Қабақ және сабақ
Әкім ТАРАЗИ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы: – Таңғы сегізде үйдің қасындағы сайлау учаскесіне отбасымызбен барып дауыс беріп шықтық. Биыл менің ерекше бір қуанып айтатыным, Алпамыс деген ұлым 18-ге толып, өмірінде бірінші рет дауыс беруге қатысты. Күннің нұры жадыраңқы болғаннан кейін жұрттың да көңіл-күйі бүгін дәл сондай көтеріңкі. Оның үстіне қазір Қазақстан осыдан 25 жыл бұрынғы Қазақстан емес, ширек ғасырда адам танымастай биік дәрежеге көтерілдік. Он сегіз жылдың ішінде жер бетінде болмаған оқиға – дүние жүзіндегі әдемі, сұлу қала пайда болды. Енді мұның бәрінің астарында біздің қазақ деген халықтың өзінің ақкөңілдігі жатыр. Ақкөңіл елді ақкөңіл азамат басқаруы заңды. Басқа елде не болып жатқанын бәріміз көріп, біліп отырмыз. Әсіресе, бұрынғы он бес мемлекеттің әлі көбінің жағдайлары түзелген жоқ. Көбінің деймін ғой, бәрінің. Бүгін дала қандай күншуаққа бөленіп тұрса, сондай жағдайда өмір сүріп жатқан жалғыз біздің ел. Оған да тәубе деу керек. Тағдыр жарылқаймын деген елге жақсы басшыны сыйлайды. Мысалы, отбасының әдемі болуы үшін отбасының тұтқасы саналатын азаматының қабағы ашық, жайдарман адам болуы керек емес пе?! Мемлекет те, халық та сол сияқты. Біреулер «пәленінші орынға келіппіз», «түгенінші орынға таяппыз» деген мақтанды алға тартады, бірақ қазір мәселе тек жалғыз онда емес десек те, сол кездегі он бес республиканың ішінде біз сияқты қарқындап өскен ел жоқ. Мен оларды табалап отырған жоқпын. Солардың көбінде болып та жүрмін. Көшеде кетіп бара жатқанда қабағы ашылмаған халықты да көрдік. Ол қабақтың ашылмауы көп жағдайда сол елді кімдер билеп отыр, басында кім отыр, соған байланысты. Біз өзі мұнда елордаға кейін, 2004 жылы көшіп келдік. Сол аз ғана уақыттың ішінде бір Астананың өзі қалай көркейгеніне куә болдық. Осының бәрі көңілге қуаныш береді. Роза екеуміз де жазушы болғаннан кейін халықтың қабағына көп қараймыз. Егер олардың қабағы қату болса мен отыра қалып керемет шығарма жаза алмаймын. Алаңдаймын. Қабақтың ашық болғандығы бізге бір Алланың берген мүмкіндігі деп ойлаймын. Жаңа айттым, үлкен баламыз биыл мектеп бітірді. Мектепті бітіре салып өз білімімен, Жапонияға оқуға түсті. Қызымыз сегізінші сыныпты бітірді. Ол да оқитын жерді өзі таңдап жүр. Қайда баратынын бізге айтқысы келмейді... Айтайын дегенім, олардың бақытына алдарынан жақсы мұғалімдер кездесті. Мұғалімнің қабағы ашық болса, баланың да сабағы айқын. Егер мұғалімнің тапқан айлығы, табысы бала-шағасына жетпей жатса, мұғалімнің қабағы қалай ашылсын. Сондықтан ұзағынан жарылқасын. Негізінде қазақ ежелден еңбекқор, қабағы ашық, жаны дарқан, ақкөңіл, өн бойын өнер жайлаған халық. Әр қазақ көшеде келе жатқанда іштері ән салып келе жатады. Солардың біреуі мен.Болашаққа сенім
Бекболат ТІЛЕУХАН, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші: – Жалпы, қалың бұқараның өзінің талабын көрсететін, тегеурінін байқататын тұсы осы сайлау кезі. Елордадағы Ұлттық академиялық кітапхананың іші иін тірескен жұрт. Халық өзінің қалауын білдіріп жатыр. Келешегіне, ертеңіне деген сенімін нықтап, бекітуге мүдделі халықтың қарасы азаяр емес. Мұны әлем дүрліккен осындай бір кезеңдерде тыныштықтың, бейбіт күннің қадірін жете сезінген жұрттың талап-талғамымен сабақтастырып бағамдағанымыз абзал. Маңызды кезеңдерде біріге білетін мына жұрттың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған ынтымағы болашақты таңдауының үстінде жарқырай көрініс табуы көңілге қуаныш ұялатады. Сондай-ақ, осы таңдаумен бірге біздің елдігімізге, келешек мақсат-мұратымызға деген жарқын үмітіміз маздай түскен сияқты болып көрінеді. Өздеріңіз куә болып отырғандай, халықтың сайлауға қатысу белсенділігі қалалық жердің өзінде мынадай іс-шаралармен беки түскенін байқасақ, ал енді Қазақстанның ауыл-аймағындағы шара мұнан да белсенді түрде өтіп жатқанына еш күмәнім жоқ. Сайлау жалпы адамзаттың асыл мұраттарына иек артқызатын ұлық мейрам саналады. Әр сайлау учаскесінде ән әуелеп, шаттық рәуіштегі күй тартылып жатыр. Осы мерекемен барлығыңызды құттықтағым келеді. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деген тілекті айтқың келіп тұрады мұндайда.«Единица болмаса, не болады өңкей нөл»
