Ыбырай Әтембекұлы 1880 жылы туған. Жас күнінен Амангелді, Кейкімен бірге жүріп, жақын дос болған. 1916 жылы Торғайдың игі жақсылары Әбдіғапарды – хан, Амангелдіні сардар етіп сайлағанда, ел ішінде батылдығымен, ержүректігімен көзге түскен Әтембектің Ыбырайын мыңбасыға ұсынған. Ол өз сарбаздарымен Күйік, Шошқалы, Доғал шайқастарында бес қаруы сай жазалаушы отряд әскеріне біресе тұтқиылдан, біресе қаша жүріп соққы беріп, оларды көп шығынға ұшыратқан. Әсіресе Әтембекұлы басқарған қол Торғай қаласына шабуыл жасағанда, ерен ерліктің үлгісін көрсеткен. Сондай-ақ ол 1918 жылы Орынборда өткен съезге Торғай уезінен делегат болып қатысқан. 1924 жылдан бастап, бірнеше жыл Батпаққара (Амангелді) аудандық милиция бөлімін басқарған. Одан кейін ұжымшарда басқарма, ферма меңгерушісі секілді қызмет атқарған. Ұзақ өмір сүріп, 1969 жылы 89 жасында дүние салған.
Ы.Әтембекұлы 1961 жылы Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорына өзінің 1916-1919 жылдары ұстаған жеке қаруы – найзасы бар мылтығын, ағаштан күйдіріп жасаған алмұрт тәрізді оқшантайын және былғары белдігін тапсырған. Қазір бұл жәдігерлер аталған музейдің құнды мұрасы саналады. Арқалықтағы Дала өлкесі тарихы музейінде тұрған мыңбасының кісе белдігі де – сондай бағалы дүниенің бірі.
Айтпақшы, аса көрнекті қылқалам шебері Әбілхан Қастеев Амангелді Имановтың портретін салу үшін Торғайға барғанда сардардың сыртқы бейнесін сипаттауға Ы.Әтембекұлының көмегі көп тиген. Бұл туралы суретшінің өзі: «Батырдың келбетін сомдауда маған оның бет-бейнесі, мінезі, болмысы туралы көтеріліс мыңбасылары Әлжан Қарабаев пен Ыбырай және оның бауыры Серікбай Әтембековтер жақсы айтып берді», деп жазған екен.