Шымкент • 16 Тамыз, 2024

Білімді ұрпақ әрқашан алға озады

180 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жуырда Шымкенттің орталық мешітінде «Мектепке жол-2024» қайырымдылық іс-шарасы өтіп, оған Қазақстан мұсылмандары діни басқар­масының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысты. Сондай-ақ осы акцияда қалалық дін істері басқармасының басшысы Бахтияр Өнербаев пен шаһардың бас имамы Бақдаулет Нұрматұлы сөз сөйледі. Қонақтар білім-ғылымның мәртебесі, артықшылығы туралы қозғап, оқушыларды сабағын жақсы оқуға шақырды.

Білімді ұрпақ әрқашан алға озады

Қазақ бекерге «білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деп айтпаған. Бүгінгі заман – ақылмен, ғылыммен жарысатын заман. Асыл дінімізде де білім туралы көп насихат айтылады. «Ілім іздену – әрбір мұсылмен ер мен мұсылман әйелге парыз» деген хадис бар. Сондай-ақ қасиетті Құран Кәрімде бірінші түскен аят «Оқы!» деп басталады. Ендеше ілім-білімнің мұсылмандар өмірінде алатын орны ерекше болуға тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқеав халыққа арнаған Жолдауында еліміз барлық сала бойынша алға қарай даму керектігін айтады. Тіпті маңызды стратегиялық жоспарларды іске асыру бағытында Үкіметке, жергілікті атқарушы органдарға тиісті тапсырмалар жүктейді. Ал осынау игіліктерге қол жеткізудің бір-ақ амалы бар. Ол – ілім іздену. Зердесіне ілім тоқыған адам нағыз маман. Сол білікті мамандар елімізді жарқын болашаққа бастайды. Бүгінде маман тапшылығы туралы жиі сөз қозғалады. Бұл мәселені шешудің ең оңтайлы жолы азаматтардың елге керекті мамандықты оқып, жаңа кәсіпті меңгеруі. Ал оның оқу-тоқусыз келмейтіні тағы ақиқат. Қазір  елімізде білімге өте қатты көңіл бөлініп отыр. Орта білім алу – бүгінде әрбір ел азаматына парыз. Осының өзі сауатсыздықпен күресте үлкен еңбек болып саналады. Одан бөлек, ешбір бала білім алуда ешқандай таршылық көрмеуге тиіс. Елімізде бір­неше жыл қатарынан «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы ұдайы ұйым­дастырылып келеді. Соның аясында бо­лашақ жастардың тағдырына бейжай қа­рамайтын қаншама патриот, қайы­рымды жандар өз қалталарынан қаржы шы­ғарып, балалардың мектепке керек-жа­рағын сатып әперуге атсалысып жүр. Ертең мектеп бітірген сол өрімдей жас­тар ел тізгінін ұстап, халқына үлкен пай­дасын тигізген нағыз ер азамат болып өсіп шығарына сенім мол деген тілек­терін арнады ұйымдастырушы тарап. 

апр

Шымкент қаласы бас имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміровтің айтуынша, жалпы, қала мешіттері мен  «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйытқы болуымен 1000 оқушыға мектеп сөмкелері мен дәптер, қалам, сызғыш, циркуль, бояу, түрлі-түсті қалам, журнал, сурет дәптер, қалам ұштағыш, желім тағы басқа осы секілді кеңселік құрал-жабдықтар үлестірілді. Игілікті іс-шара тамыз айының соңына дейін мегаполистің Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау, Тұран аудандық мешіттерінде жалғасады.

Қалалық білім басқармасының де­ре­гінше, Шымкентте  «Мектепке жол» ак­циясы жыл сайын бі­рінші тамыз­дан бастап,  жалғасын тауып­ келеді. Қайырымдылық акциясының ­мақ­­саты – аз қамтылған, көпбалалы, тұр­мысы  төмен отбасылардан шыққан, жетім ба­ла­лар мен ата-анасының қам­қорлы­ғынсыз қалған жеткіншектерге әлеуметтік тұрғыдан көмек көрсету.