Ғарифолла ЕСІМ, академик: – Бүгін біз үшін үлкен тарихи күн болып отыр. Күніміз қандай ашық. Табиғаттың осы сәйкестігі тегін емес деп ойлаймын. Қазақ елі, қазақ халқы әлем елдері мен халықтарының ортасында өзінің тарихи орнын тапқан, тарихи миссиясын атқаруға барлық мүмкіндігі бар ел және мүмкіндігі жететін халық. Олай болатын болса, осы көшті бастайтын көшбасшы керек. Абайдың мұндайда: «Единица болмаса, не болады өңкей нөл» деген сөзі бар. Енді осы миллиондаған жұрт кімге дауыс беріп жатыр деген мәселеге келсек, әрине, әркімнің кімге дауыс беремін десе, өз құқы бар. Бірақ та мен, менің отбасым үшін: «Осындай көшті кім басқара алады, соған кімнің қандай қауқары бар?» деген сұрақ төтесінен қойылса, мұны біз мынадай қарама-қарсы сұрақ қою арқылы бағалаймыз: «Кімнің қандай құжаты бар, кімнің қандай саяси бағдарламасы бар?». Мысалы, «Қазақстан – 2050» бағдарламасын жұрт жақсы біледі. Бұл тек бүгінгі өміріміз емес, менің балаларымның баласына, немеремнің немересіне дейін жететін құжат. Осы бағдарламаның үстінде қазақ халқы өсіп, жетілгеннен кейін өзін Қазақ мемлекеті деп атайтын кез туатыны, сөйтіп, өзінің тарихтағы орнын алатыны айқын жеткізілген болатын. Әсіресе, біз сияқты ғалымдарға, мамандарға қатысты үлкен мәселе айтылған еді. Сондағы ойлар жүзеге асырылатын болса, алдыңғы қатарлы отыз елдің қатарына, иншалла, енуіміз алыс емес. Сонда осы сайланған Президент күні ертең көресіздер, нұрлы жолдың технологиясын, оның саяси бағытын ары қарай жетілдіреді. Өйткені, кеше ғана Қазақстан халқы Ассамблеясында сөйлеген сөзіндегі бір мәселеге мен өте ерекше назар аудардым. Бұл – қазақ халқына деген ерекше құрмет. Осы Қазақстанға келген басқа этнос өкілдеріне қамқорлық жасаған кім, ол – қазақ халқы. Бұл – Қазақ елі. Бұл – қазақ халқының әлемдік өркениеттен алатын орны, деген қағидаға енді дұрыстап тұғырнама жасалып, ары қарай жандана береріне мен сенімдімін. Бүгінгі күні адамдармен сөйлесіп, сайлауға деген көңіл-күйін байқап жатырмын. Елбасының сенімді өкілі ретінде мен халық өзінің дұрыс таңдауын жасап жатыр деп ойлаймын. Сол дұрыс таңдау да бұйыртса көп ұзамай мәлім болмақ. Ал мұның нәтижесі оң боларына сенімім тағы мол.Айшықты мезет
Гүлзира БӨКЕЙХАН, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші: – Адамның басында түрлі-түрлі қуаныштар кездеседі. Жеке басына, отбасына, қызметіне байланысты деген сияқты. Бірақ ел үшін, мемлекет үшін қуана білу, тереңнен ой қозғау, мақтаныш сезімге бөлену дегеннің не екенін біздер, өнер иелері өте жақсы түсінеміз. Мұны Қазақстанның атын айшықты мәдениетімен танытқан әр сәтімізде талай бастан кешкен жанбыз. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, бұл күнді өз басым асыға күтіп едім. Сондықтан орнымнан тұрған бойда, өз таңдауымды жасауға асықтым. Ұлттық академиялық кітапхананың іші-сыртына сыймай, лықсыған жұрттың жүздеріне үңілемін. Бір-бірін мерекелерімен құттықтап, жайдары қауқылдасқан жаймашуақ кейіптегі көпшіліктің қуанышы менің де қуанышым екенін, олардың ішкі арман-тілегі маған да ортақ екенін іштей түйсініп, қалың бұқараның мен де бір кішкентай бөлшегіне айналып шыға келдім. Алға қарай жылжыған жұрттың аяғын жаңа толқын жалғастырып, ұзара түскен кезектен халықтың сайлауға деген ынта-ықыласы, өзгеше серпіні мен сергектігі аңғарылды. Осыны көріп қатты қуандым. Өз таңдауымды жасап, дауыс беруге ерте келгенімнің пайдасы, кітапханадағы небір тағылымды іс-шараларға куә болдым. Зиялы қауым өкілдері жүрекжарды лебіздерін білдірсе, бір тұстан Швецияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Христиан Камилл өзінің жеке кітапханасынан сирек кездесетін құнды кітаптарды тапсырып тұрып, Қазақстан халқын мерекемен құттықтауы әсерлі естілді. Арғы-бергі тарихты қамтитын кітап көрмесінің сайлаумен сабақтастырылуы қандай ғанибет. Елдікті, мемлекеттікті түсіну мен бағалау кітап арқылы санаға қонатындықтан мерекенің бұлай әспеттелуі жарасымды ұштасып тұрды. Ағыл-тегіл ықылас ынтымақтың көрінісі, қазақтың өзі қандай кеңпейіл халық болса, бәрінің жұмылып дауыс беріп жатуы жарқын болашаққа деген сенімінің ұшқыны іспетті еді. Жазып алған Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.