Сенат • 23 Тамыз, 2024

Сенат: Үшінші сессиядан үміт көп

52 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сегізінші шақырылымдағы Парламенттің екінші сессиясы жемісті де мазмұнды жұмыс атқарып, көпшілік көптен күткен бірқатар заң қабылдады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған, қоғамға ашықтық пен жариялылық лебін ала келген Әділетті Қазақстан құру жолында бұл заңдардың атқаратын қызметі мен арқалайтын жүгі мол.

Сенат: Үшінші сессиядан үміт көп

Парламент Сенаты Мемлекет басшы­сының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформаларды және Жолдауда, Үкіметтің кеңейтілген отырысында, Ұлттық құрылтайда жүк­телген міндеттерді заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету ба­ғы­­тында нәтижелі жұмыс істе­ді. Бұған осы бір сессияның өзін­де 102 заңның қабылдануы дәлел. «Олардың үштен біріне де­пу­татт­ық корпус бастамашы бол­ды. Азаматтардың мем­лекет істерін басқаруға қаты­­суын қамтамасыз ететін «Қоғам­дық бақылау туралы» заң қа­бы­лданды. Әйелдер мен бала­лар­дың құқықтарын қорғауды күше­йтуге арналған заңнама қатаңдатылып, лудоманиямен күрес шаралары қолға алынды. Алғаш рет «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» арнайы заң қабылданды. Ден­саулық сақтау жүйесіндегі бір­қатар өзекті мәселелерді шешуге, саланы одан әрі жетілдіруге арналған заңдарға да маңызды түзетулер енгізілді. Отандық бұқаралық ақпарат құралдарын қолдау мақсатымен «Масс-медиа туралы» заң қабылданды», деп атап өтті Сенат спикері Мәулен Әшімбаев.

Бұдан бөлек, өткен сессия барысында Палатада 4 Үкімет сағаты, комитеттердің 50-ге жуық көшпелі отырысы, 100-ден астам дөңгелек үстел мен кездесу өткізгенін айта кету керек. Сонымен қатар сенаторлар 200-ге жуық депутаттық сауал жолдап, өзекті мәселелерді шешу жолдарын ұсынды. Аталған іс-ша­раларда қабылданған ұсы­­нымдар жұмысқа алынып, Үкіметке және жауапты мем­лекеттік органдарға жолданды.

Президенттің Іс басқармасы жанындағы Парламентаризм институты директорының орынбасары Берік Бекжанов бұрын заң жобалары көбіне Үкімет тарапынан келетін болса, кейінгі жылдары Парламент депутаттары да жиі бастамашы болып жүргенін айтып, мұның жақсылықтың нышаны екенін айтқан еді.

«Заң жобаларына бастама­шылық жасау құқығы Прези­дентке, Үкіметке және Парла­ментке берілген. Дәл қазіргі жағдайда Парламент депутаттары өздерінің осы құқығын өте бел­сенді пайдаланып жүр», деді ол.

Сонымен сегізінші шақы­рылымдағы Парламенттің кезекті сессиясының басталуына да санаулы күндер қалды. Бұл науқаннан не күтеміз? Сенат қоржынында қабылданбаған қандай заң жобалары қалды? Екінші сессияда Сенат 107 заң жобасын қарап, оның 102-сін қабылдаған. Қазіргі таңда Палата қоржынында 5 заң жобасы жатыр. Таяуда басталатын үшінші сессия жұмысы осы заң жобаларын қараудан басталуға тиіс. Оның бірі – «Қазақстан Респуб­ликасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы «Қарасу» және «Ақ-Тілек» автожол өт­кізу пункттері ауданында ин­дустриялық сауда-логистика­лық кешенді құру және оның қыз­ме­тін реттеу туралы келісім­ді ратификациялау туралы» заң жобасы.

Екіншісі – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы. Бұл – кейінгі уақытта көпті алаңдатқан мәселе. Қала көшелерінде көбейіп кеткен жаңа жол қатысушылары – мопедтер жолаушылар қауіпсіздігінің кемшін тұстарын айқындап берді. Бұл заң жобасында кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу, атап айтқанда Қылмыстық кодекстің 3-бабындағы «мотоциклдер» деген сөзден кейін «мопедтер» деген сөзді қосу қарастырылған. 1-баптың 41-тармақшасында «Мопедтерге мокиктер, скутерлер және осыған ұқсас сипаттамалары бар басқа да механикалық көлік құралдары теңестіріледі» деген толықтыру көзделіп отыр.

Бұдан бөлек, Сенат қоржы­нында «Қазақстан Респуб­ли­касының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексіне жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдас­тыру және жол қауіпсіздігін цифр­ландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Түркі мем­лекеттері ұйымына мүше мем­лекеттердің үкіметтері ара­сындағы оңайлатылған кеден дәлізін құру туралы келісімді рати­­фи­кациялау туралы», «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұр­ғын үй саясатын реформалау мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары жатыр.

Сонымен қатар өткен сессияда Сенат қарауына келіп түскен заң жоба­лары­ның ішінен 9 құжат Мәжіліске кері қай­тарыл­ғанын атап өту керек. Олардың ішінде кейбір заң­на­малық актілерге несие беру кезінде тәуекел­дерді барынша азайту, қарыз алушы­лардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеу және атқарушылық іс жүр­гізуді же­тілдіру мәселелері қарас­тырыл­ған заң жобасы да бар. Бұдан бөлек, денсаулық сақ­тау, бизнес жүргізу, жер қой­науын пайдалану және эколо­гия, Ұлттық қордан бала­ларға ар­нал­ған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселе­лері­не қатысты заң жобалары да қайтадан екі палатада қаралмақ.

Мәселен, «Қазақстан Рес­пуб­­ликасының кейбір заңна­малық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқық­тарын қорғау, қаржы нарығын реттеу және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселе­лері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарау кезінде сенаторлар құжаттың кейбір баптарын мақұлдамай, олардың жаңа редакциясын ұсына отырып, Мәжіліске қайтарған болатын. Несие беру де, жоғарыда айтылған өзге мәселелер де – қазіргі қоғам өмірінде күн тәртібінен түспей тұрған түйт­кілдер. Олар­дың оңтайлы шешімін табу қоғам мойнында тұрған ауыр жүкті түсіріп, халық өміріне өз жеңілдігін алып келер еді. Мұның бәрі Сенат пен Мәжі­лістің үшінші сессиядағы жұмы­сы қызу әрі маңызды болаты­нын білдіріп тұр. Бұдан өзге, қос палатаның депутаттары жаз мезгілінде еліміздің барлық аймағында сайлаушылармен кездесіп, жергілікті жердің проблемаларын көзбен көріп қайтқаны белгілі. Мұның нәтижесі Сенат­та айтылып, жүгі мол депутат­тық сауалдардың жол­дануына, халық күткен мәселе­лердің шешімін табуына септігін тигізеді деп үміттенеміз.