Заң • 21 Тамыз, 2024

Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты үкім апелляциялық тәртіпте қаралды

116 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы бұрынғы Мәдениет және спорт министрі болған Арыстанбек Мұхамедиұлы мен басқаларға қатысты қылмыстық істі апелляциялық тәртіпте қарады, деп жазады Egemen.kz.

Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты үкім апелляциялық тәртіпте қаралды

Фото: Аделаида Әуесбекова

Бұрын Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2029 жылғы 29 ақпандағы сот үкімімен Мұхамедиұлы А. лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалана отырып, кінәліге сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін талан-таражға салу арқылы, аса ірі мөлшерде ұрлауды ұйымдастырғаны, рейдерлік әрекетке бағытталғаны, өкілеттіктерін теріс пайдалануды ұйымдастырғаны үшін мемлекеттік қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салып, 11 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған еді. 

Сондай-ақ Нұразхан А. кінәліге сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін талан-таражға салу жолымен, аса ірі мөлшерде ұрлауға қатысқаны үшін мемлекеттік қызмет атқаруға өмір бойына тыйым сала отырып, 7 жыл 1 айға бас бостандығынан айыруға;

Кошенов А. мен Садвокасова А. кінәліге сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде, талан-таражға салу жолымен ұрлауға жәрдемдескені үшін коммерциялық және өзге де ұйымдарда 10 жыл мерзімге материалдық-жауапты лауазымдармен айналысу құқығынан айырыла отырып, 7 жыл 1 айға бас бостандығынан айыруға, сондай-ақ А.Садвокасоваға үкімнің орындалуын 5 жылға кейінге қалдыру  жазасы қолданылды;

Сатубалдин А. мен Кочетов Л. кінәліге сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде, талан-таражға салу жолымен ұрлауға қатысқаны үшін мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға өмір бойына тыйым сала отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыруға;

Жуаспаева Г. өкілеттігін асыра пайдаланғаны және көрінеу жалған құжатты пайдаланғаны үшін 2 жылға бас бостандығынан айыруға сотталған.

Сондай-ақ Жуаспаева Г. «ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай рақымшылық жасау туралы» заңның негізінде негізгі жазадан, ҚК 385-бабы 3-бөлігі бойынша ҚК 71-бабы 1-бөлігінің 1) тармағы бойынша ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылды.

Мәдениет және спорт министрлігінің талап қоюы қанағаттандырылып, 3,5 млрд теңгеден астам сомада келтірілген залал өндірілген.

Бірінші сатыдағы сот А.Мұхамедиұлы және басқалары лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланып, кінәліге сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін талан-таражға салу жолымен, аса ірі мөлшерде ұрлауды ұйымдастырып, оған қатысқаны анықталды. Қорғаушылар, сотталғандар және олардың адвокаттары сот үкімімен келіспей, оған шағым келтірген.

«Астана қалалық сотының сот алқасы шағымдардың дәлелдерін зерделеп, процеске қатысушыларды тыңдап, қылмыстық істің материалдарын зерттеп, сотталғандардың кінәсінің дәлелденгені туралы сот қорытындыларымен келісті. Бірінші сатыдағы сот үкімінің күшін жою немесе өзгерту үшін негіздер анықталмады», делінген Астана соттары таратқан хабарламада. 

Үкім заңды күшіне енді.