Экология • 17 Тамыз, 2024

Табиғатты бүлдіру тыйылмай тұр

304 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде ауасы ластанған бірнеше өңір бар. Соның бірі – Атырау облысы. Табиғат жанашырлары да, сала мамандары да мұны мұнай-газ өндіріп жатқан кәсіпорындардың қоршаған ортаға жанашырлық танытпауымен байланыстырады.

Табиғатты бүлдіру тыйылмай тұр

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Экология және табиғи ресурс­тар министрінің орынбасары Мансұр Ошурбаев мәліметінше, Атырауда ауаны ластайтын қал­дықтар 4 компанияға тиесілі бо­лып отыр. Қазір облыста тыны­сың­­ды кеңітер жұпар ауаны лас­­тай­­тын шығарындылардың жал­­пы көлемі 108 мың тонна­ны құ­райды. Бұл мұнайлы өңір эколо­гиясының қолайсыз бо­луының бірден-бір себебіне айналған.

«Қалдықтардың 85 пайызы кә­сіпорындардың үлесіне тиеді. Негізгі үлесті мұнай-газ секторындағы «Теңіз­шевройл», «NCOC», Атырау мұнай өңдеу зауыты секілді компаниялар мен «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ құрап отыр. Қазір аталған кәсіп­орындар шығаратын зиянды қалдықтарды бақылау мақса­тында мониторинг жүргізу­дің автоматтандырылған жүйесін енгізу жұмысы жүргізіліп жатыр. Осы кезге дейін Атырау мұнай өң­деу зауыты мен Атырау жылу-электр орталығы аталған жүйені енгізді. Ал «NCOC N.V.» филиалы, «Теңізшевройл» және «KPI» ЖШС осындай жүйені енгізуді қолға алды. Бұл компаниялардың дерегі министрлікке беріледі», дейді М.Ошурбаев.

Министр орынбасарының айтуына қарағанда, Атырау қала­сында жиі байқалатын күкірт­ті сутектің негізгі көзі анықтал­ған. Бұл – кәріздік тазарту қон­дырғылары. Сондай-ақ «Тухлая балка» мен «Квадрат» булану алаңы болып отыр.

«Атырау облысындағы атмос­фералық ауаның жай-күйін жақ­сарту мақсатында Жол картасы бекітілді. Оған 45 іс-шара енгізілді. Бұл – өңірдегі экологиялық проб­лемаларды кешенді шешуге ба­ғытталған іс-шара. Аталған жол картасы аясында «Тухлая балка» мен «Квадрат» булану алаң­­дарын қалпына келтіру жүр­гі­зі­ліп жатыр. Атырау қала­сы­ның сол жа­ғалауында кәріз­дік тазарту қон­дырғысының құры­лысы аяқталды. Қаланың аума­ғында атмосфералық ауаға тарай­тын шығарындылардың бар­лық көзіне түгендеу жұмысы жүргізілді», деді министрдің орынбасары.

Оның айтуынша, аймақтағы қоршаған ортаның тазалығына кері әсерін тигізетін тағы бір елеулі мәселе бар. Бұл – рұқсат етілмеген қоқыс орындары.

«Былтыр рұқсатсыз қоқыс төгілген 100 орын анықталды. Сондай орындардың 95 пайызы жойылды. Полигондарды жоюды нашар жүргізген әр деңгейдегі 30 әкім әкімшілік жауапқа тартылды. Әкімдерге жалпы сомасы 882,4 мың теңге айыппұл салынды», деді М.Ошурбаев.

Атырауда табиғатты бүлді­ретін түрлі саладағы серіктес­тіктер де бар. Мәселен, жергі­лікті тұрғынның бірі 22 мамырда облыстық экология депар­таментіне шағым түсіріпті. Оның шағымында 6 және 19 мамырда жағымсыз иістің шыққаны айтылған.

«Біздің департаментке жүгін­ген жергілікті азамат А.Қ. Атырау қаласындағы «Самал» шағын ауда­ны мен Сарыөзек аулында жағымсыз иістің байқалғанына шағымданды. Жағымсыз иіс Ар­найы халыққа қызмет көр­сету орталығының маңында орналасқан «Атаким» ЖШС-ның медициналық қалдықтарды жою пешінен шыққа­ны анықталды. Осыған орай депар­тамент мамандары аталған серік­тестіктің қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру кезін­де экологиялық заңдылықты бұзу­шы­лықтар анықталды. Соған байланыс­ты серіктестікке әкімшілік құ­қық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 923 мың теңге әкімші­лік айыппұл салынды», деп хабар­лады депар­таменттің баспасөз қызметі.

Экологтер Атырау облыс­тық мамандандырылған эконо­микалық ауданаралық сотына «Атаким» ЖШС-ның қызметін тоқтата тұру туралы талап-арыз жолдады.

Ал Атырау облыстық про­кура­турасының мәліметінше, табиғатты қорғау саласының басым бағыты – қауіпті қалдықтар айналымына тұрақты қадағалау жүргізу. Мәселен, «Каспий нефть» АҚ-ның 2021-2022 жылдары бұрғылау және кен орнын пайдалану кезінде 4 500 тоннадан аса қауіпті қалдықтарға жинақталу лимитін алмағаны анық­­талды. Осыған байланысты про­ку­рордың ұсынысы Атырау облыс­тық сотының сот алқасында қарал­ды. Сот алқасының 2 шілдедегі қаулысымен «Каспий нефть» АҚ Әкім­шілік құқық бұзушылық тура­лы кодексінің 328-бабымен әкім­шілік жауапкершілікке тартылды. Компанияға 13 млрд 684 млн 868  730 теңге айыппұл салынды.

Осы орайда прокуратура қыз­меткерлері қағидатты ұстан­ы­мынан айныған жоқ. Соның нәти­жесінде әкімшілік айыппұл бюд­жетке өндірілді. Айыппұл қар­жысы толығымен Ұлттық қордың есепшотына аударылды.

 

Атырау облысы