Кеше Парламент Сенатында “Қазақстан Республикасындағы миграциялық үдерістер мен миграция саласының заңнамаларын жетілдіру перспективалары” атты тақырыпта ғылыми-практикалық конференция болып өтті.
Оны Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Ақан Бижанов ашып, жүргізіп отырды. Алғашқы болып құттықтау сөзді Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығының басшысы, елші А.Кельчевский Мәскеудің халықаралық қатынастар институтының профессоры А.Каменский және басқалар сөйлеп, осы мәселенің халықаралық маңызы туралы әңгімеледі. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова миграциялық үдерістер және оларға қолданылатын заңнамаларды жетілдіру перспективалары бағытында баяндама жасады.
Қазір “Халықтың көші-қоны туралы” жаңа заң жобасы талқылану үстінде екені белгілі. Аталмыш конференция сол заңды қабылдау алдындағы үлкен пікір алмасу екені даусыз. Соны білген оралмандардың республикалық “Жебеу” қоғамдық бірлестігінің директоры Рақым Әйіпұлы деген азамат та осында келіп, өз пікірлерін ортаға салғысы келген екен, бірақ түрлі себеппен ішке ене алмай қалыпты. Оның айтуынша, жаңа заң жобасы бойынша “оралман” мәртебесі азаматтық алғаннан кейін бірден жойылады екен, қолданыстағы заңда солай және сол күйі қалыпты. Рақым Әйіпұлының айтуынша, бұл дұрыс емес, өйткені, барлық жеңілдіктер мен материалдық қолдаулар бұл жағдайда азаматқа берілмейді. Ал оралман кезінде Қазақстанның көмегін алып, артынан ізім-қайым тайып тұратын алаяқтар да жоқ емес екен. Осы сөздерді конференцияда сөйлеген Дүниежүзі қазақтары ассоциациясы төрағасының орынбасары Сұлтанәлі Балғабаев та айтты. Осының өзі сыбайлас жемқорлыққа да жол ашуда, деді ол. Қандай да бір жасанды құжаттармен келген біреулерге оралман, деп млн.-даған теңге көлемінде қолдау көрсетіп, артынан ондайлардың жоқ болып кеткендері де бар. Осы тұрғыда қылмыстық істер де қозғалды, бірақ заң жобасы сол қалпында қалып отыр, деді ол.
Сондай-ақ конференцияда сенатор А.Башмаков, Мәжіліс депутаты, заң жобасы жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Ж.Сүлейменов және басқалар сөйледі.
Жақсыбай САМРАТ.