Ел экономикасын қажетті арнаға бағыттаған құжат
Андрей БЕГЕНЕЕВ, Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауының бір-бірінен өзіндік ерекшеліктері бар. 2014 жылғы 11 қарашадағы Жолдау креативтілігімен әрі дер кезінде жария етілгенімен ұтымды болып отыр. Мемлекет басшысы әлемдегі оқиғаларды, жаһандық экономикада болатын өзгерістерді алдын ала болжай білетін қабілетке ие екенін тағы да бір дәлелдеді. Болуы ықтимал сын-қатерлерге қалай жауап беру қажеттігін дұрыс таба білу оңай емес. Әрбір мемлекет үшін халықтың әл-ауқатын қалыпты ұстау, экономиканы дамыту маңызды болмақ. Бірақ соған қалай қол жеткізуге болады? Елбасы осы Жолдауда таяу бес жылдың ішінде қандай істер атқарылуы тиіс екенін, қандай салаларды дамытуға баса мән берілетінін жеке-жеке, орындалуын кезең-кезеңге бөліп айтып берді. Бұл жерде енді жаңа бағдарламаларды ойлап табу қажет емес. Халықтық ұғыммен айтқанда, «жаңадан велосипед ойлап шығарудың қажеті жоқ». Бұрын елдердің дамуы өз арнасында ғасырлар бойы бір қалыппен және баяу ағып жатқан өзендей еді. Ал қазір өзгеріске толы ғалам. Бүгінде барша дүние беймаза күй кешуде. Экономиканың тұрақсыздығы, саяси көзқарастардың сәйкес келмеуі сияқты келеңсіздіктер белең алуда. Қаржы дағдарысы бірде Америка құрлығын, енді бірде Еуропаны теңселтіп жатыр. «Нұрлы Жол» Жолдауының негізгі бағыты – біздің елдің саяси-экономикалық, әлеуметтік дәліздерін құру. Бұл көліктік-логистикалық, индустриялық, энергетикалық, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын, әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту жолдарында көрініс тапты. Қаржы дағдарысына және басқа да проблемаларға қарамастан, біз Президенттің жүргізіп отырған саясатының арқасында әлеуметтік салаға бағытталған қаржы көлемін сақтап қалдық. Біздің жылдар бойы жинаған резервіміз бар. Жаңа Жолдауда Ұлттық қордан қандай салаға қанша қаржы бағытталатыны нақты атап көрсетілді. Бүгінгі таңда мұнай бағасы төмен түсіп тұрса да, Елбасы халықты жарқын болашаққа сендіріп отыр. Жолдауға назар аударсақ, әлеуметтік саланы және тұрғын үй кешенін дамыту, экономиканың барлық саласы бойынша қандай істер атқарылатыны нақты айқындалғанын анық көреміз. Елбасы Қазақстанның экономикалық әлеуетін қажетті негізгі бір арнаға бағыттап отыр. Осы жерде атай кететін бір жайт – 2015 жылдан жаңа республикалық бюджет жоспары іске асырыла бастады. Үкімет пен Парламенттің шұғыл жұмыс істеуінің арқасында Мемлекет басшысының жаңа Жолдаудағы берген тапсырмалары үш жылдық бюджет туралы заңда толықтай көрініс тапты. Сөйтіп, «2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын 19 қараша күні Мәжіліс мақұлдады. Ал 25 қарашада Парламент Сенаты қабылдады. 28 қараша күні Мемлекет басшысы «2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға қол қойды. Бюджет кодексіне сәйкес қалыптастырылған бұл заңда 2015-2019 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен бюджет параметрлері толық ескерілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің әлеуметтік салаға бағытталған қаражаты еселене түсті. Білім беру мен ғылым саласының шығыстары ұлғайтылды. Денсаулық сақтау жүйесіндегі шығыстар да бірнеше есеге артып отыр. 2015-2017 жылдары Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының екінші кезеңін іске асыруға 232,9 млрд. теңге қарастырылды. Әрине, бұрынғы кездегідей кең көсілетін заман емес. Әскери тілмен айтқанда, «Белбеуді барынша тарылтып тағу керек». Басқаша болуы мүмкін емес. Ең бастысы, бюджеттік бағдарламалар тиімді іске асырылуы тиіс. Елбасы мемлекет қаражатының бір тиынына дейін қайда жұмсалғаны есепке алынатынын айтты. Үкіметке осы қаржылардың тиімді әрі оңтайлы пайдаланылуын қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді. Барлық әкімдерге айрықша жауапкершілік жүктеліп отыр. Ал «Нұр Отан» партиясы барлық деңгейлерде қатаң партиялық бақылау орнатуы тиіс екенін ескертті. 