Суреттерде: Жаңа нысандардың жайы, осы.
Алайда алақандай ауылдың ажарын ашып, өнерсүйер қауымның қара шаңырағына айналған мәдениет үйлерінің қазіргі жай-күйі алаңдатарлық жағдайда. Деректерге көз жүгіртсек, Кеген ауданы бойынша бүгінгі күнге 10 мәдениет үйі мен 4 клуб бар. Олардың ішінде ең алғаш бой көтергені Тұйық ауылдық клубы екен. 1964 жылы салыныпты, яғни 60 жыл толғанымен, ізі жоқ. Одан кейінгі жылдары Ақтасты клубы мен Кеген ауылындағы мәдениет үйі салынған. Міне, сонау жылдардан бері халыққа қызмет көрсетіп келе жатқан мәдени нысандардың нарық тұсында тоз-тозы шықса, кейбірінің іргетасы да қалмаған.
Соның қатарында «Қарқара ауылының мәдениет үйін айтуға болады. Бала күнімізде еңселі етіп салынған екіқабатты мәдениет үйінде ұйымдастырылатын сан түрлі іс-шараларға қатысып, кітапхана жағалап, рухани нәр алып өстік. Кейін қирап қалғанын көргенде көңіл құлазыған еді. Десе де елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал жақсарып, жоғымыз түгенделе бастаған тұста ауыл мәдениетіне де мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлініп, қираған ғимаратты қалпына келтіріп, жоғын жаңадан салу жұмыстары бастау алды. Әйтсе де аудандағы құрылыс жұмыстары сиырқұйымшақтанып, соңы сағызша созылып бара жатқаны ауыл тұрғындары мен өнер жанашырларын алаңдатып отыр.
Соның бірі – Бөлексаз ауылындағы 180 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталғанда халық балаша қуанған. Үш жыл бұрын іргесі қаланғанымен, әлі бітер түрі білінбейді. Бұл жөнінде Бөлексаз ауылында тұратын өнер өкілі әрі жанашыры Қызай Бейсен төмендегідей баяндап берді.
«2022 жылы басталған мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарын ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Мақатай Елжан, Ғазиз Дәулетшин және өзім бастаған кеңес мүшелері үнемі назарда ұстап келеміз. Осы жылдың маусым айында пайдалануға берілуге тиіс болған, алайда аяқталмады. Осыдан бірнеше ай бұрын құрылыс барысын аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, аудандық мәдениет үйінің директоры Ернат Ысқақ, ауыл ақсақалдары аралап көргенімізде, құрылыстың біршама олқы тұстарын тауып, учаске басшысы Қасым Төреевке ескерткен болатынбыз. Күн жылына салысымен қарқын алатын жұмыс жүрмеді. Күзетші мен 2-3 жұмыскер ғана төбе көрсеткендей болады. Сол аз ғана жұмыс қолы сыртын сылап, жауын шайған жерлерін өңдеумен жүрді. Келесі келгенімізде шатырдан өткен қар суының іші-сыртын айғыздап кеткен тұстарын көрсеттік. Одан бері де бірталай уақыт өткенмен, бітіруге ұмтылған жан жоқ. Құрылыс сапасы өте төмен, фойеге салынған есіктері қазірден солқылдап тұр», деген Қызай аға бұған қоса жылыту жүйесінде де кемшіліктер барын алға тартты.
Қарқара ауылында салынып жатқан мәдениет үйі де дәл осы кейіпте.
«Қарқара, Бөлексаз, Жалағаштағы мәдениет үйлерінің құрылыстары мерзімінен кешігуде. Оған қоса кемшіліктері өте көп. Көрермен залындағы орындықтары стандартқа сәйкес келмейді. Сахналарына проектор қойылған, ол дұрыс емес. Заманауи ЛЭД экран тұруы керек. Оның сыртында жылыту кезеңіне керек сұйық отын сақтайтын ыдыстың көлемі де кішкентай, небәрі 3 тонна сұйық отын сыяды. Қысы қатты әрі 6-7 ай от үзілмейтін өңірдегі нысанды жылумен қамтамасыз етуге кемінде 10-12 тонна сұйық отын кететін болса, сонда қалғанын қайда сақтаймыз? Көрер көзге сырты бүтін жаңа ғимараттардың іші-сыртындағы құрылыс сапасы сын көтермейді. Абаттандыру жұмыстары мүлдем қолға алынбаған», дейді аудандық мәдениет үйінің директоры Ернат Ысқақ.
Аталған ауылдардағы құрылыс нысандарын салуды «СЕМ-Шоғы Құрылыс-Сервис» ЖШС өз жауапкершіліктеріне алған. Жоба құны да оңай емес. Бөлексаз ауылдық мәдениет үйіне 285 470 256,96 теңге бөлінсе, Жалағаш ауылындағы нысанға 407,5 млн теңге, сондай-ақ Қарқара ауылындағы мәдениет үйінің құрылысы да осы шамалас, 492 814 704,76 теңгеге есептелген. Қыруар қаржыға салынып жатқан мәдениет үйлерінің сапасы әлден сынға ұшырап, мерзімінде аяқталмауының себеп-салдарын мердігер компания өкілдерінен сұрастырдық.
«Құрылыс жұмыстарының кешігуіне биылғы жылға қаражаттың бөлінбеуі қолбайлау болып тұр. Оған қоса жұмысшы жетіспейді. Ауыл азаматтары құрылыстан қашады. Сырттан апарсақ, оларға күн көрсетпейді. Міне, соның салдарынан құрылыс уақтылы аяқталмай тұр. Бірақ тамыздың соңына дейін Қарқараның мәдениет үйін іске қосуға күш саламыз. Кеткен кемшіліктерді қалыпқа келтіріп, сапалы етіп өткізуге тырысамыз», дейді учаске басшысы Жұмағали Рахметов.
Бұларға қоса Қарабұлақ ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөндеу және Саты мен Тоғызбұлақ ауылдарындағы мәдениет үйлеріне ағымдық жөндеу жүргізіліп жатыр.
Ал алдағы жылдары аумағына 5 елді мекен кіретін, Халық әртісі Рамазан Стамғазиев туып-өскен құтты мекен Шырғанақ ауылына мәдениет үйін салу қарастырылып, жобалық-сметалық құжаттамасы жасалып жатыр.
Алматы облысы,
Кеген ауданы