Фото: bluescreen.kz
Мұнда әдептілік, адалдық, жауапкершілік, сенім, толеранттылық, парасатты бәсекелестік, стартаптар қызметіне инвесторлардың араласпауы, стартап мүдделерін қорғау, заңдылық, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік және қоғамдық тарап басымдығы сияқты қағидаттар баяндалған.
– Венчурлық кодексті құру идеясы ойымызда әуелден болды. Америка нарығында стартаптардың инвесторлар мен жұртшылықты адастырған жағдайлар орын алған еді. Осылайша, бүкіл венчурлық нарықтың беделіне нұқсан келді. Елімізде мұндай жағдайдың алдын алу мақсатында осы кодексті құруды ұйғардық. Ол – ерікті, тәртіп санкциялары және заңды күші жоқ. Бірақ мұндағы адалдық, әдептілік, ашықтық және толеранттылық нормаларын сақтауға қол қойып, жария міндеттеме алу айтарлықтай серпін береді, – деді Activat VC бас директоры Марат Төлібаев.
Аталған Әдеп кодексіне индустрия өкілдері салтанатты түрде қол қойды. Олардың қатарында: «Astana Hub», «BGlobal VC», «MOST Ventures», «MyVentures», «Tumar Venture Fund», «Activat VC», «BigSky Capital», «BYB Capital», «InDrive NewVentures», сондай-ақ «EasyTap», «ApartX», «Garderob», «Porte», «Smartestprep», «GoDays», «Billz» стартаптары және басқалары бар.
– Кодекс елімізде этикалық және ашық венчур нарығын құру жолындағы маңызды қадам болмақ. Осы нормаларды сақтап, IT-кәсіпкерлікті дамыту және жаңа инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдайлар жасай аламыз. Нарықтың барлық қатысушысы кодекске қол қойып, оның қағидаттарын ұстанады деп үміттенеміз, – деді «Astana Hub» басқарушы директоры Таңат Өскембаев.
Қол қоюшылар пікірінше, Әдеп кодексінің нормаларын ұстану Қазақстан венчурлық нарығында өзара сенім, ізгі ниет пен ынтымақтастықты қалыптастыруға ықпал етеді. Осылайша, индустрияға да, оның жекелеген қатысушыларына да теріс әсер етуі мүмкін жағдайлардың алдын алуға сүбелі үлес қосады.