2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет жоспары тиімді пайдалану жүйесінің негізін қалайды және Үкімет пен Парламент жұмысына сынақ болады. Бюджет жоспары орындалуы барысында қаржы тапшылығы орын алуы ықтимал. Бірақ одан қорқудың қажеті жоқ. Кездескен қиындықты жүріп келе жатып еңсеру қажет. Белгіленген бағытта өмір сүріп, алға жүруіміз керек. Президент Тәуелсіздік күнінде сөйлеген сөзінде «Адам өзінің жауын да, досын да өзі таңдайды, ал көршіні Құдай береді» деген халық нақылын алға тартты. Қазақтардың қашанда көршісіне, қонағына құрметпен қарайтынын жақсы білемін. Қазақ халқының менталитеті осындай. Шетелдік әріптестеріміздің, өзге халықтардың Қазақстан туралы жақсы пікірін естігенде, көкейімізге мақтаныш сезімі ұялайды. Біздің халқымыз өте қонақжай, сондай-ақ, әлемде және көрші елде болып жатқан жағдайларға бірден назар аударады. Елбасының кемеңгер саясаты мен халықтың ізгі ниетінің арқасында мемлекетіміздің болашағы зор болады деп ойлаймын. Дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсаты алға қойылғаны белгілі. Ал біз оған әлдебір ұрандармен емес, нақты жүйеленген бағдар бойынша жететін боламыз. Мемлекет басшысының «Нұрлы Жол» Жолдауы – нақты істер кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын бағдарлама.Несиелендірудің тиімді жолын қарастыру керек
Палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста Парламент Мәжілісінің депутаты Николай Кузьмин Премьер-Министр Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдады. Онда төмендегі мәселе қозғалып, былай делінеді: «Өзіңізге белгілі, 2014 жылдың 11-14 қарашасында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру мақсатында республикалық ақпараттық топтардың құрамында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары ел өңірлерінде, оның ішінде Шығыс Қазақстан облысында болып, ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтары басшыларымен кездескен еді. Шаруа қожалықтарының басшылары екінші деңгейдегі банктердің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді техника, тыңайтқыштар алуға және айналым қаражатын ұлғайтуға несие беруге құлықсыз екендігін хабарлап, көп арыз-шағымдарын жеткізді. Бәрімізге белгілі, 2014 жыл ауыл шаруашылығы үшін қиын кезең болды, көптеген шаруашылықтар егіндерін жинай алмады және болжаған табыстарына қол жеткізе алмады. Өз кезегінде, екінші деңгейдегі банктер үш жылдан аспаған техниканы кепілге алады, ал егер бес жылдан асса, оны металлолом бағасынан сәл жоғары бағалайды. Осындай кепілдік жағдай жылжымайтын мүлікте де бар. Соңғы бес жыл бедерінде екінші деңгейлі банктер өздерінің шарты бойынша үлкен жеңілдікпен кепілдіксіз тұтынушылық несиелер берумен әуестенген, соның салдары несие қаражатының үлкен бөлігінің қайтарылмауына әкеліп соқтырды. Мемлекет басшысы осы жағдайға жеке көңіл аударды және екінші деңгейдегі банктердің проблемалық несиелерін сатып алу үшін Үкіметке 250 миллиард теңге бөлу туралы тапсырма берді. Бүгін ресейлік рубльдің құнсыздануына байланысты қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеушілер төмен бағамен өнімді Ресейден сатып алуда, ал біздің шаруа қожалықтары өз өнімдерінің бағасын төмендетуге мәжбүр. 2014 жылғы қолайсыз ауа райы, Ресей Федерациясындағы көршілерімізде ауыл шаруашылығы және ет өнімдері бағасының арзан болуы және екінші деңгейдегі банктердің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді несиелендіруге құлықсыздығы сияқты факторлар 2015 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын көптеген шаруа қожалықтары тиісті деңгейде атқара алмауына себеп болуы мүмкін. Мемлекет басшысы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында экономиканың нақты секторлары мен өндірушілерді, соның ішінде аграрлық секторды қолдау қажеттігін баса айтты. Бірақ, екінші деңгейдегі банктер, өздерінің коммерциялық мүдделеріне байланысты, өз несиелендіру саясатын, бұл жерде көпшілігі шағын және орта бизнес өкілдері болса да, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді белсенді несиелендіру жолына қарай өзгертер емес. Осы айтылғандарды және көктемгі егіс жұмыстарының басталуына аз уақыт қалғанын ескере отырып, сізден Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің екінші деңгейдегі банктермен бірлесе отырып, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді несиелендірудің тиімді саясатын дайындауына көмек беруіңізді сұраймын».Тағы да «Жол жүрісі туралы»
