Энергетика • 22 Тамыз, 2024

Атом адам игілігіне қызмет етеді: «Аккую» АЭС-нің айрықша жобасы туралы не білеміз?

192 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Өткен аптада Түрік еліне іссапарға шығып, әуелі Босфор бұғазы жағалауында бір күн аялдап, сапарымыз Аданада жалғасты. Одан әрі Жерорта теңізіне тиіп тұрған Ешиловаджик кентіне жол тарттық. Ондағы мақсат – алты құрлыққа аты тараған «Аккую» АЭС-нің құрылысын өз көзімізбен көру.

Атом адам игілігіне қызмет етеді: «Аккую» АЭС-нің айрықша жобасы туралы не білеміз?

«Аккуюдің» шапағаты көпке тиеді

Анығында, «Аккую» АЭС-і Жер­орта теңізінің оңтүстік жаға­лауындағы Мерсин провинциясында салынып жатыр. АЭС алаңы Гюлнар ауданында орналасқан. Құрылыс алаңына ең жақын ел­ді мекен – Буюкеджели ауылы. Про­винцияда 2 млн адам тұрады. Оның 1,2 миллионы Мерсин қала­сында өмір сүреді. Халқы негізі­нен ауыл шаруашылығымен, ша­ғын бизнеспен айналысады. Мер­синде цемент, тыңайтқыш, шыны, тұрмыстық химия өнді­рісі дамыған. Негізі Мерсин – Жер­орта теңізі жағалауындағы Түр­кияның ең үлкен порты, 45 айлағы бар. Климаттық жағ­дайы әр­түрлі көкөніс пен же­міс­ті өсі­руге қолайлы. Қара то­пы­ра­ғы органикалық ауыл ша­руа­­шылы­ғының дамуына мүм­­кін­дік береді. Провинция өнімі Түркия­ның ауыл шаруашылы­ғы экспор­тының жартысына жуы­ғын құрай­ды. Өлке негізінен цит­рус жеміс­терін, өрік, шие, қы­зыл шие, шабдалы, қара өрік, құл­пынай экспорттайды.

пар

«Endeksa» жылжымайтын мү­лікті іріктеу қызметінің статис­тикасына сәйкес, Мерсин провин­циясының Силифке ауданында 2019 жылдан бері тұрғын үй баға­сы күрт қымбаттаған. Пәтер жал­дау ақысы – 8,5 есе, сатып алу 10,3 есе өсіпті. Бұл АЭС құрылысы нәтижесінде тұрғындар әл-ауқа­тының жақсаруына және аймақ инфрақұрылымының дамуына байланысты.

Ал Гюлнар ауданында 50 мың­­ға жуық халық бар. Аудан ланд­­­­шафтының 80%-ы – жартас­ты тау­лар мен таулы ормандар. Сон­­­да аумақтың 15%-ы ғана ауыл ша­руашылығына жарамды. Си­лифке – «Аккую» АЭС құры­лыс алаңына ең жақын қала. Тұр­ғын саны 100 мың адамнан асады. АЭС құрылысы осы қаланың дамуына ерекше әсер етіп жатыр.

 

50 жылдық арман

«Аккую Нуклеар» АҚ бас ди­рек­торының баспасөз хатшысы – коммуникация директоры Василий Корельский түрік елі атом электр стансасын салуды өт­кен ғасырдың 70-жылдарынан бері армандап, соған сай нақ­ты жоспармен әрекет етіп келе жат­қанын айтты. Одан бергі заманда түрік халқы бейбіт атом мәселе­сін талай рет талқылап, атомнан энер­­гия алып, қажетіне жаратып отырған елдерді әбден зерттеп, зерделеген. Ал Қазақстанда атом реакторлары 1957 жылдан бері жұмыс істеп тұр.

Ресейдің «Росатом» атом энер­­гиясы жөніндегі мемлекет­тік кор­по­рациясы 2010 жылғы Ре­сей мен Түркия үкіметі арасында қол қойылған үкіметаралық келісім негізінде «Аккую» атом электр стансасын салуды қолға алды. Ол әрқайсысының қуаты 1 200 МВт болатын III+ буынды ВВЭР-1200 реак­торы бар 4 энергоблоктан тұра­ды. Төрт бірдей энергоблок­ты бір орынға орналастыру әлем­дік АЭС тарихында бірінші рет бо­лып отыр. «Аккую» АЭС-нің есеп­­­тік қызмет ету мерзімі – 80 жыл.

апр

Пайдалануға берілген соң АЭС жылына шамамен 35 млрд кВт-сағ өндірмек. Бұл көлем Ыс­танбұл сияқты ірі мегаполисті электр қуатымен қамтамасыз етуге жеткілікті. Бірақ бұл АЭС бүкіл Түркияға қажет электр энер­гиясының 10%-ын ғана қамта­масыз ете алады.

