Мәселе • 22 Тамыз, 2024

Алаяқтар айылын жияр емес

129 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Алғашында интернет-алаяқтықтың санаулы ғана түрі бар еді, бүгінде санынан, тіпті түрінен жаңылатын болдық. Олардың әккілігі соншалық, құзырлы органдар мейлінше жолын кесіп, «құрыққа» түсіріп жатса да, аяғын тартып, айылын жияр емес. Әзірге қаржы қаскөйлері қолданатын алаяқтық схемалардың ішінде жалған хабарлама таратып, құқық қорғау, ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкері болып хабарласу әдісі сан тәсілдің алды болып тұр.

Алаяқтар айылын жияр емес

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Қазіргі алаяқтарды құдды бір психолог па дерсің. Адамның іші-бауырына кіріп, болмаса осал тұсын тауып, үрейдің астына алады. Құқық қорғау саласының тергеушісі болып «жемтігінің» әлде бір заң бұзушылыққа қатысы бар екенін «қару етіп», тығырыққа тірейді. Қорқытады, үркітеді. Тіпті жала жабады. Адамдардың саяси, құқықтық және қаржылық сауатының саяздығын пайдаланып, небір қитұрқы амалға барып жатыр. Мұндай фактілер күн өткен сайын көбейіп келеді. Тіпті жуырда Астанада күніне 10 мың адамға қоңырау шалған алаяқтық топ ұсталды. Қала прокуратурасы таратқан дерекке сүйенсек, әлеуметтік желі парақшалары мен электрондық мессенджерлердегі аккаунттар заңсыз қосылған жүздеген SIM қорап анық­талды. Абоненттік нөмірлерді ауыс­ты­руға және географиялық орынды өзгертуге арналған құрылғылар тәркіленді. Жалпы, бұл жабдықтар арқылы олар бір мезетте ондаған адамға қоңырау шалып, жүздеген хабарлама жіберген. Қазіргі уақытта тергеушілер зардап шеккен азаматтарды анықтап жатыр. Еліміздің Қар­жылық мониторинг агенттігінің мамандары алаяқтардың құрбаны болмау үшін үшінші тұлғаға жеке деректерді немесе банк шоттарына қатысты ешбір мәлімет бермеуді қанша ескертсе де, қалың көпшілік қаржылық сауаттың төмендігінен бәрібір алданып қалып жатыр.

Агенттік биылғы алғашқы жартыжыл­дық­та азаматтарды алаяқтық схемаларға тартудан қорғау мақсатында қаржы пира­­мидаларын ұйымдастырушыларға қатысты 22 тергеуді қолға алған екен. Ал құқыққа қарсы мазмұндағы 14 мың сілтеме алдын ала бұғатталып, 100-ден астам құқыққа қарсы чат пен аккаунт жойылды.

Амалы қалмаған алаяқтар енді Ұлттық банк құрған «Антифорд-орталықтың» маманы болып жұрттың мазасын ала бас­тады. Ұлттық банк баспасөз қызметінің бас маманы Нұрболат Туысбайұлының айтуын­ша, аталған орталық мамандары ешқашан азаматтарға қоңырау шалмайды екен. Олардың басты міндеті – жалған шоттарды бұғаттау.

«Алло, сәлеметсіз бе! Сізді «Антифрод-орталықтан» мазалап тұрмыз» деп біреу қоңырау шалатын болса, әңгімені әрмен қарай созбай, телефон тұтқасын дереу қоя салған дұрыс. Себебі ол орталықтан ешкім сізге қоңырау шалмайды. Ал өзін тап солай таныстырған адам – алаяқ», дейді Н.Туысбайұлы.

Ұлттық банк биылғы шілде айында банктік онлайн-операцияларды бақылау үшін, азаматтарды қашықтан «басқарып» жүрген алаяқтармен күресу үшін «Антифрод-орталығын» іске қосқан.

