27 Сәуір, 2015

Жерлестер таңдау жасады

290 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
27-04-2015-sailau 01«Егемен Қазақстанның» меншікті тілшісі Дәурен БАУЫРЖАНҰЛЫ Бейжіңнен хабарлайды: Шет мемлекеттерде жүрген отандастарымыз да сайлау күні азаматтық борышы туралы ұмытпады. Жырақта жүрсе де жерлестеріміз жергілікті дипломатиялық өкілдіктеріне барып дауыс берді. Басты саяси науқан мерзімінде Қытай Халық Республикасы территориясында болған Қазақстан азаматтары ерекше белсенділік танытты. Қытай Қазақстанмен шекаралас әрі жақын стратегиялық серіктес мемлекет болғандықтан, мұнда қазақстандық азаматтар жиі барады. Олар көбінесе оқуға, емделуге, туризм және қызмет бабымен көрші елге сапар шегеді. Сайлаушы ретінде тіркелген адам­дардың толығы дерлік кеше консти­ту­циялық құқықтарын пайдаланып, өзде­рінің қалаған кандидаттарына дауыс берді. Қытай уақыттық белдеуі Аста­на­дан екі сағат алда. Қытайдағы сайлау жер­гілікті уақыт бойынша жетіде, ал біз­ше бесте басталды. Тек Бейжің­нің өзінде бір күн ішінде 1,5 мың, ал Шанхайда 400-ге жуық адам өз таңдауын жасады. Жалпы Бейжің, Гонгконг, Шанхай, Үрімжі қалаларында орналасқан сайлау учаскелеріне келіп дауыс берушілер мерекелік көңіл-күйде болды. Сайлаушылардың басым бөлігін құрайтын студенттердің көбі үшін бұл тұңғыш сайлау. Сондықтан елгезек ­жастарымыз бұған аса жауапкерші­лік­пен қарады. Олардың айтуынша шет мемлекетте жүріп өз еліңде болып жатқан саяси науқанға атсалысу мүмкіндігі – мемлекетіміздің егемендігін, тәуелсіздігін, әлем аренасындағы бе­делінің айғағы. Бейжіңдегі қазақстандық студенттер ұйымының жетекшісі Әшім Дұрыскелді сайлауды өз өміріндегі ең елеулі оқиға деп біледі. «Бұл менің тұңғыш рет мемлекет тағ­дырына, тарихына қосқан үлесім. Осы тек­тес шаралар, жастарды, жалпы ха­лықты патриоттыққа тәрбиелеп, бір­лікке ша­қырады. Сондықтан бүгінгі таңда сайлау – ең маңызды шаруа», – деді ол. Қытайда білім алып жатқан барша студенттердің тілегі де осыған саяды. Ең бастысы, олар ел тағдырына бейжай қарай алмайтынын көрсетті. Жалпы, бұл елде тұрып жатқан жерлестеріміз азаматтық белсенділігін толық танытты деуге толық негіз бар.