Мирас • 21 Тамыз, 2024

Теңге ату

45 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл – қазақтың мергендік өнерінің бір түрі. Сайысқа тек нағыз сыналған мергендер қатысатын болған. Өйткені алақандай теңгені атып түсіру үшін мерген ұзақ жыл жаттыққан, әбден ысылған, садақ көздеудің қыр-сырын жетік меңгерген әрі теңге ату кезіндегі ауа райының құбылысын, желдің бағытын және ауаның ылғалын тағы басқа жанама факторларды терең меңгерген болуға тиіс.

Теңге ату

Суретте: Медаль теңгелер

Жоғарыдағы теңге ату өнері туралы халқымыздың батырлық дастандарында жыр мәтінді деректер кездеседі. Мысалы:

«Қобыланды атқан оқ

Қара тастан өтеді,

Ақ теңгеге жетеді.

Шылдыр етіп ақ теңге,

Енді жерге түседі.

Мұны көріп көп халық,

 Енді бір шу етеді.

Теңгені атып түсіріп,

Көңілдері тынады».

(Қобыланды батыр жыры (Сүйіншәлі нұсқасы). Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004. 35 – том. 290-бет).

Алпамыс жырында:

«Ататын жері теңгенің

Екі жүз қадам шамалы.

Жамбы атуға шыққанның

Алпыстан асқан санағы».

(«Қисса Алпамыс». Ә.Байтұрсынұлы нұсқасы: Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: «Фолиант», 2004. 34 – том. 298-б).

Осы орайда бұрын-соңды көп айтыла бермеген мына бір дерек қызығарлық. 1976 жылы Ұланбатыр қаласында жарық көрген «Сурын харваа» («Садақ ату») атты еңбекте (авторлары Б.Балдандорж, Ч.Шарав, Д.Дондог) орта ғасыр бедерін­де өмір сүрген көшпелі тайпалар арасында аса биік деңгейде мергендер сайы­сы өтетіні туралы баяндалып, жеңіске жеткен мергендер құрметіне металл (темір, қола, алтын, күміс, т.б.) теңге со­ғылатыны хақында дерек кездеседі. Қазір­гі күннің тілімен айтқанда, чем­пион ­мен жүлдегерлерге берілетін алтын, күміс, қола медаль сияқты.