– Бір айға жетер-жетпес уақыт ішінде Орталық күдік туғызған 400-ден астам транзакцияны тоқтатып, отандастарымыздың 30 млн теңгедей ақшасын сақтап қалды. Бұған дейін алаяқтар бізді қалай алдаушы еді? Банк түрлі күштік құрылымның атынан телефон шалып, небір «арнайы операцияларға» тартуға тырысатын немесе телефондарына қашықтан бас­қаруға көмектесетін қосымшаны алдап жүктеткізуге ұмтылатын еді. Сөйтіп, жұрттың ақшасын қағып алуға әрекет қылатын. Олардың айласына көп адам сенді де. Енді әккілер осы «Антифрод-орталықтың» атынан қоңыраулатуы да ғажап емес, – дейді Н.Туысбайұлы.

Шоттары бұғатталып, амалы азайған алаяқтар өзге тәсілге көшуді көздеп, тап осы орталықтың атынан қоңырау шалуы мүмкін. Аталған орталық жоғарыда аталғандай банктік операциялардың орындалуына жол бермейді деген сенім­деміз. Ал бұл орталықтың мамандары ешқашан клиентке қоңырау шалмайтынын қаперіңізде ұстап жүргеніңіз абзал.

Ертегідегі жеті басты айдаһар сияқты бұл алаяқтардың да айласы азаяр емес. Олар енді Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) атынан іске кірісіп кетті. Жалпы, агенттік атауында «қаржы» сөзі болғанымен, ол жеке тұлғалармен айналыспайды, яғни Президентке ғана тікелей бағынып, есеп беретін, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) қатысты және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік орган. Алаяқтар осы жерде халықтың тағы да қаржылық сауатсыздығын пайдаланып, осы органның атын жамыла кетті.

Осыған байланысты жуырда агенттік ресми мәлімдеме жасап, телефон арқылы жасалған алаяқтық фактілері туралы ха­бар­лады. ҚМА ресми өкілі Әлібек Әбділов алаяқтар телефон қоңыраулары немесе хабарлама жіберу арқылы өздерін агент­тік қызметкерлері ретінде таныстыруы мүмкін екенін ескертті.

– Әңгіме барысында алаяқтар Қазақ­­стан резиденттерінің қаражатын банктік шоттардан қылмыстық жолмен алудың әртүрлі схемасын сылтау етіп, алаяқтықтың ықтимал белгілеріне, ҚМА тарапынан қойылған шектеулерге байланысты банктердегі шоттар бойынша операцияларды тоқтата тұру туралы хабардар етеді.

Әрі қарай алаяқтар банктік шоттардың реквизиттерін, заңмен қорғалатын және құпия, жария етілмейтін деректерді ұсынуды сұрайды. Сосын жәбірленушіге агенттік атынан жалған құжаттар жібері­леді. Онда мемлекеттік органның қолы, атауы, мөрі мен реквизиттері орналас­тырылады. Бұл ретте қоңырау шалушылар өз әрекеттері туралы ешкімге хабарламауыңызға кеңес береді, – дейді агенттіктің ресми өкілі.

Ол Қаржылық мониторинг агенттігі жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейтінін, ақшалай есеп айырысулар, яғни операциялар жүргізбейтінін және жеке тұлғалармен байланыс орнатуға бағытталған қызметті жүзеге асырмайтынын ресми түрде растады.

Жуырда астаналық дәрігер Нұрбану Бердімбетова дәл осындай схемамен алаяқ­тардың құрығына түсіп қала жаздағанын айтып берді. Бірақ ол дәрігерге қаскөйлер ҰҚК қызметкері ретінде «көмек көрсеткісі» келген.

– «WhatsApp»-тағы мессенджеріме Тараздағы бұрынғы басшымның, яғни қалалық №7 емхана меңгерушісінің фотосы қойылған, телефонымда сақталмаған белгісіз нөмерден хабарлама түсті. Мәтін орыс тілінде жазылған. Мағынасы мынандай. ҰҚК өкілі ол кісіге хабарласып, менің қатысым болуы мүмкін террористік акт туралы баяндаған. Мен әлдебір адамға 3 млн теңге сомасында қаржы аударған екенмін. Ал оның Алматыда және Ресейде болған террористік әрекеттің қатысушысы екені анықталыпты. Яғни мен Қылмыстық кодекс бойынша террористің жақтаушысы, қолдаушысы болып шыға келіппін. Мені осы бәлелі істен арашалап алу үшін енді маған ҰҚК қызметкері еліміздің Ұлттық банкі арқылы көмек көрсетпекші. Сөйтіп, бұрынғы «басшым» маған қазір ҰҚК өкілі хабарласатынын айтты. «Бірақ ешкімге, тіпті жұбайыңа да тіс жарма, екеуміздің де басымыз кеткелі тұр» деп тіпті үрейлендіре түсті, – дейді Н.Бердімбетова.

