Ауыл • 22 Тамыз, 2024

«Ауыл аманатына» берік аудан

141 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаңақала ауданы – Батыс Қазақстан облысындағы ең малды, бақуат­ты өңірдің бірі. Маусымдағы соңғы санақта мұнда 82 700 ірі қара, 132 842 қой-ешкі, 34 400 жылқы, 632 түйе тіркелген.

«Ауыл аманатына» берік аудан

«2024 жылдың алғашқы алты айында біздің ауданда жалпы құны 4 034,8 млн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді» дейді аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев. Оның әңгімесінен Жаңа­қала ауданында мемлекеттік бағдар­ла­малар арқылы 2024 жылы іске асып жатқан жобалар және алдағы жос­пар­лар туралы толығырақ мәлімет біл­дік. Күні бүгін ауданда 518 шаруа қо­жалығы, 42 ЖШС бар екен. Ал ресми тір­келген 15 ауылшаруашылық өндіріс­тік­ ко­о­перативінің 8-і нақты жұмыс істеп тұр.

«Ауданда 93 шаруа қожалығы асыл тұқымды мал өсірумен айналысады. Оның ішінде 86 қожалық – ірі қара, 15 қожа­лық – қой, 5 қожалық жылқы өсіреді. Қа­зір біздегі асыл тұқымды сиыр малы­ның үлесі – 24,5% (20 265 бас), қой – 12,5% (16 635 бас), ал жылқы  4,2% (1 438 бас) болды», дейді Алпамыс Жаңабайұлы.

Өңірдегі осындай оң өзгеріс төрт түліктің бабын тапқан шаруалардың тынымсыз еңбегі десек, мемлекеттің де ауылға арналған жәрдемі аз емес. 2024 жылдың 6 айында ғана осы Жаңақала ауданындағы шаруа қожалықтарына 511,3 млн теңге субсидия төленген. Соның ішінде мал шаруашылығы саласында төленген субсидия көлемі 454,3 млн теңге болыпты. Ауыл шаруа­шы­лығы техникасын сатып алу бойынша 57,0 млн теңге субсидия берілген. Аудан басшысы биылғы 6 айда ауданда 22 трактор, 31 ауыл шаруашылығы техникасы жаңадан сатып алынғанын айтады. Бұған қоса «КазАгроҚаржы» АҚ желісімен 140,4 млн теңге жеңілдетілген несие берілген.

Ауыл шаруашылығы саласында тартылған инвестиция көлемі 6 ай ішінде 267,4 млн теңгеге жеткен.

Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдауға арналған «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2023 жылы Жаңақала ауданында шаруалардан 87 өтінім түскен екен. Соның ішінде 46 жоба мақұлданып, 290,8 млн теңге қаражат аударылып, жүзеге асыпты. Бұл бағдарлама биыл да жалғасын тапты. 2024 жылы «Ақжайық» ауылшаруашылық өндірістік коопера­тиві АҚ басқармасына жаңақала­лық­тар­дан 39 жоба түсті. Бұл жобалардың жалпы құны 320,7 млн теңге еді. Со­ның ішінде 7 жоба – сүтті сиыр әкелу,­ 4 жоба – ірі қара бордақылау, 10 жо­ба – қой-ешкі алу, 3 жоба құс өсіру бо­лыпты. Одан бөлек, егіншілік, көлік жуу бекеті, мал сою цехы, өңдеу кәсіп­орын­­да­ры секілді аралас жобалар да бар. Қазір аталған 39 жобаның 30-ы қанағат­тандырылған.

«Сонымен қатар 3 ауыл шаруашы­лы­ғы өндірістік кооперативіне 70,5 млн теңге мөлшерінде несие беру жөніндегі жобаларымызды «Aqjaiyq» АШӨК АҚ басқармасы талқылап жатыр. Екі жоба қазірдің өзінде қанағатандырылды», дейді аудан әкімі.

Мемлекет басшысы Жолдауында отандық кәсіпкерлікті қолдау және бәсе­келестікті дамыту бойынша атқарушы орган­дардың алдына бірқатар нақты міндет қойған еді. 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта кәсіпкерлік үлесін 35%-ға дейін ұлғайту тапсырылған. Осы бағытта мемлекет қабылдаған шешімдерге сәйкес шағын және орта бизнес тұрақты дамып келеді. Дәл қазір Жаңақала ауданында 1 736 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны жұмысын жүргізіп тұр. Бұл салада 2 166 адам еңбек етіп, нәпақасын айырып жүр.

«Биыл кәсіпкерлік саласында 390 млн теңгеге 8 жоба жүзеге асты. Оның ішінде 2 азық-түлік дүкені, 2 супермаркет, 1 минимаркет, 1 дәмхана, 1 автокешен және 1 техникалық қызмет көрсету стан­сасы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін барлығы 430,0 млн теңгеге 10 инвес­тициялық жобаны жүзеге асырамыз деп жоспарлап отырмыз», дейді Ал­памыс Көшкінбаев.

«Биыл ауданда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамту үшін «Самұрық-Қазына» арқылы 50 үйге – 774,8 млн теңге, БҚО құрылыс басқармасы арқылы 5 үйге  89,1 млн теңге қаржы бөлінді. Бұған қосымша биыл 12 үйге бюджеттік өтінім жолдадық», дейді А.Көшкінбаев.

 

Батыс Қазақстан облысы