Құқық • 16 Тамыз, 2024

Келісімшартсыз жұмыстың кемшін тұсы

150 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Еңбек етуден түсетін табыс күнкөріс көзі болуымен қатар, адамның әлеуметтік өмірінің әрбір қатпарын қамтиды. Сондықтан жұмыскердің құқықтары мен мүдделеріне қандай да бір кепілдіктерді белгілеу өте маңызды. Бұл тұста әлеуметтік саланың бұлжымас бөлігі саналатын еңбек қатынастары көбіне күрделі, көпжоспарлы болып келетіні мәлім.

Келісімшартсыз жұмыстың кемшін тұсы

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Біршама кемшін тұстарына қарамастан, еңбек шарты өз функциясын, міндетін орындайтын, еңбек тәртібі ережелеріне бағынып, келісілген тұрақты айлық жалақы алатын орташа қызметкерге белгілі бір ке­піл­дік береді. Жұмыс беруші тиісті қорлар мен ұйымдарға салықтық, әлеуметтік және ме­дициналық аударымдар жа­сауға тиіс. Қолданыстағы ең­бек заңнамасымен қызметкер­ге түрлі жеңілдік, өтемақы қарастырылса, келісімшартсыз оның мойнында тек міндет­темелер қалады.

Кейбір жұмыс берушілердің жұмыс ерекшелігін сылтауратып, еңбек шартын жасасудан бас тартатыны, сол секілді мерзімсіз шарт жасауды көп­сініп, бір жыл немесе одан да аз уақытпен шектелетіні еш абырой әпермесі анық. Өкі­нішке қарай, жұмысшы өз құ­қық­тарына жүрдім-бардым қарайтын, ал жұмыс беруші өзіне жауапкершілік артуға асық­пайтын жайттар аз емес.

Оны елімізде 1,2 млн адам­ның бей­ресми немесе тұ­рақсыз жағдайда жұ­мыс істеп жатқанынан аңғаруға болады. Олардың барлығы ке­лісім­шартсыз жұмыс істей­ді және жалпы еңбек заң­нама­сымен нашар қорғалған. Негі­зінен табысы аз, өнімділігі төмен бейресми секторда нан тауып жүргендердің 40%-ы зауыт­тар мен фабрикаларға, 37%-ы шеберханаларға және 36%-ы жеке қосалқы шаруа­шылықтарға шоғыр­ланған.

ыв

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Сондай-ақ олардың аздаған үлесі құрылыс алаңдарында, ашық базар­ларда, жекеменшік автокөлік құрал­дарында байқалады. Осы санат­­тағылардың басым бөлігі ауыл, орман және балық шаруашы­лы­ғы, сауда, авто­жөндеу саласында тірлік етіп жүр.

Еңбек кодексінде көзделген еңбек шарты бойынша немесе онсыз еңбек қаты­настары шынында күрделі. Мы­салы, ұйым ұсына алатын аза­мат­тық-құқықтық ке­лісім­шарт еңбек заңна­ма­сында көзделген барлық кепіл­дік­ті қамтамасыз ете алмайды. Көп жағ­дай­да бұл шарт бойынша жұмыс құрал­да­рын (компьютер, принтер, арнайы бағдарламалар) сатып алу шы­ғынын тапсырушының орындаушыға жүктейтіні де қызық. Сондай-ақ жалақы тек жұмыс нормасын пысықтау фактісі бойынша төленетін еңбек шартынан айырмашылығы, аза­маттық-құқықтық қатынаста әр жолы орындалған жұмыс актісі рәсімделеді. Қатынастың қай түрі қолайлы екені нақты жағдайға байланысты. Мәселен, жұмысты кез келген уақытта орындау мүмкіндігі сияқты артықшылыққа ие азаматтық-құқықтық шартпен бір мекемеге күзетші болып орналасу қисынға келмейтіні айқын.

Еңбек шарты ай сайынғы кіріс кепілі ретінде, әсіресе асырауында еңбекке жарамсыз отба­сы мүшелері бар азаматтарға – мүгедектігі бар, денсаулығы шектеулі адамдарға, қарттарға, жүкті әйелдерге, құқықтар мен кепілдіктерді сақтау, өн­ді­рістік жарақаттанудың және ден­сау­­лыққа зиян келтірудің алдын алу мақсатында алғаш рет жұ­мыс­қа орна­ла­­сатындарға, оқу орындарының түлек­теріне қажет. Қоғамның осындай түйт­кіл­дері келісімшарт жасасуға ниет те, құлық та танытпайтын тұлғаларды тол­ғандырып жатпасы белгілі. Өмірлік тәжірибені сарапқа салсақ, бұл са­нат­қа криминалдық полиция мен про­­­куратураның назарына сұранып тұрған ашық қылмыстық кәсіп иелерін жат­қызуға болады. Сол секілді қарау­сыз қалған шахталар мен кеніш­тер­де, тау өзен­дерінің арнасында алтын өндіруге мемлекеттік монополияны бұзатын алтын қазғыштар белең алды. Иен далада археологиялық ескерткіштерді қиратып, ежелгі зергерлік бұ­йым­дарды іздеу және оларды кейін­нен елден әкету не сату үшін заңсыз қазба жұмыстарын жүргізетін көлеңкелі кәсіп жанданды. Сондай-ақ кеңестік кезеңнен қалған өлшеу құралдарының радио­бөлшектерінен бағалы метал­дардың заңсыз аффинажын қылмыссыздандыру бір­не­ше он­жылдық бойы мемлекет емес, ұйым­дасқан топтардың тұрғындардан құра­­мында қымбат металдар бар радио­­ком­по­нент­тер­ді сатып алуына әкелді.

