Ғұламаның 125 жылдық мерейтойы Павлодар қаласындағы ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Атақты ғалымға құрмет көрсетуге еліміздің түкпір-түкпірінен келген ғалымдар, қоғам қайраткерлері, ардагерлер мен жастар жиналды.
Ал Баянауылдың Мойылды шатқалында өткен негізгі салтанатта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов оқып берді.
«Қаныш Сәтбаев – қазіргі заманғы қазақ ғылымының атасы. Ол Ұлттық ғылым академиясының негізін қалады, білікті ғалымдардың тұтас буынын тәрбиелеп шығарды, жаңа зерттеу жүйесін қалыптастырды. Сондықтан Ғылым қызметкерлері күні оның туған күніне орайластырылған. Халқымыздың біртуар перзенті көптеген кен орнын ашып, өндірістің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Еліміз әлі күнге дейін оның еңбектерінің игілігін көріп отыр. Сәтбаев мұрасы ұлтымыздың теңдессіз қазынасы саналады. Оның еңбегін жан-жақты дәріптеу – ортақ парыз. Болашақта Сәтбаев салған сара жол жалғасып, қазақ ғылымы қарқынды дами береді деп сенемін», делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.
Сонымен қатар Ерлан Қошанов биыл қасиетті Ертіс-Баян өңірі мерекеге толы екенін атап өтті.
– Қаныш Сәтбаевтан бөлек, қазақтың көрнекті жазушысы, Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытұлының туғанына 135 жыл толып отыр. Сондай-ақ қазақ археологиясының атасы, көрнекті қайраткер Əлкей Марғұланның туғанына 120 жыл. Қазақ киносының саңлағы Шәкен Аймановтың 110 жылдығы. Ал бүгінгі Сәтбаев тойы – елдіктің тойы, бірліктің тойы. Ілім мен ғылымның мерекесі, – деді Мәжіліс төрағасы.
Ғалымның мерейтойына орайластырылған іс-шаралардың ең маңыздысы облыс орталығында өткен «Академик Қ.И.Сәтбаев феномені: кеше мен бүгін» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы деуге болады. Себебі аста-төк тойдан гөрі, ұлының мол қазынасын ұлықтай түсетін мұндай ауқымды іс-шараны Кереку төрі көптен бері қажетсінген.
Қатысушылар ғалымның мұрасын, сондай-ақ қазіргі отандық ғылымның жетістіктері мен даму келешегін талқылады. Конференцияға Ғылым және жоғары білім вице-министрі, техника ғылымдарының докторы, профессор Дархан Ахмед-Заки, химия ғылымдарының докторы, Қ.Сәтбаевтың немересі Әлима Жармағамбетова, Парламент Сенатының депутаты, «Қ.И.Сәтбаев халықаралық қоры» ҚҚ қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алтынбек Нұхұлы, т.б. танымал тұлғалар мен ғалымдар қатысты.
– Ұлы тұлғаның есімі қазақ халқының тарихында алтын әріптермен жазылып қалды. Әйгілі жерлесіміздің асыл мұрасы еліміздің ғылыми дамуына жарқын жол ашты. Сондықтан Қаныш Имантайұлының еңбегін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жерлесімізді ұлықтау мақсатында Ертіс-Баян өңірі бойынша 51 нысанға Қанекеңнің есімі беріліп, 9 ескерткіш қойылды, – деп атап өтті Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.
Ғалымдар тау тұлғаның туған халқы үшін жасап кеткен еңбегіне тоқталып, бүгінгі заман тұрғысынан баға берді. Сенат депутаты Алтынбек Нұхұлы атап өткендей, Қаныш – бұл жүзжылдықтың ғалымы емес, мыңжылдықтың адамы.
