Теңге • 20 Тамыз, 2024

Құнсызданудың құны

141 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы (ҚҚҚ) сарап­шы­лар­дың ұлттық экономиканың жақын болашағы туралы сауалнамасының қорытындысын ұсынды. Нәтиже көңіл көншітпей тұр. Тәуелсіз сарапшылар алдағы бірер жылда девальвациялық үрдістер ресейлік валюта нарығынан біздің нарыққа ауысуы әбден мүмкін екенін айтады. Екі ел эко­номикасының жоғары интеграциясы, валюта нарығы­мыз­дың көлемі мен ашықтығы девальвациялық үдерістерді де «интеграциялап» жіберуі мүмкін.

Құнсызданудың құны

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Доллар неге қымбаттады?

Сарапшы Айдархан Құсайы­­нов­­­тың сөзінше, тамыз айы бей­ресми түрде девальвация қау­пі жоғарылығымен ерек­ше­­ленеді. Бұл айда теңгеміздің бір бұлқынып барып, ес жиюы қа­­лып­ты жағдайға айналып кет­ті.

13 маусымда Ұлттық банк теңге баға­мы­ның қалыптасуына қолай­лы ішкі және сыртқы факторлар әсер етіп отырғанын хабарлады. Атап айтқанда, мұнай ба­ғасы барреліне 80 доллардан жоғары. Алайда көп уақыт өтпей, теңге қайтып әлсірей бастады. Оған Ұлттық қордан түсетін трансферттердің азайып кеткені себеп болғанға ұқсайды. Алдағы айларда Ұлттық қордан бюджетке түсетін трансферт азаяды. Келесі жылдары тіпті тө­мендеуі мүмкін. Валюта на­ры­­ғын­дағы сұраныс пен ұсы­ныс­тың қолайсыз үйлесімі де нәтиже берген жоқ. Жыл ортасына қарай бюджет қаража­ты­ның игерілуі жеделдеп, тауар­лардың экспорты мен импорты өсіп жатыр. Барлық валю­та­лық операциялар доллармен жүзеге асырылады.

Сонымен қатар маусымдық фактор рөл атқарды: мереке күн­дері валютаға сұраныс артады. Нарықтың кәсіби қатысу­шыларының теңгемен опера­ция­ла­рының саны да қысқарды, бұл Ұлттық банктің мамыр айы­ның соңында базалық мөл­шер­лемені 14,5%-ға дейін тө­мен­детуімен байланысты.

 

Девальвация қаупі сейілген жоқ

ҚҚҚ сарапшылары әлемдік нарықтағы жалпы құлдырауға байланысты мамандардың мұ­най бағасына қатысты болжамы нашарлап кеткенін айтып жатыр. Сарапшылар жыл аяғына дейін «Brent» маркалы мұнай баррелінің құны 80,4 доллар болады деп болжайды (шілдеде баға 84,7 доллар деңгейінде қал­ды). Осыған дейін инфляция мен девальвация қарсаңында халық пен бизнестің несиені көп­теп алуы байқалатын. Тең­генің құнсыздануына пси­хо­ло­гиялық деңгейде әсер ететін фактордың бірі осы. Ке­зекті инфляция табал­ды­ры­ғын­да жалақы көтерілуі, оны­мен қоса келе­тін қымбат­шы­лық теңге үшін деваль­вациялық тұзаққа айналып кетті.

Экономист Айдар Әлібаев­тың сөзінше, кейінгі бір жарым жылда теңге бағамы шек­тен де шықан жоқ. Аздап ны­ғайды, бизнеске де, халыққа да ес жиып алуға мүмкіндік берді. Бірақ девальвация қаупі сейілген жоқ.

«Қазірдің өзінде оның тіке соққысын емес, мультипли­ка­тивті соққысын күн сайын сезі­ніп жатырмыз. Себебі санкция бізге әсер ету тетігін әлі босат­қан жоқ. Ресей девальвация қаупімен күн сайын бетпе-бет келіп отыр. Мұнай түсімі, өткен жылдардағы қордың төмендей бастауы рубльге сынақ болып тұр. Теңгенің құнсыздануына жол ашатын факторлар күшейе түсті. Ресурстарымызды сату арқылы тапқан қаржымыз халықты қажет нәрсемен қамтамасыз ету үшін жұмсалады, сыртқы қарызға кетеді. Үкімет Ұлттық қорға тәуелділікті болдырмау үшін кез келген шешімді қабыл­дау­ға дайын екенін бай­қатып, табыс салығының жалына жармасып жатыр. Өн­діріс әлсіз, инфляцияның беті қайтқан жоқ. Оны қолдан ырық­­тан­дыру мүмкін еместігін өткен тәжірибемізден білеміз. Теңге құнсызданады. Енді девальвация болады. Бірақ оны қандай формада күтіп аларымыз белгісіз», дейді А.Әлібаев.

 

Әлсіз теңге – бюджеттің соры

Сарапшылар бір жылдан ке­йін ұлттық валюта тағы 1,8%-ды жоғалтып, дол­­ларға шаққандағы бағам 484,5 теңге болады деп бол­жап отыр. Қа­зақ­стан қар­жы­герлер қауым­дас­тығының сарапшысы Зарина Скрипченко осыған дейін журналистермен кездескен кезде доллар мен теңге дәлізіндегі доллар бағамы 472,4 теңге дең­гейінде болатынын айтқан. Ал қазіргі баға 480 теңгеден асты. Бірақ ҚҚҚ са­рап­шылары доллар бағамының 500 тең­­геден асып кетуіне ешқандай себеп жоғын айтып отыр.

З.Скрипченконың айтуын­ша, шетелдік валютадағы мін­дет­­те­мелері бар компаниялар қа­рыз­ға қызмет көрсету немесе өтеу шығындарына тап болуы мүмкін, бұл қаржылық қиын­дық тудырады. Мұның бәрі рес­­пуб­ликалық бюджетке кері әсер етеді.

Сонымен қатар мұнай баға­сының төмендеуіне байла­нысты ІЖӨ өсімі баяулауы мүм­кін екенін Үкімет жоққа шы­ғар­майды. ІЖӨ-ні 6%-ға ұл­ғайту туралы жоспар бізден алыс­тап, бұрынғы 4,6% дең­­гейін­дегі болжам төмендеу жағына (4,1%-ға дейін) қайта қаралды. Эко­но­микалық жағ­дайлардың өз­ге­руіне байла­ныс­­ты Ұлттық банктің ұзақ уақыттан бері алғаш рет тамыз айының соңын­да база­лық мөлшерлемені одан әрі төмендетуден және оны бұрын­ғы деңгейде ұстаудан бас тартуы күтіледі. Бір жылдан кейін базалық мөлшерлеме 13% болуы мүмкін. Инфляцияны кем дегенде 8,1% деңгейінде ұстап тұру үшін жеткілікті түрде қатаң монетарлық шарттарды сақтау қажет болады.