ва

Өз кезегінде білім басқармасы таратқан мәліметке сәйкес акция аясындағы көмек  төмендегі санатқа кіретін отбасы балаларына беріледі. Атап айтқанда:  мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға  (11 390), мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, бірақ жан басына шаққандағы табысы күнкөріс деңгейінің шамасы­нан төмен отбасы  балаларына (39 841), отбасыларда тұратын жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығын­сыз қалғандарға (399), төтенше жағдайлар­дың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін оқушыларға, сондай-ақ білім ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілерге  (4 553) көмек қарастырылған.  Білім беру ұйымының алқалы басқару органы саналатын қамқоршылық кеңес  қаржылай және материалдық көмек көрсетуге бөлінетін қаражатты қалыптастыру, жұмсау мен есепке алу тәртібін айқындайды.

«Мектепте жол» қайырымдылық акциясы аясында биыл жаңа оқу жылына дейін 56 183 балаға көмек көрсетіледі. Бұл мақсатқа орай жоспарланған қаржы көлемі 2 400,9 млн теңгені құрайды. Әр балаға 43 500 теңгеден үлестіру қарастырылған. Соңғы дерек бойынша 10 тамызға дейін 30 мыңға жуық балаға қаржы аударылды. Ал 20 тамызға қарай барлық қаржы игеріледі. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз жиынында Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева осылай деп баяндады.

Өзге де дерекке назар аударсақ, қалада 275 мектеп бар. Соңғы оқу жылында онда  259 173 бала оқыды. Егер жіліктеп айтар болсақ, шаһардағы 150 мемлекеттік мектепте  206 286 оқушы білім алды.  Ал 125 жекеменшік мектепте, соңғы дерек бойынша 52 887 оқушы оқыды. Сонымен бірге мегаполисте 2025 жылға қарай  28 000 орындық 18 жаңа мектеп салу жоспарланған (2000 орындық – 8 мектеп, 1500 орындық –  2 мектеп, 1200 орындық – 7 мектеп, 600 орындық – 1 мектеп).

пр

Инфографикаларды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Былтыр  шаһарда 12 мектептің құ­­рылысы басталып, олар биыл пай­да­­лануға беріледі.  Тағы 6 мектептің ірге­­тасы қаланады. Осы жылы оқушы­лар қа­былдайтын «Жайлы мектептер»  Шым­кент қаласы әкімдігінің маусым айындағы № 2802 қаулысы негізінде заңды мекеме ретінде Әділет органдарында тіркеліп, кадр резервіндегі 9 кандидат шілдеден бастап директор лауазымына тағайындалды.

Ал енді «Жайлы мектептің» ерек­шеліктеріне тоқталатын болсақ, оқу жабдықтары мен жиһаздардың толық жиынтығы қамтамасыз етілген. Оған бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар, трансформер-мобильді парталар, әртүрлі тақырыпқа икемделуге мүмкіндігі бар әмбебап мәжіліс залы, балаларға арналған жеке шкафтар, оқу-зертханалық құрылғылар, ауыз­су бұрқақтары, WI-FI-мен қамтылған жоғары жылдамдықты интернет жатады.

Компьютермен жабдықталған физика, химия, биология, интеллект, роботтехника кабинеттері, STEM-зертханалар, мектеп кеңістігінің заманауи эстетикалық тартымды сыртқы, ішкі көрінісі, оқу және бос уақытты тиімді өткізу аймақтары, мәселен, кітап қоймасы мен оқу залы, кітапхана, электронды кітапхана, әр қабаттағы коворкинг бөлмелері, бұдан бөлек әмбебап шеберханалар мен студиялар, бастауыш кәсіптік білім беруге арналған кабинеттер – тігінші, аспазшы, IT, ұста және тағы басқа бөлмелер, міне осының барлығы жаңа үлгіде салынған «Жайлы мектептің» артықшылығы мен ерекшелігі.

Қорыта айтқанда, Шымкентте жылдан-жылға демографиялық өсім ұлғайып келеді. Соның нәтижесінде оқушылар саны да арта түсті. Ол өз кезегінде қосымша білім ошақтарының  салынуын талап ететіні түсінікті. Сондықтан да Шымкентте жаңа білім ұяларының бой көтеруі әлеуметтік тұрғыдан өте маңызды. Мектеп қай кезде де білім мен тәрбиенің қайнар бұлағы. Ендігі жерде «Жайлы мектепте» білім алған оқушылардың білім деңгейі мен жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесі жаңа сатыға көтеріледі деген зор сенімдеміз. Оған жаңа үлгідегі білім ошақтарының заманауи жабдықталуына қарап көз жеткізуге болады. Иә, материалдық-техникалық база жаңарып, жақсара түсуде, соған қарай ұстаздардың да біліктілігі сай келсе деген үмітіміз бар.

 

ШЫМКЕНТ