнайы дайындайтын су нысандары мен қоймалары бар. Қазір солтүстіктің су айдындарында жергілікті балықтың үстіне коммерциялық деп та­нылған тұқы, шортан, алабұға, ақ амур, форель, қарабалық өсі­ріліп жатыр.

Балық шаруашылығымен айналысатын жаңа су айдындарын анықтап, оларды алдын ала зерттеу үшін былтыр бюджеттен 16,2 млн теңге бөлінсе, биыл бұл шығын 19 млн теңгеге жеткізіліп, 62 су айдыны барланған. Зерттеу нәтижесінде тағы 40 балық шар­уа­­шылығын құру мүмкіндігі бар екені анықталып отыр.

Көлдерді пайдалануға алған­дар арасынан кейбір шаруалар су айдынынан балық аулаудан гөрі балық өсірумен айналысудың тиімді екенін айтып отыр. Өйткені асыл тұқымды балық өсіруге бөлі­нетін бюджет қаражаты 20 млн теңгеге дейін көтерілген. Осы қаражаттан субсидияланып, ақ балық тұқымдарының «ли­чин­калары» мен будандарын сатып алып өсірсе, болашақ табысы еселене түсетініне кейбір балықшылардың көзі жетіп отыр екен.

Сонымен бірге жыл са­йын инвестициялық салымдар ке­зін­де балық шаруашылығы субъек­тісі шығындарының бір бөлі­гін өтеу бойынша субсидия беріледі. 2022 жылдан бастап осы мақсаттарға шамамен 45 миллион теңге бөлінген. Балық шаруашылығының 2 субъектісі балықты сақтауға және бастапқы өңдеуге арналған жабдықтарды сатып алуға 3,5 миллион теңге көлемінде субсидия алған.

2025 жылғы қаңтардан бас­тап балық өнімдерін қайта өңдеу­ді субсидиялау және балық шаруа­шылығы субъектілеріне кредит беру кезінде сыйақы мөл­шер­ле­ме­лерін субсидиялау шараларын енгізу де жоспарланып отыр.

Біз Бейбіт Исмановтан балық шаруашылығын дамытудың қан­дай келешегі бар деп сұра­ға­нымызда, ол «Үкімет бекіткен балық шаруашылығын дамыту­дың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, 2030 жылға қарай тауарлы балық өсіру көлемін 10 мың тоннаға дейін ұлғайту мақсаты тұрғанын» айтты.

«Бұл көрсеткішке балық шар­уа­шылығы су айдындарының тіз­бе­сіне жаңа, болашағы бар көлдерді енгізу, балық шаруа­шы­лығы су айдындарын бекіту бойынша конкурстар өткізу, сондай-ақ су айдындарын кәсіп­шілік балық аулау нысанынан балық өсіру нысанына ауыс­тыру құралдары бойынша қол жет­кі­зіледі», дейді.

Айтуынша, облыста үш инвес­ти­циялық жоба жүзеге асырылып жатыр:

  • Қызылжар ауданында 2025 жылы «Север Монтаж Авто­матика» ЖШС тұйық сумен жаб­дық­тау қондырғыларында қуаты жылына 25 тоннаға дейін бекіре балық өсіру кешенін;
  • Мамлют ауданында 2025 жылға дейін «А.Н.Ухов» ЖК жылдық қуаты 50 тоннаға дейін балықты өңдеу және консервілеу шаруашылығын;
  • Мамлют ауданында 2026 жылға дейін қуаттылығы жылына 20 тоннаға жететін «Пет­ро­фо­рель БШ ҒӨО» ЖШС форель шаруашылығын салады.

 

Солтүстік Қазақстан облысы