«Аккую» АЭС-і Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агент­тіктің (МАГАТЭ) және Халық­аралық ядролық қауіпсіздік жө­нін­дегі консультациялық топ­тың қауіпсіздік нормаларында бекітілген әлемдік ядролық қоғам­дастықтың барлық заманауи талабына, Еуропа­лық пайдаланушы ұйымдар клу­бының (EUR) талабына жауап береді. Оның құрылысын атомға қатысты барлық халықаралық ұйым қада­ғалап отыр. Себебі «Аккую» АЭС-нің амандығы – бүкіл жер-әлем қауіпсіздігіне пара-пар.

 

Құрылыс алаңында мыңнан аса қазақ маманы жүр

Бүгінде АЭС құрылысы алаңында 34 000-нан аса адам жұ­мыс істейді. 80%-ы – Түркияның өз азаматтары. Бір қуанарлығы, алып құрылыс алаңында 1 200-ден аса қазақ жастары да қызмет етіп жүр. Бірқатарымен танысып, білістік. Араларында біліктілігі жоғары кәсіби маман көп. Кейбір салаларда басшылық қызмет атқарып жатқандары да бар. Елде мұндай құрылыс қолға алынса атсалысуға бәрі дайын. Ол туралы әңгіме басқа.

«Аккую» АЭС жобасында және аралас секторларда жұмыс орындарын құру өңір халқының 30 мың адамға дейін өсуіне ықпал етеді. Сонымен бірге тауар мен қызмет нарығын, көлік және тұр­ғын үй инфрақұрылымын, қо­нақүй бизнесін, қоғамдық тамақтану саласын дамытуды қамтамасыз етіп жатыр», деді «Аккую Нуклеар» АҚ бас директоры Сергей Буцких.

Жоба бойынша барлық жұмыс Түркияның Энергети­ка және табиғи ресурстар ми­нистрлігі, Ядролық реттеу агент­тігі (NDK), Энергетика, атом энер­гиясы және тау-кен өндіру қызметі саласындағы зерттеулер жөніндегі Түрік агенттігі (TENMAK), Түрік стандарттар институты (TSE, жо­баның негізгі материалтану ұйымы), басқа да бейінді ведом­стволарымен тығыз өзара іс-қимылда және МАГАТЭ келісімімен мұқият жүргізіліп жатыр.

 

Таза энергия көзі

«Бейбіт атом энергия­сын өн­дірудің артықшылығы – парниктік газ шығарынды­ларының болмауы. «Аккую» АЭС-і көмір мен газдан электр энергиясын өнді­руді алмастыру есебінен атмос­фераға көмірқышқыл газы шығарындыларының жалпы көлемін CO2-баламасында жылына орта есеппен 18 млн тоннаға дейін қысқартуға әсер етеді», дейді Силифке ауданының әкімі Абдулла Асланер.

Оның айтуынша, АЭС қор­шаған ортаға, ауыл шаруа­шылы­ғына, аймақтың экожүйе­сіне теріс әсер етпейді. Топырақ­қа, атмосфераға және теңізге зиян­ды шығарындылар бөлін­бей­ді. Теңізден көтеріліп, салқын­дату жүйесінде пайдаланыла­тын, содан кейін қайтадан теңіз­ге оралатын су химиялық немесе радиациялық әсерге ұшырамайды.

 

Оқшаулау ойдағыдай ұйымдастырылды

Жобаны іске асыру кезінде оқшаулау дәрежесін арттыруға, түрік компанияларын тартуға ерек­ше назар аударылған. Ол үшін кеңейтілген «Оқшаулау бойынша жұмыс тобы» құрыл­ды. Құрамына жобаның негізгі қатысушылары – «Аккую Нук­леар» АҚ, Түркияның Энерге­тика және табиғи ресурстар ми­нистрлігі, негізгі мердігер – «Титан-2 ИДЖ Ичташ иншаат» бірлескен кәсіпорны және TSE басшылығының өкілдері кірді. Жұмыс тобының қызметі оқшаулау үдерісіне жәрдемдесу үшін тұрақты негізде кеңестер өткізетін бағыттар бойынша кіші топтарға бөлінеді.

 

Құрылысты кімдер қадағалайды?

Бүгінде АЭС алаңының рельефін қалыптастыру және «Шы­ғыс», «Солтүстік», «Оңтүстік» су бұру арналарын салу аяқталды. Құрылыс жұмыстары барлық төрт энергоблоктың құрылыс учас­кесінде белсенді жүргізіліп жатыр.

№1 блокта реактор бөлімшесі мен машина залының іргетас пли­таларын бетондау аяқталды. Балқыма тұзағы орнатылды. Реак­тор корпусы, бу генераторлары, ГЦНА корпустары жобалау жағдайына келді. Негізгі айналым құбырын дәнекерлеу ісі жүзеге асып болды. Қысым компенсаторы орнатылып, ішкі қорғаныс қабатының күмбезін монтаждау және бетондау тиянақталды. Белсенді аймақты салқындату жүйесін және қорға­ныс қабаты­ның кернеу алды жүйесін (ҚҚКЖ) монтаждау аяқталды. Машина залында төбені монтаждау ісі мәресіне жетіп, жүк көтергіш көпір краны қойылып, турбоагрегат құрас­тырылып болған.