Заң жөнінде немесе ережелерді бірте-бірте енгізу керек
Менің осы шағын мақаланы жазуыма 2014 жылғы 17 сәуірдегі «Жол жүрісі туралы» Заңның жекелеген ережелері мен Үкіметтің 2014 жылғы 13 қарашадағы №1196 қаулысымен бекітілген Жолда жүру ережелерінің күшіне енгізілуіне жұртшылық арасында туындаған теріс пікір себеп болып отыр. Ерекше пікірталас балаларға арналған автоорынтақ орнатуға; тоқтатылған көлік құралына жол полициясының қызметкері келуге міндеттелген уақытқа; жолда жүру қауіпсіздігіне әсер ететін қосымша жабдыққа; көлік қорабына аэрографиялық бейнелер салуға; дәрі-дәрмек қорапшасының жаңа құрамына және тағы да басқа мәселелер қарастырылған ережелерге қатысты өрбіді. Бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет ресурстарындағы қоғамдық пікірге жүргізілген мониторинг осы мәселелердің себебі, Парламент депутаттары қабылдаған заңдар сапасының төмендігінен деген болжам жасалғанын көрсетіп отыр. Бірақ, Парламент қабылдаған кез келген заң қойылатын барлық талаптарға сәйкес, мемлекетте қалыптасқан өзекті қоғамдық қатынастарды реттейді және халықаралық стандарттарға жауап береді. Балаларға арналған автоорынтақ орнатуды міндеттеу негізді және өз уақытында енгізіліп отыр. Мәселен, Қазақстанда 2014 жылы кәмелетке толмаған жолаушылар қатысқан 1399 жол-көлік оқиғасының салдарынан 89 бала қаза болды және 1704-і түрлі деңгейдегі жарақат алды. Тек биылғы 1-7 қаңтар аралығында 6 жолаушы бала қаза болып, 17-сі жарақат алды. Осы айтылғандарды ескере келгенде, көңіл толмаушылық заң мәтіндерін зерделеуге қатысты емес, оны іс жүзінде қолданудан туындағаны белгілі болып отыр. Заң қандай жақсы болса да егер де ол қолданылмаса, немесе дұрыс қолданылмаса қоғамда міндетті түрде жағымсыз әсер туындатады. Ондай мысалдар жеткілікті. Енді «Жол жүрісі туралы» Заң мәселелеріне оралсақ, Парламент Үкіметке оның бекітілуіне не үшін жарты жыл мерзім бергенін еске түсірейік (сонымен бірге, қазіргі кезде заңның көңіл толмаушылық туындатып отырған осы ережесін қолдануға әзірлік үшін Үкіметтің негізделген өтініші болса, одан да көп берілер еді). Бұл жарты жыл атқарушы органдарға тиісті мемлекеттік органдар заң талаптарын іске асыру жөніндегі ұйымдастыру, техникалық, түсіндіру және басқа да әзірлік шараларын қабылдау үшін берілген болатын. Дегенмен, көріп отырғанымыздай, бұл жұмыстар атқарылған жоқ. Парламент Үкіметтің және орталық органдардың міндеттерін ажырату жөніндегі бірқатар заңдар қабылдады, онда министрліктер мен ведомстволардың өкілеттіктері елеулі түрде кеңейтілді және олардың қызметіндегі тапсырылған учаскелерге басшыларының дербес жауапкершілігі бекітілді. «Жол жүрісі туралы» Заңның 10-бабының 3) тармақшасына сәйкес, құқықтық тұрғыда ағарту және халықты хабардар ету мәселелері Ішкі істер министрлігіне бекітілген болатын. Бірақ қоғам өмірі үшін осындай маңызды заң қабылданғаннан кейін уәкілетті органдар Жолда жүру ережесін әзірлеумен және оны Үкіметке енгізумен шектелді. Ол, тіпті, барлық әзірлік жұмыстарын алмастыратындай көрінді. Өздері де жиі шатаса отырып және оны қалай орындауды жете түсінбей бір сәтте жұртшылыққа талаптарды қоя бастады. Нәтижесінде заңды қабылдаған Парламент депутаттары мен қаулыны қабылдаған Үкімет барлық жағымсыз пікірді естуге мәжбүр болды. Бұл заң ережелерін іске асыруға тиісті әзірлік жұмыстарын қамтамасыз етпеген уәкілетті мемлекеттік органдардың қанағаттанғысыз жұмыстарының салдары еді. Осыған байланысты Үкіметке аталған мәселе бойынша өз қаулысын әзірлеуді ұсынамын. Әзірлік кезеңі өтіп кеткенімен ештеңе істелмегендігін және заңның күшіне енгендігін ескере отырып, бұл ережелерді бірте-бірте енгізудің ережесін әзірлеу керек. Техникалық, ұйымдастыру, түсіндіру шаралары қауіпсіздіктің техникалық құралдармен, оның ішінде балаларға арналған