Едәуір табыс тауып, салықтан жалтаратындар тізімін заңсыз жеке жүк тасумен, жылжымайтын мүлікті тіркеумен, салу және жөндеу қызметтерін көрсетумен, тіркеусіз, үй жағдайында космети­ка­лық және медициналық қыз­­метпен, сәуегейлікпен, өз бетінше қоғамдық су айдын­да­ры­ның акватория­сы мен жағалауын басып алумен және азаматтар үшін заңсыз ақылы балық аулауды, демалысты ұйымдастырумен айналысатын адамдар «толықтырады». Олардың іс-әрекетінің себебі көбіне жасырын жұмыссыздық екенін де мойындау қажет. Сол секілді блогерлер мен басқа да жаңа мамандардың қызметі еңбек заңнамасымен толық реттелмеген. Елдегі көп кәсіпкер мен олардың балалары кем дегенде 2-3 жыл бойы Instagram, YouTube хостингтерінде авторлық бейне-роликтерді орналастырғаны үшін шетелдік көздерден қомақ­ты қаражат алатын күмәнді дәстүр қалыптасты. Кейбір мәлі­мет­тер бойынша  Біліктілік анық­та­ма­лы­ғына бірнеше ондаған жаңа мамандықты енгізу жоспарланып отыр. Демек осы уақытқа дейін шетелден тауар сатып алып, өзімізде қайта өткізу арқылы пайда көретін интернеттегі сатушылардың қыз­меті де бір жүйеге келіп қалар.

Заңды сыйласа да еңбек шарты шеңберінен тыс жұмыс істеуге мәжбүр тұлғалар – шығар­машылық қыз­метпен айналысатын азаматтар (жазу­шылар, ақындар, суретшілер, мүсіншілер). Ұлттың ар-ұжданы саналатын шығармашыл топтардың қыз­метін реттеуге қай кезеңде де тал­пыныс жасалған. Бірақ сурет­ші шы­ғар­машылығының ерек­шеліктерін ескеретін жұмыс беруші ұйымның еңбек режімі мен ішкі тәртіп ережелерін ойлап табу мүмкін болмады. Мыса­лы, сурет­шінің еңбегі еркін ойға, ұшқыр қиялға негізделіп, шабыттың шарықтауымен, нұс­қаларды, эскиздерді талай мәрте іздеумен, көптеген сынақ, қателіктерді еңсерумен сипат­талады. Сол секілді ақын-жазу­шылар көбіне кеш бата, ел аяғы саябырсығанда қалам ұстап, күн­діз демалуға дағдыланған. Осылайша, шығармашылық иелерінің тұрмысы еңбек шарты аясынан шығып, табиғи түрде сұрыпталатынын өмірдің өзі дәлелдеп отыр.

Қазіргі уақытта елімізде компью­­тер бағдарламашылары, цифр­лық бағдар­ламалық басқару (ЦББ) станоктарын реттеушілер тапшы. Ат төбеліндей топ көбіне еңбек шарттарын қажет етпейді және жоғары жалақымен толық қамтамасыз етілген. Заман үдерісі әуесқой дарынды электроншының еңбегін де кең танымал етті. Кез келген дайын электронды құ­рыл­ғы­ны жасау үшін радиокомпоненттер орнатылып, дәнекерленетін жоғары сапалы мөрлік тақша (PCB – printed circuit board) қажет. Ең қиыны – мыс байланыстырушы өткізгіштер ізінің сызбасын жасап, гербер сым файлдары мен тесік бұрғылау файлын алу. Мұндай жұмысты бірнеше танымал шартты-ақысыз компьютерлік бағдарламаларда мөрлік тақша сымдарының мамандары немесе құрылғы авторлары өз бетінше орындайды. PCB жасауға арналған файлдар пакеті негізінде Қытай, Тайвань, тағы басқа елдердің ондаған кәсіпорны ақылы қыз­меттерін ұсынады. Мұндай төлемдерді зауыт-өндіруші кез келген адамға қолайлы бағамен белгілейді. Танымал PCB авто­рына зауыт жаппай тапсырыс беру­шілердің төлемдерінің бел­гі­ленген пайызын төлейді. Әуес­қой электрониканың бұл қыз­меті мүлдем жаңа және еңбек заңнамасымен рет­телмейді.

Сонымен, біз еңбек қаты­нас­та­рын және онымен байланысты жұмыскерлер мен тұлғалардың әртүрлі санатын реттеудегі ағым­дағы жағдай мен жаңа үрдістерге тоқталдық. Бұдан жаса­латын тұ­жырым – еңбек шарты қа­ты­настардың мәніне, еңбек заңна­ма­сын­дағы олқылықтарға және кейбір адам­дардың қалауына байланысты әр­дайым қолданыла бермейді. Ал ке­лісім­шарт жасау­дан қашатын көпшілік құқық бұзушылықпен бетпе-бет келетіні бесенеден белгілі.