Көктемгі жаңбыр көз аштырмады
Биыл ауа райының қолайсыздығына қарамастан солтүстік диқандары жақсы астық өсірді. Алайда күнбе-күнгі нөсер жаңбыр, күннің ыстығының кем болуы оның пісуіне кедергі келтіріп-ақ тұр. Осымен екі жыл қатарынан ауа райы диқандардың адымын аштырмауда. Көктемгі егіс те күн райының кесірінен уақытында аяқталмады. Енді диқан көңілінде табиғат ораққа да кедергі келтірмес пе екен деген күдік бар.
Мамандар пікіріне қарағанда, биылғы маусымның қолайсыздығы былтырғы күзден белгілі болған. Ерте суытқан күндер, көз аштырмаған қалың жаңбыр топырақты әбден «тойындырған». Ылғалы онсыз да жоғары танапқа қалың түскен қар суы да аяусыз құйылды. Табиғаттың кесірі мұнымен де тынбай, дәл егіс науқаны қызу жүре бастаған шақта жаңбыр төкті. Синоптиктердің айтуынша, нормадағы 30 мм орнына кей жерлерде 60 мм-ге дейін жауған. Осының өзі егіс науқанын кем дегенде бір аптаға дейін қозғалтпады. Ал «көктемнің бір күні жылға азық» екені белгілі – егіс уақытында болмаса дән өрмей, шығымы төмендеп қалады.
Сөйтіп, мамырдың соңғы күндерінде аяқталуға тиіс егіс науқанын кей шаруашылықтар маусымның ортасына дейін апарды. Соған қарамай қасиетті қара жер диқан еңбегін еш қылмай, былтырғының 80 пайызындай көлемде астық шығарып отыр.
4,5 млн гектарға астық егілді
Тәжірибе стансасы жер игеру бөлімінің меңгерушісі Олег Соловьевтің пікірінше, биыл гектарынан 15 центнерден астық алуға мүмкіндік бар. Ал майлы дақылдардан гектарынан 10 центнерден өнім жинармыз деген үмітіміз бар дейді ол.
Жалпы, облыс бойынша биыл 4,5 млн гектар жерге астық егілген. Шағалалыға жиналған мамандар қазір соның 80 пайыздайы жақсы, қалғаны қанағаттанарлық жағдайда екенін айтты. Олар үлкен жиын басталмай тұрып ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтарының көрмесін, өңірімізде өндірілген ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесін тамашалады. Өзара дуылдасқан әңгіме барысында диқандар түрлі техника мен жабдықтар тиімділігін, сұрыптардың сапасын, егістің аяқталған мерзімдерін, күздің берекелілігін талқылап жатты.
Мемлекет басшысы биыл диқандар алдына 5 жыл ішінде ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеріп, жалпы өнім көлемін 2 есе арттыру керек деген нақты міндет қойды. Осы бағытта Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешенінің әрбір бағытын қамтитын «Жол картасын» әзірлеген. Өңір басшысы Ғ.Нұрмұхамбетов Солтүстік Қазақстан облысында бұл тапсырма қанағаттанарлық деңгейде орындалып жатқанын айтты.
Президент тапсырмасы орындалып жатыр
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатымен егіс алқаптарын әртараптандыру қолға алынды. Қазір майлы дақылдар мен әлеуметтік маңызы бар дақылдар көлемі еселеп артқан. Дақылдардың сұрып сапасын арттыру мен ауыл шаруашылығының жетілдірілген техникаларын сатып алу да барынша ұлғайды. Биыл бізде топырақ құнарын арттыру мақсатында 3 млн гектар аумаққа 257 мың тонна минералды тыңайтқыш себілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп. Жалпы, облыстың егіс алқабы 4,5 млн гектар жерді құрайды. Оның ішінде 3,4 млн гектарға дәнді дақыл, 751 мың гектар жерге майлы дақыл, 379 гектарға мал азығы егілді, 26 мың гектарға картоп және 5 мың гектар жерге көкөніс отырғызылды», деді өңір басшысы.
Биыл мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын субсидиялауға 60 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Бүгінде облыс танаптарына енуге 7,5 мыңға жуық комбайн дайындық сапында тұр. Оның 4 мыңға жуығы – жоғары өнімді комбайн. Техникалардың науқанға дайындығы 100 пайызды құрайды. Айта кетейік, 2024 жылға аграрийлерге 59 мың тонна арзан бағадағы жанар-жағармай берілген.
«Біздің шаруашылықтар су үнемдеуге арналған технологияларды да көптеп қолданбақ. Осы мақсатта биыл жалпы құны 13,6 млрд теңгені құрайтын 13 жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз. Бұл дәнді дақыл мен мал азығының аумағын 9,4 мың гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді», деді әкім.
Көрме-жәрмеңке – көпке пайдалы
Облыс бойынша астық қабылдайтын барлығы 46 элеватор бар. Олардың сыйымдылығы – 3,2 млн тонна. Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Азат Сұлтанов Үкімет алтын ораққа жан-жақты қолдау көрсету мақсатында көптеген шара жасағанын айтты.
«Биыл егін шаруашылығына бірінші рет 580 млрд теңгенің арзандатылған несиесі бөлінді. Бұл сапалы сұрыптар сатып алуға, өсімдікті қорғау препараттарын алуға да жұмсалады. Фермерлердің жаңа техникалар сатып алуына 5 пайыздық несие берілді. Оның да алғашқы жарнасын төлеу кейінге қалдырылды. Осыған байланысты диқандардан жақсы өнім күтеміз», деді ол.
Ұйымдастырылған көрме-жәрмеңкеге ауыл шаруашылығы шикізатын өңдейтін және дайын өнімдер шығаратын кәсіпорындар да өз тауарларын қойған. Соның бірі – Петропавлдың нан-тоқаш комбинаты. Коммерциялық менеджері Ерлан Махметов өз кәсіпорны өнімдерінің дәмділігі бидайдың сапасына тікелей байланысты болғандықтан, диқандармен тізе қосып еңбек ететіндерін айтты.
«Біздің кәсіпорнымыз – Петропавлдың байырғы өндіріс орындарының бірі. Былтыр оған 90 жыл толды. Біз күніне 20 тоннадай өнім шығарып, оны еліміздің барлық облысына сатамыз. Мына жерде диқаншылармен жасалатын келісімшарттарымызды нақтылай түсуге мүмкіндік туып отыр. Сондықтан бұл жиын біз үшін пайдалы», дейді.
Солтүстік Қазақстан облысы