№2 блокта «балқыма тұза­ғы» орнатылып, реактор бөлім­шесі мен машзалдың іргетас тақ­та­ларын бетондау жасалды. Ішкі қорғаныс қабатының (ІҚҚ) бес қабаты тұрғызылып, реак­тор корпусы жобалау жағ­дайына келті­рілген. Реактор шахта­сы­ның қаптамасы жасалып болып­ты. №3 блоктың құрылыс учаске­сінде реактор бөлімшесінің ірге­тасын және турбина ғимаратын арматуралау және бе­тондау аяқ­­та­лып, «балқыма тұ­зағы» ор­натыл­ды. ІҚҚ-ның төрт қабаты салынды. Реактор бөлім­шесінде ферма-консоль жобасы іске асырылған. №4 блок құры­лы­сы­ның учаскесінде турбина және реактор ғимаратының іргетас пли­таларын бетондау ісі аяқ­талып, «балқыма тұзағы» орна­тылған.

Электр стансасы құрылыс алаңын­­дағы жұмыс халықаралық сапа мен қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып орындалады. «Аккую» АЭС құрылысы ке­зінде көп сатылы құрылыс бақы­лау жүйесі қолданылып жатыр. Оның ғимарат, құрылыс салу телім­деріндегі жұмыстың әрбір кезеңін бес ұйымнан тұратын ар­найы комиссия қабылдай­ды. Олар – құрылысқа тапсырыс беруші «Аккую Нук­леар» АҚ, бас мердігер – «Ти­тан-2 ИЖ ичташ иншаат» бірлес­кен кәсіпорны, құрылысты тәуелсіз бақылау ұйымдары – «ASSYSTEM NCIO» және «TÜRK LOYDU», «Аккую» АЭС бас жобалаушысы – авторлық қада­ғалау функциясын орындайтын «Атомэнергопроект» АҚ, Түр­кияның ядролық реттеу агенттігі (NDK).

 

АЭС-ке түрік персоналдары даярланады

«Аккую» АЭС жобасын іске асыру туралы үкіметаралық ке­лі­сімге сәйкес, Түркия мен Ре­сей арасында болашақ АЭС үшін түрік персоналын даярлау жөніндегі ынтымақтастық белсенді дамып келеді. 2011-2024 жылдар аралығында Ре­сей жоғары оқу орындарында 319 түрік азаматы білім алды. Олар­дың басым бөлігі атом сал­а­сының мамандарын даяр­лау бойынша «Росатом» мемле­кет­тік корпорациясының база­л­ық жоғары оқу орнын – «МИФИ» Ұлттық ядролық зерт­­теу уни­верситетін (МИФИ ҰЯЗУ) «Атом стансалары: жобалау, пайдалану, инжиниринг», «Ра­диациялық қауіпсіздік» және «АБЖ ТП» бағыттарында маман­дық бағдарламалары бойын­ша бітірді. 72 адам Санкт-Петер­бург мемлекеттік поли­техника­лық университетінде оқу­ды тәмам­дады.

Қазір Ресейде 38 түрік сту­денті «Аккую» АЭС-і үшін ма­­ман даярлаудың мақсатты бағдар­­ламасы бойынша оқуын жалғас­тырып жатыр. Оның 12-сі МИФИ ҰЯЗУ-да, 26-сы «МЭИ» Ұлттық зерттеу университетінде оқиды. 2025 жылы түрік мамандарын даярлау бағдарламасына тағы 46 адамды қабылдау жоспар­ланған.

2023 жылдан 2030 жылға дейін Ресейдің жоғары оқу орындарында тағы 300 түрік талапкері даяр­ланады. «Аккую» АЭС-і үшін пай­­далану персоналын оқы­ту үде­­рісінде атом және атом емес ма­­мандықтар бойынша бар­лығы 600-ден аса түрік азаматын даяр­лау көзделіп отыр. АЭС үшін пер­соналды мақсатты даяр­лау бағ­­дарламасы Түркия сту­дент­те­рі­­нің қызығушылығын ту­дыр­ды. Бай­­қауда бір орынға 78 үміт­­керге дейін таласады.

Түрік мамандары АЭС басқа­рудың алғашқы практикалық дағдыларын Ресейде – арнайы құрылған толық масштабты тренажерларда (ТМТ) алады. Қазіргі уақытта «Аккую» АЭС-інде жұ­мыс істеуге дайындық үшін түрік атомшыларының алғаш­қы ауы­сымы ресейлік тренажерларда оқытудан өтіп жатыр. Жалпы, ресейлік дизайнның ең жаңа энергия блоктарын басқаруға қатысатын Түркиядан келген мамандардың 7 тобы (ауысымы) кезекпен дайындықтан өтеді.

 

Астана – Ыстанбұл – Адана – Мерсин – Ыстанбұл – Астана