Суретті түсірген – Құштар Рашат
Бүгінгі жас – ертеңгі отбасының отағасы, ал отбасы Отанымыздың іргетасы екені белгілі. Осындай құндылықты көздеген іс-шара Астана қаласынан бастау алып, Бурабай ұлттық паркінде жалғасты.
Балаларға ұлттық құндылықтар мен тәлім-тәрбиені тереңнен сіңіру мақсатында тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев, археология және этнология магистрі Тұрар Шәкен, педагог-сарапшы, психолог-консультант Жұлдыз Жаңабергенова, ұлттық құндылықтарды дәріптеуші Үсібәлді Сағаділдә сынды тұлғалар дәріс оқыды. Іс-шара екі күнге созылды. Аталған курс барысында «Қабанбай», «Қобыланды», «Алпамыс» атты үш топқа бөлінген 60-қа жуық бала «Қазақ тарихы мен дәстүрлері», «Мақал мәтелдердегі ұлттық тәрбие», «Жігіттің үш жұрты» сынды теориялық және практикалық сабақтарға қатысты.
Теориялық сабақтардан соң, жасөспірімдерге қолға су құю, мал сою, жіліктеу, табақ тарту, самаурын қайнату, атқа міну, садақ ату сынды практикалық дәстүрлі дағдыларға сай сабақтар өткізілді. Мұндай әсерлі әрекеттерден кейін балаларға киіз үйдің ішіне кинотеатр құрылып, рухани тәрбиелік маңызы бар фильмдер көрсетілді.
Теория мен тәжірибені ұштастырған шараны қорытындылай келгенде, курсқа қатысқан балалар мен ата-аналар ризашылығын білдіріп, «Кемел жігіт – күйеу бала» атты ұлттық зияткерлік курсы жалғасын табуын өтінді.
Аталған шарада әрбір бала рухани азыққа кенеліп, ұлтқа, туған жерге, мәдениетіміз бен әдебиетімізге, тағылымды тарихымызға деген құрметін арттырғанына сеніміміз мол.