2023 жылдың қараша айында Әсел Сағидоллаева ХҚКО-ға барып, жеке куәлік беру жөнінде өтініш жазғысы келетінін айтады. Ал қызмет көрсету орталығының мамандары Әселдің көші-қон полициясынан Қазақстан Республикасының азаматы екенін растайтын анықтама алып келуін сұрайды. Рудный қалалық полициясына барған Әсел «Сіз Қазақстан Республикасының азаматы емессіз» деген жауап алады.
Әселдің анасы Жанат Кәрібаева 2008 жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша Қарағанды облысындағы Теміртау қаласына Өзбекстаннан қоныс аударған. Әкесі отбасылық жағдаймен Өзбекстанда қалады. Жанат оралман мәртебесіне құжат тапсырғанда, Теміртау қалалық көші-қон бөлімі бір жасар қызы Әселдің құжатын қабылдамайды. Әкесі келген соң, соның атына тіркеледі деген уәж айтады.
Алайда алты айдан кейін Жанаттың күйеуі Ғарифолла Сражов келіп, әйелі мен қызын Өзбекстанға көшіріп алып кетеді. Отбасы ол жақта төрт жыл тұрады. 2011 жылы Ақерке атты тағы бір қыз бала өмірге келеді.
2012 жылы Жанат Кәрібаева екі қызын алып, ата-анасы тұрып жатқан Қостанай облысы Рудный қаласына екінші рет қоныс аударады. Рудныйға келген соң қалалық көші-қон бөлімінің мамандары кезінде Теміртауда оралман мәртебесін алғаны, бірақ мемлекеттік жәрдемақы алмағаны туралы анықтама әкеліп тапсыруды талап етеді. Жанат бұл талаптың барлығын орындайды және қыздарын өзімен бірге тіркетіп, 2013 жылдың 11 ақпанында Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген түрде алады.
«Мен көші-қон полициясындағылар талап еткен құжаттың бәрін толтырып бергенмін. Сауалнама мәліметтеріне, одан өзге де құжаттарға екі қызымның аты-жөнін атап көрсеттім. Алайда Теміртаудағы көші-қон мамандары қыздарыма азаматтық беру жөнінде жеке өтініш беру керек екенін түсіндірген жоқ. Мен заңды толық білмеймін ғой, көші-қон қызметінің мамандары маған құқықтық тұрғыда ақыл-кеңес беру керек еді. Олардың міндеті ғой бұл. Енді Рудныйдың құзырлы орындары «сіз өзіңізге ғана өтінішхат бергенсіз, қыздарыңызды азаматтыққа қоспағансыз» деп отыр. Атамекенге осы қыздарымның келешегі үшін қоныс аудардым. Балаларымды бағып-қағып өсірдім. Кішкентайынан балабақшаға, мектепке барды. Рудный қаласындағы емханада тіркеуде тұр. Жеке сәйкестендіру нөмірі де бар. Мұны аз десеңіз, 2022 жылдың 13 сәуірінде мен ешқандай кедергісіз екі баламның да Өзбекстан берген туу туралы куәлігін Қазақстан куәлігіне ауыстырып алдым. Екі қызымның да есепшотына «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының алғашқы қаржысы түсті. Әсел еш кедергісіз облыстық, республикалық спорт жарыстарына қатысты. Сонда мұны қалай түсінуге болады? 2023 жылдың 10 қарашасында Рудный қалалық ПБ бастығының атына арыз жазып едім, қызым Әсел Сағидуллаева Қазақстан Республикасының азаматы емес деген жауап алдым», дейді Жанат.
Мұнымен келіспеген Жанат Қостанай облыстық полиция департаментінің басшысына арызданады. Одан қайыр болмаған соң, Ішкі істер министрлігіне шағымданады. Министрлік шағымды облыстық департаментке қайтарып жібереді.