«Уақыт өткен сайын, Қанышты зерттеген сайын оның терең тұңғиық теңіз екеніне көзіміз жетіп отыр. Ол кісінің жасап кеткен еңбектерінің өзі мыңға жуық, 800-ден аса мақаласы жарық көрген. Оның әрбір еңбегін жеке зерттейтін болсаңыз, ол мыңжылдықтарға ұласатыны сөзсіз. Себебі әрбір зерттеген сайын жаңа қыры ашыла береді. Сондықтан да Қаныштың құбылысы айрықша, өз заманының ерекше адамы. Ал бүгінгі ұрпақ үшін салып кеткен жолы – үлкен үлгі-өнеге. Сонау Томскіде оқып жүрген шағынан-ақ ұлттық дүниелерге, руханиятқа құмартқан. Олай болмаса 1927 жылы Мәскеуде Едіге туралы кітапты басып шығарар ма еді! Бұл кітап сол уақытта 3 мың тиражбен тараған. Қанағаң – қазақтар арасынан шыққан тұңғыш кәсіби инженер, алғашқы ғылым докторы, ал Орта Азия елдері арасында шыққан алғашқы академик. Сарыарқа, Ұлытау, Жезқазған өңірлерін зерттеп, жер қойнауындағы ұшан-теңіз кен байлығын анықтаған соң , жез бен мыс қорларын игеру үшін өндіріс орындарын тұрғызу қажеттігін тұжырымдады. Соғыстан кейінгі жылдары Орталық Қазақстанда алып құрылыстар бой көтеруге тиіс еді. Қарағанды металл қорыту комбинаты, Үлкен Жезқазған жез комбинаты, Павлодардағы алюминий мен Ақсудағы ферроқорытпа зауыттары және Екібастұздағы көмір бассейні негізінде ірі-ірі электр стансалар салынуы қажет-тін. Бұл ірі жобаларды жүзеге асыру құлазыған сары даладағы су тапшылығы мәселесіне келіп тірелді. Бұл ауқымды мәселені түбегейлі шешу мақсатында Қаныш ағамыз жылдар бойы көп жұмыс атқарды. Өндіріске су жеткізу жолында ол көп қиындыққа кезікті. Ақыр соңы академик Шапық Шөкинмен тізе қоса жүріп, Ертістің суын бұрып, Ертіс-Қарағанды каналын салды. Мұны ғасыр құрылысы деуге болады. Себебі бүгінде сол канал арқылы Ертістің суы Екібастұз, Қарағанды, Теміртауға дейін барып, тіпті Астанаға жетіп тұр. Ал қазақ даласындағы өндірістің болашағын болжай білген Қанағаңды теңдессіз ғалым десек жарасады», деп толғанды ғалым.
Ұлт мұраты жолында үздік ұйымдастырушылық, төтенше қайраткерлік, жойқын алапат қаһармандық еңбегімен, сый-құрметімен, ізгілік-ілтипатымен бүкіл қауымды мойындатқан тарланбоз Қ.Сәтбаев өзі құрған Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті болды. Осы орайда филология ғылымдарының докторы, әдебиеттанушы, Л.Н.Гумилев атындағы университеттің профессоры Серік Негимов әйгілі ғұлама Ұлықбектің: «Кімде-кім барлық ғылымға жетік болса, медресені сол басқарады» деген сөзін жиналғандардың есіне салды.
«Ғарышта Сәтбаев планетасы бар. Қазақтан шыққан ұлы тұлғаны әлемдік ғылыми ортаның мойындауы – әбден заңдылық. Жалпы, Қаныш Имантайұлының бойында кентанушылық қасиеті жастайынан қалыптасқан. Жердің топырақ түсіне, өсімдігіне, жаратылысына қарап-ақ жер қыртысында шөгіп жатқан минералды кендерді бірден дөп басып айтқанын көптеген ғалымның естелігінен оқыдық. Жас ғалым 1923 жылы М.Усовтың ақылымен Русаков басқарған Бетпақдаладағы геологиялық экспедиция жұмысына қатысып, өңірдің беймәлім сырларына қанығады. Орталық Қазақстанның геологиялық құрылымындағы метаморфикалық жыныстарының жайын меңгерді», дейді Серік Нығметоллаұлы.
