24 Қаңтар, 2015

Болашақ болжамы бұлыңғыр

735 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Дүние жүзін дүркін-дүркін дүрліктірген дағдарыс биылғы жылы жаһандық экономиканы жаңа қырынан тағы да қаусататын сияқты. Әсіресе, дағдарыс Еуропалық одақты тізерлетпей тынбайтын секілді. Сонау ХІХ ғасырда Карл Маркс: «Еуропаны белгісіз бір елес кезіп жүр – ол коммунизм елесі», деп адамзат тарихының ХХ ғасырдағы ұлы төңкерісін дәл болжаған еді. Енді, міне, ХХІ ғасырда Еуропаны тағы да бір жаһандық жойқын елес толассыз кезіп кетті. Оның ақырының қайда апарып соғарын кім болжапты. Дегенмен, бүгінге дейінгі бір анық мәселе, Еуропаның озық ойлы ақылының жемісі – Еуропалық одақ биылғы жылы не күйреу, не күйзелу қарсаңында тұр.

Еуропалық одақтағы тоқырау

ЕуросоюзИә, жаңа жылдан бері Еуропалық одақтың (ЕО) болашағы бұлыңғыр екені туралы мәселенің өткір қойылып отырғаны анық. Әлем саясатшылары мен экономикалық сарапшыларын біртұтас Еуропаның ертеңі ерекше алаңдатуда. Еуропалық одақ бүгінгі күйінде сақталып қала ма, экономикалық тығырыққа тірелген ЕО-ға мүше мемлекеттердің тағдыры не болмақ? Міне, сананы сілкіндірген осындай сансыз сұрақ бүгінде келешекті болжайтын дуалы ауыз сарапшылардың өзін жер шұқытып отыр. Осы ретте Еуропалық одақ дегеніміз не екеніне қысқаша тоқталып өткен артық болмас. Кәрі құрлықтың дамыған мемлекеттері осыдан 40 жылдан астам уақыт бұрын ЕО-ның іргетасын қалады. Алдымен бұл одақ алты мемлекеттің (Бельгия, Германия, Италия, Люксембург, Нидерланд және Франция) басын біріктірсе, бүгінде бұл интеграциялық құрылымға кәрі құрлықтың 28 мемлекеті мүше болып табылады. Сонымен бірге, 6 мемлекет ЕО-ға мүшелікке үміткер дәрежесіне ие. Олар: Албания, Исландия, Македония, Сербия, Түркия және Черногория. Құрамына кіретін мемлекеттердің экономикалық даму деңгейінің әртүрлі болуына қарамастан, ЕО 500 миллионнан астам адамды біріктіретін әлемдегі ең бай экономикалық одақ болып табылады. Оның біріккен ІЖӨ көлемі 15 триллион доллардан астам қаржыны құрайды. Бұл әлемнің ең ірі экономикасы – АҚШ-тың ішкі жалпы өнімінің көлемімен пара-пар. Сонымен бірге, ЕО-ға мүше мемлекеттердің басым бөлігі айналымға бірыңғай валюта – еуроны енгізіп, еуроаймақ құрып отыр. Экономикалық одақ 1992 жылы Маастрихт шарты бойынша заңды түрде бекітілген. Соған сәйкес ортақ рынок және ортақ валюта жұмыс істейді. Одаққа мүше мемлекеттердің іс жүзінде экономикалық тәуелсіздігі шектелген. ЕО-ның экономикалық саясатын бір орталықтан Брюссель жүргізіп отырады. Өкінішке қарай, соңғы уақыттағы ЕО-ға мүше көптеген мемлекеттердегі тоқырауға ұшыраған әлеуметтік-экономикалық ахуал Брюссельдің бұл экономикалық қауымдастық бойынша алдағы уақытта жүзеге асырылуға тиіс жоспарларына тосқауыл қоюда. Тіпті, жақында әлемнің ең ірі банктері Gitigroup және Goldman Sachs үстіміздегі жылы 25 қаңтарда Грекияда өтетін сайлаудан кейін еуроаймақтың ыдырау үдерісіне болжам-тест жасай бас­тады. Биылғы жылы Еуропалық одақтың тоқыраудан ыдырау үдерісіне көшетіндігі жөніндегі әңгімеге бұл интеграциялық құрылымға соңғы жылдары орын алған ерен экономикалық күйзелістер себеп болып отыр. Мәселен, өткен жылдың сәуір айында Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) ЕО-ның ішкі жалпы өнімінің 2014 жылғы өсімі туралы болжамды кемітті. ЕО-ға мүше 22 мемлекеттің 2014 жылғы ІЖӨ өсімі 2,7 пайыздан 1,9 пайызға кемітілген. Осы мемлекеттердің 2015 жылға арналған ІЖӨ болжамы 3,3 пайыздан 2,6 пайызға төмендетіліп отыр. Сонымен бірге, өткен жылдың қараша айында ЕО-ның макроэкономикалық болжамы да ең төменгі деңгейге түсірілді. Биылғы жылы ЕО-ның ішкі жалпы өнімінің өсімі 2014 жылғы мамыр айындағы 1,2 пайыздан 0,8 пайызға төмендетілсе, 2015 жылы бұл көрсеткіш 1,7 пайыздан 1,1 пайызға төмендетіліп отыр. Жаңа жылға болжанған экономикалық жетістіктерге қол жеткізу үшін ЕО-ға экономикасы рецессияға ұшыраған Грекия, Испания, Португалия сияқты мемлекеттер қолбайлау болып отыр.