автоорынтақтармен бірінші кезекте жабдықталуы тиіс автокөлік түрлері айқындалатын ұстанымды қолдана отырып қамтамасыз етілуі, сондай-ақ, осы талаптар қолданылмауға тиісті автокөлік тізімі белгіленуі тиіс. Мәселен, мынадай автокөлік түрлеріне: қалалық жерлерде балаларды тұрақты түрде тасымалдайтын жеке автокөлік иелеріне; халықаралық рейстерге шығатын таксилерге балаларға арналған автоорынтақпен) жабдықталуға тиісті талаптарды бекітуді ұсынамын. Бұл талаптар балаларды тұрақты тасымайтын қалалық такси және қызмет көліктеріне қолданылмауға тиісті. Сондай-ақ, автоорынтақтармен жабдықтау үшін автокөліктің техникалық мүмкіндіктерін де ескеру керек. Мәселен, автомобильге техникалық сипаты бойынша жүргізушімен бірге 5 адам (яғни, 4 жолаушы) отыра алатын болса, автоорынтақтар орнатылғаннан кейін көлікпен соншама жолаушы тасымалдауға болмайтыны, өйткені, бәрі бірдей сыймайтыны түсінікті. Бұл талаптардың, әсіресе, көпбалалы отбасыларға тікелей қатысы бар. Сондықтан жол инфрақұрылымының жағдайын, көлік тасқындарының тығыздығын, елді мекендердің түрлерін (елорда, облыстық, аудандық маңызы бар қалалар, село, ауыл, және т.б. сипаттарын) ескеру керек болады. Жол полициясы қызметкерлерінің кәсіби даярлық деңгейімен қатар (оларды қайта аттестаттаудан өткізуге дейін), заң талаптарын білуіне ғана емес, заңмен қорғалған азаматтар құқықтарын сақтауына да ерекше назар аударылуы тиіс. Дулат ҚҰСДӘУЛЕТОВ, Сенат депутаты.Елі ерін ұмытпақ емес
«Егемен Қазақстан» 2014 жылғы 27 желтоқсандағы нөмірінде Мәжіліс депутаты Жексенбай Дүйсебаевтың биыл туғанына 100 толуына байланысты мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшеновтің мерейтойын лайықты атап өту және жастар үлгі тұтар есімін есте қалдыру мәселелерінің қалай шешілетіндігін сұрап, Премьер-Министр Кәрім Мәсімовке жолдаған сауалы туралы «Жарқын есімін жадымыздан шығармайық» деген мақала жариялаған еді. Сол сауалға жуырда жауап келіпті. Онда Жұмабек Тәшеновке қатысты бұрын атқарылған біршама шаралар теріліпті. Соның ішінде 1997 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласындағы орта мектепке, сондай-ақ, Астана мен Алматы қалаларының орталық көшелеріне оның есімі берілгендігі айтылыпты. Ал жақында жасалатын шаралар қатарында Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі Петропавл қаласындағы №20 қазақ орта мектебіне оның есімін беру туралы ұсыныс жасағаны және ол Үкімет жанындағы республикалық ономастика комиссиясында қаралып, оң шешім тапқаны, қорытындысы Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігіне жолданғаны жеткізіліпті. Енді биыл аталмыш мектепке есіл ердің есімі берілер деген үміт бар. Жұмабек Тәшенов ұзақ жылдар бойы Солтүстік Қазақстан облысында басшылық қызметтер атқарып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына өзінің зор үлесін қосқаны белгілі. Сонымен қатар, ол – ұлттық құндылықтардың сақталуына, қазақ кадрларының өсуіне батылдықпен көмек жасап, ықпал еткен жан. Оның өжет қимылды ерен істерді атқара білгендігін солтүстікқазақстандықтар күні бүгінге дейін құрметпен еске алып отырады. Осы облыстан Ж.Тәшенов Ақтөбе облысы обкомының бірінші хатшылық қызметіне өсіп кеткен еді. Сондықтан да солтүстікқазақстандықтардың оның есімін есте қалдыру мақсатында атқарып жатқан істері өте орынды деп білеміз. Сондай-ақ, 100 жылдық мерейтойды атап өту шеңберінде былтырғы 28 сәуірде туған жері Астанадағы №10 мектеп-гимназияға Жұмабек Тәшенов есімін беру туралы мәселе қалалық ономастика комиссиясында қаралып, оң шешім қабылданыпты. Премьер-Министрдің жауабында енді Астана қаласы әкімі мен қалалық мәслихаттың бірлескен шешімінің жобасы әзірленіп, ол сессияның қарауына енгізілетіндігі туралы айтылыпты. Сөйтіп, 100 жылдық мерейтойдың қарсаңында мектеп-гимназияға Жұмабек Тәшенов есімі беріліп қалатын шығар. Жауапта ердің ескерткішін орнату туралы мәселе қозғалмаған. Алайда, бір кезде оған да қол жеткізілер деген үміт зор. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».Фотокүнделік
Суреттерді түсірген Ерлан Омаров.