Қаржы • 23 Тамыз, 2024

Жыр болған ЖТСМ төмендеді

59 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Көптен бері қаржылық ортада талқыланып, бірқатар қарама-қайшы көзқарастың туындауына себеп болған жыл­дық тиімді сыйақы мөлшер­лемесін (ЖТСМ) төмендету мәселесі ақыры шешімін тапты. Жақында ғана Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөл­шер­лерін айқындау туралы бірлес­кен қаулыны бекітті.

Жыр болған ЖТСМ төмендеді

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Қаржы нарығын реттеу және да­мы­ту агенттігі Ұлттық банкпен бір­ле­­сіп «Жылдық тиімді сыйақы мөл­шер­­лемесінің шекті мөлшерлерін ай­­­қындау туралы» ЖТСМ шекті мөл­­шерін төмендетуді көздейтін бір­лес­кен қаулыны (2024 жылғы 16 тамыз­дағы №62 және 2024 жылғы 19 тамыз­дағы №45) қабылдады.

Бірлескен қаулы биыл 19 маусымда Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын іске асыру үшін қабылданды.

Бірлескен қаулымен ЖТСМ-нің шекті мөлшерлері банктердің кредиті және микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымдардың микрокредиті бойынша мынадай мәндерге дейін төмендетілді:

  • Кепілсіз банктік қарыздар бо­йынша ЖТСМ 56%-дан 46%-ға дейін төмендетілді;
  • Кепілді банктік қарыздар бо­йынша ЖТСМ 40%-дан 35%-ға дейін төмендетілді;
  • Ипотекалық тұрғын үй қарыз­дары бойынша ЖТСМ – 25%;
  • Микроқаржылық қызметті жү­зеге асыратын ұйымдардың микро­кредиті бойынша ЖТСМ 56%-дан 46%-ға дейін төмендетілді.

Заңмен 45 күнге дейінгі мерзімге берілетін 50 айлық есептік көрсеткішке (184 600 теңге) дейінгі сомадағы микрокредиттерді реттеудің ерекше тәртібі жойылды. Бұған дейін осы микрокредиттер бойынша шекті ЖТСМ-ді шектеудің орнына кредит мерзіміне номиналды мөлшерлеменің шекті мөлшері күніне 1%-ға дейін, бірақ
45 күнде 20%-дан аспайтын мөлшерде бел­гіленді. Жылдық тиімді есептеу­де бұл 339% және одан жоғары болған.

Осыған орай микрокредит бойынша бірлескен қаулымен 45 күнге дейін сыйақы мөлшерлемелері бойынша шектеулер қатаңдатылды:

  • Бір күндік номиналды мөл­шер­леме 1%-дан 0,3%-ға дейін төмен­детілді;
  • Шекті ЖТСМ 179%-дан аспайтын мөлшерде енгізілді.

«Қарыз алушылардың борыш жүктемесін шектеудің қосым­ша шарасы ретінде мұндай микро­кредиттердің шекті сомасы 50 АЕК-тен (184 600 теңге) 45 АЕК-ке (166 140 теңге) дейін төмендетілді. Бұл өзгерістер банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша шекті мөлшерлемелерді төмендетуге мүмкіндік беріп, халықтың борыш жүктемесін және шамадан тыс кредит алуын азайтуға ықпал ететін болады», делінген агенттік хабарламасында.

Бұл өзгерістер халықтың қарыз ауыртпалығын жеңілдетуге әсерін тигізуге тиіс. Себебі жаңа өзгерістер­ге сәйкес азаматтар үстеме төлемді азырақ төлейтін болады. Микроқаржы шекті сомасының 50-ден 45 АЕК-ке дейін төмендетілуі де – жақсы жаңалық. Жаңа ережелер тиімді жұмыс істеуі үшін ескі қаулылардың күші жойылды. Сарапшылар енгізіл­ген өзгерістер тұтынушылар құқығын қорғауды және жалпы қаржылық ахуалды жақсартуға көмектеседі деп үміттенеді.

Бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова тұтынушылық несие бойынша мөлшерлеме банк, МҚҰ және онлайн-кредиторлар ара­лығында құбылып тұрады деген болатын. Бұл орайда ол несие алу шешімін әбден ойланып барып қабылдауға шақырады.