Грекияның ертеңі екіұдай

ГрекияКөптеген сарапшылардың айтуынша, ЕО-ның ыдырау үдерісі Грекиядан бас­талатын сияқты. Бұл елге сарапшылар әлдеқашан «Еуропадағы экономикалық дағдарыстың жүрегі» деген айдар да тағып қойған. Грекияның бұл интеграциялық бірлестікке кіру жолы да нағыз «тар жол, тайғақ кешу» болған еді. Солай бола тұрса да 2001 жылдың 1 қаңтарында Грекия еуроаймаққа толыққанды мүше болды. Бастапқыда экономикалық интеграция Грекияға тиімді болып көрінгенімен, әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысы қордаланған барлық кемшіліктерді судың бетіне қалқытып шығарды. Әсіресе, бірыңғай валюта кеңістігі Афинаны девальвация жасау арқылы өз экономикасын қолдап отыру мүмкіндігінен айырды. Бұрын ұлттық ақшасына девальвация жасау арқылы экономикасын реттеген болып, көз алдайтын Грекияның төлем қабілеті мүлде тұралады. Сөйтіп, инвес­торлар бұл елдің төлем қабілетінің көз алдау екенін түсініп, инвестиция салудан бас тартты. 2010 жылы сәуір айында Грекия мемлекеттің төлеу қабілетінің жоқ екендігін ашық мойындап, сыртқы несие берушілерден көмек сұрауға мәжбүр болды. Әрине, Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) тектен-текке қарыз бермейтіні анық. Олар Афинаның алдына да өте ауыр міндеттер қойды. Атап айтқанда, Грекия бюджеттің әлеуметтік шығындарын барынша азайтуға, жекешелендіру науқанын жүзеге асыруға және басқа да құрылымдық реформалар жасауға міндетті болды. Кетеуі кеткен экономика оңалмады. Афина дүркін-дүркін сыртқы қарыздарға қол жаюға мәжбүр болды. Сөйтіп, Грекия ЕО-дан және ХВҚ-дан 240 миллиард еуро көмек алып, қарызға белшесінен батты. Тамырларында қан жүрмейтін Грекия экономикасы сыртқы қарыздың көмегімен оңала алмады. Ақыры 2012 жылы Грекия экономикасы іс жүзінде дефолтқа ұрынды. Брюссель Грекия экономикасын сауықтыру үшін барынша тырысып бақты. Бұл елдің ІЖӨ-ден асып кеткен қарызы қайта құрылымданды. Бірақ бұл шара да күткен нәтиже бермеді. Соның салдарынан инвесторлар өз қаржыларының жартысынан астамынан айырылды. Сол уақытта-ақ көптеген инвесторлар бұл елдің еуроаймақтан шығуын көксеген еді. Алайда, еуроаймақтың көшбасшысы Германия ыдыраудың басталуына жол бермеді. Соңғы екі-үш жыл көлемінде Германия Грекия экономикасын тірілту мақсатында қолдан келгеннің бәрін жасап бақты. Өткен жылдары тіпті тұралаған экономикаға қан жүгіре бастағандай болған еді. Алайда, мұның бәрі уақытша құбылыс екен. Өткен жылы желтоқсан айында орын алған саяси дағдарыс Грекияның облигацияларын 1 айдың ішінде 2010 жылғы деңгейіне дейін қайтадан құлдыратты. Осының салдарынан қор рыногы GREXIT аббревиатурасының күн сайын 7-8 пайызын жоғалтып отырды. Сөйтіп, Грекияның еуроаймақтан шығуы туралы мәселе қайтадан күн тәртібіне қойыла бастады. «Жығылғанға – жұдырық» демекші, Грекиядағы саяси дағдарыс отқа май құйғандай болып отыр. Өткен жылдың 29 желтоқсанында грекиялық парламент үшінші, соңғы турда президент сайлай алмады. Соның салдарынан кезектен тыс парламент сайлауын өткізу қажет болды. Ел премьер-министрі Антонис Самарас кезектен тыс сайлауды биылғы жылдың 25 қаңтарына белгілеген болатын. Қысқасы, ертең сайлау өтеді. Әлеуметтік сауалдамалардың болжамы бойынша, бұл сайлауда «СИРИЗА» оппозициялық партиясының жеңіске жететін түрі бар. Сарапшылардың айтуы бойынша, бұл партия жеңіске жететін болса, бірінші кезекте Грекияның еуроаймақтан шығу мәселесін күн тәртібіне шығармақ көрінеді. Қалай болғанда да, қаңтар айы еуроаймақтың болашағын айқындайтын шешуші кезең болғалы тұр. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» демекші, алда-жалда Грекия Еуропалық одақтан шығатын болса, оның жолын Испания мен Португалияның қуатыны анық.