Ал философия ғылымдарының докторы, профессор Ұлықпан Сыдықов Сәтбаев феноменіне инженерлік ой-жүйе және ұлттық рух негіз болған деген пікір білдірсе, әдебиеттанушы Тұрсын Жұртбай тәуелсіз Қазақстандағы ұлттық ғылымның даму мәселелеріне ой жүгіртті. «Қанағаңның туған жерінде өтіп жатқан 125 жылдық мерейтой отандық ғылымның қайта жаңғыруының басы болсын, қазақ ғылымына бұрынғы бағы қайта оралсын», деген тілегін жеткізді.
Сәтбаев геолог қана емес, инженер, тарихшы, әдебиетші, қазақ музыка өнерін жаңғыртушы бола білді. Қазақ даласының ұлы перзентінің ұрпағы да ғылымнан кенже қалмаған. Немере-жиендері геология, химия саласында танымал ғалымдарға айналды. Осы ретте немересі Әлима Жармағамбетова да естеліктерімен бөлісті. «Қаныш Имантайұлы 64 жылдай ғана өмір сүрді. Ол әрқашан жұмыста жүретін. Бізге, немерелеріне әркез уақыт бөлді деп айта алмаймын. Ата мен немере деген сияқты кездесулер аз болатын. Кейде кешқұрым жиналып отыратын едік. Сондайда басымыздан сипап, қолымызға кітап ұстатып қояды да, өзі жұмысын жалғастыра береді. Бос отыратын кезін көрмейтін едік. Тіпті сол кезден қалған сапалы фотосуреттер де жоқ. Атамыз өте қарапайым адам еді», деп еске алды немересі.
Атап өтерлігі, іс-шарада Кереку өңірінде ізденістерімен елден ерекшеленген 7 жас ғалымға Қаныш Сәтбаев атындағы грант табыс етілді. Мұндай құрметке Әлкей Марғұлан атындағы педагогикалық университеттің ғалымдары Айтолқын Дүзелбаева, Қымбатша Мұхамедиева, Динара Шәкенова, С.Торайғыров университетінен Мәди Рахымов, Иван Раделюк, Римма Уәлиева, Қ.Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институтының ректоры Далида Сиваракша ие болды.
Еңбегі еленіп, тұғырдан көрінгендердің бірі – С.Торайғыров университетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасының постдокторанты, PhD Мәди Рахымов. Мәди Илялұлы – кейінгі жылдары Ертіс-Баян өңіріндегі киелі жерлерге тарихи тұрғыдан баға беруге еңбек сіңіріп жүрген жас ғалымдардың бірі. Ол киелі орындарды дамыту және насихаттаумен айналысады. Отарлық, кеңестік және тәуелсіз Қазақстандағы естелік орындар тарихын зерттеумен шұғылданып, жақын уақытта монографиялық еңбек шығармақ ниетте.
Мерекелік іс-шаралар келесі күні Қаныш Сәтбаевтың туған жері Баянауыл ауданында жалғасты. Тау тұлғаның туған жері – Баянауылда этноауыл құрылып, сән-салтанаты жарасқан киіз үйлер сап түзеді. Мұнда республикалық ақындар айтысы, ұлттық және ат спорты түрлері бойынша жарыстар, қолөнершілер мен суретшілер көрмелері, концерт және тағы басқа іс-шаралар өтті.
Баянауыл төріндегі тойда тұлғалардың есімдері ардақталды. Аудан орталығында Халықаралық Сәтбаев қоры шығарған «Естеліктер кітабы», қаламгер Тұрсын Жұртбай мен С.Торайғыров университетінің профессоры Амантай Құдабаевтың Әлкей Марғұлан туралы кітаптарының, жазушы Сайлау Байбосын құрастырған Жүсіпбек Аймауытұлы туралы жинақтың, сондай-ақ А.Құдабаевтың Шәкен аға жайында «Сұңғыла» естеліктер жинағының тұсауы кесілді.