Қандастарға құқықтық қолдау көрсететін «Құтты мекен» коммерциялық емес жекеменшік мекемесінің басшысы, заңгер Талғат Ахметовтің айтуынша, Ішкі істер министрлігінің шағымды облыстық департаментке қарасты қалалық басқарманың қарауына жіберуі орынсыз. Заңға сәйкес министрлік облыстың құзырына өтінішті ғана жібере алады, ал түскен шағым сол жерде қаралып, оның мән-жайы тексерілуі керек.
«Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңның 16-бабында «Қазақстан Республикасының аумағында заңды негізде кемінде бес жыл тұрақты тұратын не Қазақстан Республикасының азаматтарымен кемінде үш жыл некеде тұратын адамдар қабылданады» деп тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Сондай-ақ аталған заңның Қазақстан Республикасының азаматтығына жеңілдетілген тәртіппен қабылдау шарттары көрсетілген 16-1 бабында: «Жеңiлдетiлген тәртiппен Қазақстан Республикасының азаматтығына тұру мерзіміне қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағында заңды негіздерде тұрақты тұратын қандастар қабылдануы мүмкін» деген тармақ бар. Бұл аз десеңіз, осы заңның 23-бабында «Егер ата-анасының біреуі Қазақстан Республикасы азаматтығынан шығып, ал екіншісі Қазақстан Республикасының азаматы болып қала берсе, 14 жасқа дейінгі бала Қазақстан Республикасының азаматтығын сақтап қалады» деп көрсетілген. Осының бәрі Әселдің азаматтық алуға толық құқы бар екенін меңзеп тұр», дейді заңгер.
Жанат Кәрібаева сотқа да жүгініп көрген екен, бірақ одан да тауы шағылған. Құзырлы органдар сілтеген бір ғана жол бар. Ол – Өзбекстан елшілігіне барып, Әселдің Өзбекстан азаматы екені туралы анықтама алу.
«Осыдан бір ай бұрын Астанаға Өзбекстан елшілігіне барып, 50 мыңдай мемлекеттік алым төлеп, балам Өзбекстан азаматы ма, жоқ па деген мәселе бойынша сұраухат жазып келдім. Қазір соның жауабын күтіп отырмын. Қолымнан басқа ештеңе келмейді. Елшілік қандай жауап қайтаратынын білмей алаңдап отырмын. Бәрінен бұрын балама қиын болды. Былтыр 9-сыныпты қызыл аттестатқа бітіріп, «Алтын белгіден» үміткер болып отыр. Келесі жылы 11-сыныпты аяқтап, жоғары оқу орнына түскісі келеді. Азаматтық ала алмаса, осының бәрі жайына қалып, баламның болашағына балта шабылайын деп тұр. Теміртауға барғанымызда Әсел бір жаста еді. Мемлекеттік қызмет саласында реформа әлі жүрмеген кез. Ол уақытта көші-қон бөліміне кірудің өзі мұң болатын. Мамандар бізге кеңес бермек түгілі, дұрыстап сөйлеспейтін. Сол кезде кеткен қателік бұл. Мен Рудныйға келген соң, екі баламды өзіммен бірге тіркетіп, осымен іс бітті деп ойлап, жайбарақат жүре бергенмін», дейді Жанат.
Елшілік анықтама бермесе, Әселдің өкшесін басып келе жатқан сіңлісі Ақеркені де осындай жағдай күтіп тұр. Жарайды, құзырлы орындардың талабы дұрыс, екі қыздың анасы құқықтық сауаты жоқ адам, кезінде өрескел қателік жіберді делік. Бірақ қаршадай екі қыз Өзбекстанның емес, өзіміздің баламыз ғой. Өз баламызды өзекке тепкенде не ұтамыз? Адамның тағдырын құрғақ заңға тіреп қоюға бола ма? Ересектер жіберген қателіктің ауыртпалығын артқан қаршадай баланың жазығы не?
Қостанай облысы,
Рудный қаласы