Жастары жұмыссыздың жағдайы жадау

ИспанияЖаһандық экономикаға ес жиғызбай қайтадан белең алған дағдарыс, әсіресе, қарапайым халықтың қабырғасына қатты батып отыр. Бұл ретте экономикалық рецессиялардан тұншыққан елдердегі белең алған жұмыссыздық өте қауіпті болып тұр. Онсыз да тығырықтан көз ашпай отырған еуропалықтарды жұмыссыздық кеселі одан әрі титықтатуда. Халықты күйзеліске ұшыратқан жұмыссыздық кеселінің ауқымы, әсіресе, Грекияда жоғары деңгейге жеткен. Бұл елдегі жұмыссыздық халықтың 25 пайыздан астамын қамтып отыр. Еуропалық одақта жұмыссыздық деңгейі барған сайын өсуде. Оны тоқтату шаралары ешбір тиімділік берер емес. Бүгінде бұл кесел тек экономикасы әлсіз мемлекеттерді ғана емес, Германия сияқты барынша дамыған елдердің де еңбек рыногын жаулап барады. Жұмыссыздық тек Еуропалық одаққа ғана қатысты емес. Бұл кесел жаһанды түгел жайлап, еңбек адамының ертеңге деген сеніміне елеулі сызат түсіруде. Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) деректеріне қарағанда, әлемдегі жұмыссыздық алдағы уақытта да өсуін тоқтатпайды. 2019 жылы әлемде 212 миллион адам жұмыссыздық қамытын киеді. ХЕҰ-ның дерегіне сүйенсек, 2008 жылғы әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың салдарынан 61 миллион жұмыс орны қысқарған екен. Қазір дүние жүзінде 201 миллион адам еңбек рыногының кезегінде тұр. Жастар арасындағы жұмыссыздық өте қауіпті қоғамдық құбылысқа айналды. Әсіресе, бұл кесел кәрі құрлық елдерінің жастары арасында қаулап барады. Қазір Грекия және Испания мемлекеттерінде жастардың 55 пайызы жұмыссыз жүр. Италия, Португалия, Ирландия, Болгария, Латвия, Венгрия, Словакия сияқты мемлекеттерде де жас­тар арасындағы жұмыссыздық 35-40 пайыздан асып жығылады. Еуропалық комиссияның деректері бойынша, 2014 жылы ЕО-да жұмыссыздық деңгейі 11,6 пайызды құраса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 11,3 пайыз болмақ. Халықаралық еңбек ұйымының мәлімдеуінше, дүниежүзінде 15 жастан 24 жасқа дейінгі жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 13 пайыздан асып жығылған. ХЕҰ-ның бас директоры Гай Райдердің айтуынша, бұдан бұрынғы жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс салдарынан белең алған жұмыссыздықтың бетін қайтару мүмкін болмады. Бүгінде дүниежүзінде жаппай жұмыссыздықтың жаңа көрінісі белең ала бастаған. Әсіресе, бұл әлеуметтік кесел экономикалық әлеуеті әлсіреген елдердің жастары арасында қаулап бара жатқан көрінеді. Дайындаған Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».