Хабарлама ел танитын емхана меңгеру­шісінен келіп тұрған соң, дәрігер ол кісіге имандай сенген. Қол-аяғы дірілдеп, жылауға дейін барған. Біраз уақыттан кейін әлгі ұлттық қауіпсіздік қызмет өкілі хабарласып, мән-жайды түсіндіргенде тіпті мазасы қашып, жүрегі алқымына келіпті.

– Бітті, жеткен жерім осы деп ойладым. Ол артынша қай банкте шоттарымның барын сұрады. Бәрін айтып бердім. Соңында «Ұлттық банк өкілі хабарласады, барлық шотыңыз туралы мәлімет беруіңіз керек. Олар шұғыл арада нақтылап, террориске ол ақшаны сіз аудармағаныңызды бізге растап береді», деп жұбатқандай болды. Бірақ мен сол сәтте емханада пациент қабылдап отырғандықтан, қазір сөйлесе алмайтынымды, кешке хабарласуын өтіндім.

Бір кезде емхана меңгерушісінің менде нөмірі сақталғаны және оның тек қазақ тілінде жазатыны есіме түсіп кетіп, өзіне қоңырау шалсам «Ойбай, алаяқтар елдің бәрін мен болып шошытып жатыр екен. Жолама, сөйлеспе», деп шырылдап кетті. Содан адвокат әпкеме хабарласып едім, ол да мұның алаяқтық схемасы екенін айтып бір жұбатты. Артынша дереу ҰҚК-тің сенім телефонына шығып, мән-жайды түсіндірдім. Олар да «Біз мұндай іске араласпаймыз. Алаяқтық фактісі бойынша полицияға арыз түсіріңіз», деп еңсемді бір көтерді. Дереу әлгі ҰҚК-дегі «жанашырыма» алаяқ екендерін жаздым. Сөйтсем, өзіме шап беріп, «Үшінші тұлғаға айтпа дедік қой, сіз біздің жұмысымыздың бәрін құрдымға кетірдіңіз» деп ресми тілде дүрсе қоя берді. Неге қазақ тілінде жазбайсыздар деген қарсы сұрағыма іс ресми тілде ашылған, сол себепті тергеу барысы сол тілде жүреді деп білгішсінді. Артынша өзіне айтқым келген сөздің бәрін айтып-айтып, айызымды бір қандырған соң нөмірді блоктап тастадым, – дейді кейіпкеріміз.

Нұрбану Бердімбетова бізге осы мәселе бойынша сасқанынан өзінің бірнеше қателік жібергенін де айтып берді. Алдымен ол мессенджерде таныс адамының фотосы тұрғанымен, ол кісінің нөмері өзінде сақталғанына сол сәтте мән бермеген.

– Екіншіден, емхана меңгерушісі бізге ешқашан орыс тілінде жазбайтын. Бұл жолы орысша «сайрап» отыр. Және де ешқандай банк өз клиентінен жеке мәліметтерді сұратпайтынын жақсы біле­тін­мін, өйткені оларда клиент туралы қажетті жеке мәліметтер жеткілікті. Бірақ мына жағдайда абдырағаным соншалық, оны да есімнен шығарып алдым, – дейді алаяққа алданып, сан соғып қала жаздаған дәрігер.

Сондай-ақ астаналық дәрігер отандас­та­рымызға осындай оңай олжаға үйреніп алған алаяқтардың алдауына түсіп қалмас үшін еш саспастан, сұрақтың бәріне салқынқанды жауап берген жөн екенін ескертті. Ал негізі әңгіме ауаны осылай басталып жатса, телефонды бірден қоя салу керек екенін де айтты. «Жұртшылық әлеуметтік желідегі болмашы дүниені қарай бергенше, құзырлы органдардың таратып жатқан жалған «қызметкерлерге» қатысты ақпараттарын да бір сәт оқып, нұсқаулықтарына көз жүгіртіп тұрса екен», дейді.