Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Аустралиялық инвестициялық сарапшы Джон Форвуд «Stockhead» журналына жазған мақаласында Қазақстанның уран сегментіндегі мемлекеттік саясаты «болжауға» бағынбай бара жатқанын жазыпты. Ал «The Deep Dive» басылымы Қазақстан уран өндіру салығын 2025 жылдан бастап 6%-дан 9%-ға дейін өсіретінін, бұл өзгерістер әлемдік нарыққа әсер етіп, уран бағасының өсуіне себеп болатынын болжайды.
«Шілдеде уран бағасы 1 фунт үшін 86 долларға дейін көтерілді, бұл – екі аптадағы ең жоғары көрсеткіш.
АҚШ 20 елмен бірге 2050 жылға қарай ядролық энергия өндірісін 3 есе ұлғайтпақшы. Әлемдегі 58 жаңа реактордың 22-сі Қытайда салынады. Жапония да реактор құрылысы жобаларын қайта бастады», деп жазады «The Deep Dive».
Сарапшылар Салық кодексіндегі бұл өзгерістерді құп көріп отыр. Уран салығын көтеру арқылы бюджетті толықтыру – батыл әрі қажетті қадам. Әлеуметтанушы және экономист Замир Қаражановтың айтуынша, уран өндіретін компанияларға салық мөлшерлемесін көтеру туралы ұсыныс біраздан бері айтылды.
«Мөлшерлемені көтеру – кейінгі онжылдықтағы ең батыл шешімдердің бірі. Жаңа салықтың көрсеткіші қазіргі деңгеймен шектеліп қалмайды. 2026 жылдан бастап уранға қатысты қатып қалған баға болмайды. Пайдалы қазбаларды өндіру салығы әрбір келісімшарт бойынша жылдық табыстың көлеміне қарап белгіленеді. Бұл мөлшерлеме әрбір нақты келісімшарт бойынша өндірілген уранның нақты көлеміне, сондай-ақ табиғи уран концентратының құнына байланысты болмақ. Егер жылына өндірілетін металл көлемі 500 тоннаға дейін болса, онда кәсіпорынға 4%-дық пайдалы қазбаларды өндіру салығы салынады. Жылдық өндіру деңгейі 1 000 тоннаға дейін болса – көрсеткіш 6%-ға дейін, 2000 тонна – 9%-ға дейін, 3000 тонна – 12%-ға дейін, 4000 тонна болса 15%-ға дейін өседі», дейді сарапшы.
Пайдалы қазбалар нарығындағы өзгеріске бастайтын кез келген шешім текетірес жағдайында қабылданатынын көріп жүрміз. Сарапшылар арасында уран салығына қатысты жаңалықтар бұл шешім сол сегментте жүргендердің инвестициялық саясатына кері әсер етеді деген пікір бар. Әзірге «уранға қатысты сұраныс өсіп тұрған кезде оны барынша тиімді бағада сатқан, салық табысына қарай есептелген дұрыс» деген бағытты қолдайтындар басым.
З.Қаражанов айтып өткендей, бізге соңғы нәтиже, Үкіметтің бұл өзгерістерді қалай басқаратыны және ықтимал теріс салдарды азайту үшін қандай қосымша шаралар қолданатыны маңызды. Олигархиялық топтардың қысымынан күш кеткен сайын бюджеттің кіріс бөлігіне дем беретін тетіктер пайда бола бастады.
«Табыс салығының өсуі үлкен өзгерістерге жол ашса дейміз. Енді темір, көмір, мыс, алтын құлағында отырғандарға барымен бөлісуді қаперге салатын кез келді. Уран секторында шетелдіктердің үлесі басым. Бірақ технологиялық жабдықталуы сол деңгейге сай емес. Дамыған елдердегі технологияны өз елімізде қолдануға мүмкіндік аз. Қазақ уранын игеріп отырған шетелдіктермен арадағы келісімшарттарды қайта қарап, технологиямен жабдықтау туралы қосымша баптарды енгізген дұрыс. Сол кезде уран экспорты айналасындағы статистикалық көрсеткіштер жүйеленеді», дейді сарапшы.
Ресейлік «Finam» сарапшылары сәуір айында 2024 жылы уранның 1 фунты 100 доллардан асады деп болжаған болатын. Демек ядролық шикізаттың қазіргі бағасын сұранысқа ыңғайланған нарықтық баға деп қабылдауға болады. Сарапшылар салық мөлшерлемесіндегі жаңа көрсеткіштің оң және теріс салдары болуы мүмкін екенін айтады. Жаңа баға бюджеттің кіріс бөлігіне дем бергенмен, уран өндіруге кері әсер етеді деген қауіп бар. Бірақ бұл қауіп уақытша. Уранға деген сұраныс бар кезде инвесторлар мұндай ұсақ-түйекке мән бермеуі де мүмкін.
Энергетика саласының сарапшысы, «Energy Monitor» қоғамдық қорының директоры Нұрлан Жұмағұлов жаңа салық мөлшерлемелері уран өндіру көлеміне айтарлықтай әсер етпейді деп есептейді.
«Қазір уран өндіру өте тиімді кәсіп. Оны жүргізетін компаниялар бюджетке көбірек ақша төлесе ғана әділ болады. Себебі уран компанияларының маржалары – 40-50%. 2017 жылы үстеме пайда салығы жойылып, уран бағасы көтерілген кезде уран өндіретін компаниялар жақсы пайда көрді. Сарапшылардың айтуынша, уран өндірісінің көлеміне әсер ететін факторлардың маңыздысы – «Қазатомөнеркәсіптің» технологиялық мүмкіндіктері. Компанияның уран өндіруде қолданылатын негізгі реагент болып саналатын күкірт қышқылына қатысты үлкен проблемалары бар екені көптен айтылып жүр. Күкірт қышқылы тас қыртыстарын еріту уранды қаржы жұмсап алуға мүмкіндік береді екен».
Сарапшы айтып өткендей, «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы 2023 жылы Түркістан облысында жұмыс істеп тұрған кеніштердің жанынан күкірт қышқылын өндіретін жаңа зауыт салу жоспарын жариялаған болатын. Бұл кәсіпорынның 49% акциясын ұлттық компанияның өзі алса, 26%-ы «Қазатомөнеркәсіп-СаУран» ЖШС-ға өтеді. Жаңа кәсіпорын жылына 800 мың тонна күкірт қышқылын өндірмек. «Қазатомөнеркәсіпке» уран өндіруді ұлғайту үшін жылына кемінде 3 млн тонна күкірт қышқылы қажет. Жетіспейтін реагенттер көлемі Ресейден, Өзбекстаннан және басқа елдерден сатып алынады.
Н.Жұмағұловтың айтуынша, 2025 – 2026 жылдардағы салықтың жаңа деңгейі маңызды емес. Уранға деген сұраныспен бірге баға да өсіп жатыр. Демек қазақ уранын игеріп отырған инвесторларға алмақтың да салмағы барын жеткізетін кез енді келді.
АЛМАТЫ