Әлкей Хақанұлының өмірі мен ғалым ретінде қалыптасу белестерін зерделейтін «Дархан дарын» естеліктер кітабы 400 беттен тұрады. Мұнда кезінде академикпен үзеңгілес болған әйгілі тұлғалар мен әріптестерінің естеліктері, мақала-еңбектері кеңінен қамтылған.
– Бұл кітапты Ә.Марғұланның өміріне әсер еткен орта жайынан бастадым. Тағдыр қазақ археологиясының атасына бала шағында Мәшһүр Жүсіпті, Сәтбай әулетінің нарқасқаларын, Сұлтанмахмұтты, т.б. өз заманының белгілі қайраткерлерін көруге жазған. Олардың батасын алып, тәлімін терген. Одан соң Ленинградта оқыған шағындағы замандастары, әріптестері ғалым жөнінде жақсы пікір айтқан мақалалар өте көп. Өз заманының көрнекті өкілдері Ольденбург, Марр, Самойловский, Струве және өзгелерінің естеліктері бар. Әрі ғалымның Шоқан туралы жазуына не түрткі болғаны туралы жазбалары да кездеседі. Одан беріде Рақманқұл Бердібаевтың, Хамза Абдуллиннің (Мағжан Жұмабаевтың жиені), Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин, академик Шөкин, Бейсембаев, Самат Өтениязов мақалалары топтасқан. Жалпы, 1964 жылдан бергі ғалым жайында жарық көрген мақалалар мен естеліктердің барлығын жинап жүргенмін. Сәтін салып, бүгін міне үлкен бір кітапқа жүк болып отыр. Бұл жерде Орта Азия даласынан шыққан қазақтың қарапайым баласы қалайша дала данасына айналды деген сұраққа жауап іздеу еді. Сол мақсатым орындалды, іздеген сұрақтарыма жауап алдым, – дейді кітап авторы Амантай Құдабаев.
Ғалым биыл қараша айында Әлкей Хақанұлының еңбегіне арналған үлкен энциклопедия жарық көретінін де жеткізді. Айтуынша, ол екі немесе үш томдық болып шығуы мүмкін. Мақала саны 2 мыңға жуық, 200-ден аса фотосурет қамтылады. Академиктің еңбегіне арналып ертеректе шыққан 14 томдықтан көптеген материал ұғым ретінде беріледі.
Атап өтерлігі, Баянауылда өткен республикалық ақындар айтысына Аспанбек Шұғатаев, Рауан Қайдар, Нұрқанат Қайрат сынды жергілікті айтыскерлерден бөлек, қарағандылық Тілеген Әділов, Айтбай Жұмағұлов, тараздық Айтбек Тұрсынбай, елордалық Еркебұлан Қайназаров, шымкенттік Нұрлан Есенқұлов, шығысқазақстандық Нәрия Ақбабақызы, атыраулық Батыржан Кәдірбай, маңғыстаулық Абай Жолмағанбет қатысты. Бас жүлде мен тігілген автокөлікті Аспанбек Шұғатаев жеңіп алса, бірінші орын Абай Жолмағанбетке, екінші орынды Тілеген Әділов, үшінші орынды Нұрлан Есенқұлов пен Рауан Қайдаров қанжығалады. Сондай-ақ Мәшһүр Жүсіп жүлдесіне Еркебұлан Қайназаров ие болды.
Осылайша, заманында Абылайды ақ киізге салып, хан көтерген Сабындыкөл жағасында, талай ұлылардың кіндік қаны тамған Баян жерінде талай ұрпақ айта жүрер той өтті. Әлем ғылымға арқа сүйеген дәуірде Сәтбаев салған сара жолды жалғастырар лайықты ұрпақ түлей берсін дегіміз келеді.
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы,
Мойылды шатқалы