Аймақтар • 16 Тамыз, 2024

291 млн теңгені қайтаруы керек: Ақтөбеде тұрғындарды алдаған әйел сотталды

93 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтөбе қаласының №2 сотында аса ірі көлемдегі алаяқтық жасағаны үшін айыпталған азаматша О.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағына сәйкес, ол 17 жәбірленушінің 314 миллион теңгеден астам қаражатын заңсыз иемденген деп танылды, деп хабарлайды Egemen.kz облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

291 млн теңгені қайтаруы керек: Ақтөбеде тұрғындарды алдаған әйел сотталды

Соттың анықтауы бойынша, айыпталушы О. танысы арқылы пәтерлердің нарықтық бағадан төмен сатылып жатқандығы туралы ақпарат таратқан. Ол жәбірленушілерге пәтерлерге тыйым салуды алып тастау туралы жалған сот шешімдерін, заңды күші жоқ құжаттарды, кепілдік хаттар мен сатып-алу-сату шарттарын көрсеткен.

Сотта О. өз кінәсін толық мойындап, жәбірленушілерге келтірілген залалды өтеуге уәде беріп, бас бостандығынан айырмауды сұрады. Жәбірленушілер де сотталушыға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындамауды өтінді.

«Сотталушының 4 жас баласы бар екенін және өкінуін ескере отырып, сот оған 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, жәбірленушілердің жалпы сомасы 291 миллион теңгені құрайтын азаматтық талабы қанағаттандырылды. Залалды өтеу үшін сотталған азаматшаға тиесілі автокөлік, жер учаскесі және банктік есеп шоттары тәркіленді», - делінген хабарламада.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.