Мәселе • Бүгін, 00:04

Саралақаз неден қырылды?

16 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Баянауылдағы Шалқар көлінде 150 дала құсы белгісіз жағдайда қырылып қалған. Өлген құстардың барлығы – саралақаз (қызыл үйрек). Ветеринарлар құстардың қырылуына әлдебір улы өсімдіктер себеп болуы мүмкін деген болжам жасап отыр.

Саралақаз неден қырылды?

Баянауылдың Күркелі ауыл­дық округі аумағындағы Шал­қар көлінде үйрек тұқымдас құс – саралақаздың жаппай қырылуы тіркелді. Жергілікті азаматтар түсірген бейнежазбадан байқағанымыздай, қауырсын қанаттылар көлді айнала жаппай жусап жатыр.

Шалқар көлі облыс орталы­ғынан 300 шақырымдай жерде орналасқан. Аталған мәселе бойынша өңірлік ветеринарлық басқармасының мамандары оқи­ға орнына жедел барып, көл ма­ңайында өліп жатқан құстардың ұшаларын жинап, өртеген.

– Өлген құстардың барлығы – үйрек тұқымдастарға жататын саралақаз. Әрі 90 пайызы былтырғы балапандар екені анықталып отыр. Құстардан материал алынып, Астанадағы ұлттық зертханаға жібердік, нәтижесі апта соңына дейін белгілі болып қалуы керек. Онда құс індетінің 7-8 түрі және улану бойынша тексеріледі. Көл маңайынан біздің қызметкерлеріміз жалпы саны 150-дей құстың өлексесін тапты. Өзге құстар мен жан-жануарға зияны тимеуі үшін барлығын жинап, өртеп жібердік. Қазір Жұмат Шанин ауылы мен өзге де жақын елді мекендер айналасындағы көлдерге мониторинг жүргізіп жатырмыз. Бірақ өзге көлдерде мұндай жағдай тіркелген жоқ, – дейді Павлодар облысы ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылтас Тілеубаев.

Басқарма өкілінің бол­­жа­мын­ша, құстар әлдебір улы шөпті жеп, содан қырылуы мүм­кін. Себебі көл суынан улану мүм­кін емес. Онда саралақаздан өзге басқа да түрлі құстар мекендейді. Ал олардың барлығы дін аман.

– Ал құс індеті тарады десек, онда көлдегі барлық құс шал­дығар еді. Сондықтан құстардың шөп­тен улануы әбден мүмкін. Биыл барлық жерде сияқты Баян­ауыл өңірінде де ылғал мол бо­лып, аумақта өсетін шөптің бар­лық түрі шығып кеткен. Олардың арасында түрлі улы өсімдіктер кездеседі. Кейде оны жеген үйдегі жас төлдер, қозы-лақ, бұзаудың өліп қалатын жағ­дайлары тірке­ле­ді, – дейді А.Тілеубаев.

Жергілікті тұрғындардың айтуын­ша, Шалқар кезінде екі көлден тұрған. Бірінің суы – ащы, екіншісінікі тұщы болған екен. Кейінгі жылдары су айдындары кемерінен асып, бір-бірімен қосылып кеткен. Қазірдің өзінде көлдің бір бөлігінде су ащы, екінші жағында тұщы екені байқалады. Мамандар құстың өліміне бұл ешқандай себеп емес дейді. Себебі кез келген құс судың ащы-тұщылығын тани алады.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы,

Жұмат Шанин ауылы