Екі дзюдошы да Олимпиадаға дейін халықаралық сайыстарға қатысып, жүлделі оралып жүрген еді. Жаттықтырушысы Мейіржан Есмағамбетовпен бірге қарсыластарының осал тұсын зерттеді. Алайда «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» дегендей, кіл мықтылардың бәсекесінде екеуі де жүлде алған жоқ. Әлемдік додада Әбиба Әбужақынова бесінші орын иеленсе, Эсмигүл Куюлова алғашқы белдесуінде қарсыласынан жеңіліп қалды. Кейін екеуі де командалық сайыста қарсыласына есе жіберді.
«Олимпиадаға жүлде алу үшін барған едім. Алайда жеңіліп қалғанымды мойындаймын. Жанкүйерлерімнің үмітін ақтай алмағаныма өкінемін. Барлық жанкүйерімнен кешірім сұраймын. Ақталатын жөнім жоқ. Алтын алу үшін барымды сала күрескеніммен, жүлдесіз қалдым. Қола медаль үшін сайыстағы қарсыласыма басымдық таныта алмадым», деп көзіне жас алды Ә.Әбужақынова.
Ақиық ақын Төлеген Айбергеновтің «Бәйге берем жығылған палуанға да, Адалдығы сезіліп тұрар болса...», деп жырлағандай, әсіресе Әбиба Әбужақыноваға тосынсый ұсынып жатқандар аз емес. Мәселен, Мәжіліс депутаты Айдарбек Ходжаназаров оған жаңа көлік сыйлады.
«Түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмадым. Оған себеп – Әбиба қарындасымның көз жасы. Бұл – намыстың көз жасы. Бұл – тектіліктің белгісі. Бұл – үлкен тәрбиенің үлгісі. Қысқасы, Әбибаға өз атымнан арнайы сыйақы беремін. Парижде Қазақстанның абыройын қорғаймын деп барын салды. Жарақат алса да қайтқан жоқ. Осындай еңбекті бағалау, осындай патриоттықты насихаттау керек», деді Мәжіліс депутаты.
Атыраулықтар да дзюдошы аруларға құрмет көрсетуден тыс қалмады. Әлемдік додада ел намысын қорғаған дзюдошы қыздарға көлік сыйлап, қолдау көрсетті. Облыс әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиевтің айтуынша, «Zeekr» автокөлігі демеушілердің қаржысына алынған.
«Олимпиада – әлемнің ең мықты спортшылары сынға түсетін дода. Сол себептен, бұл сайыста топ жару оңай емес. Осы тұрғыдан айтқанда, атыраулық дзюдошыларға кінә артудың жөні жоқ. Керісінше, спортшыларымызды жігерлендірген жөн ғой. Демеушілер Атырау облысының жұртшылығы атынан Әбиба Әбужақынова мен Эсмигүл Куюловаға көлік сыйлауды жөн көрді», дейді Р.Жұмағазиев.
Дзюдошы Әбиба Әбужақынова қолдау көрсеткендерге ризашылығын білдірді. Өзін Олимпиадаға дайындаған бапкерін де ұмытқан жоқ.
«Жығылғанда жанымнан табылған жанашырларыма алғысым шексіз. Бапкерім жеңісте де, жеңілісте де қасымнан табылып, мені бар құрметке лайық көрді. Осындай қолдаудан кейін менің сынуға, жеңілуге, налуға және күреспеуге құқығым жоқ деп ойлаймын. Мен әлі-ақ жарқ етемін», деді Ә.Әбужақынова.
Атырау облысы