Суретте: Шарқұдық шатқалындағы жаңа модуль
Кеген ауданының Мыңжылқы елді мекеніндегі теңіз деңгейінен екі мыңнан астам метр биіктіктегі Шарқұдық шатқалында өткен рәсімге департамент басшысы, полковник Әлібек Каюпов, аудан әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков қатысып, заманауи модульдің лентасын қиды.
«Шекараны нығайтуға арналған жол картасы – 2024» бағдарламасы аясында шекарашыларға пайдалануға берілген модульде барлығы қарастырылған. Жеке құрамның жатын жайы, жуынуға арналған орын, ас дайындап, тамақтанатын бөлмеге дейін бар. Сондай-ақ аптап ыстықтан қорғану үшін бөлмелер салқындатқышпен қамтамасыз етілген. Осыған дейін барлау-із кесу топтары өздерінің ел шебіндегі аптаға созылатын қызметтерін далалық шатырларда өткізетін. Ал таулы өңірдің ауа райы құбылмалы, жауын-шашын көп болатыны белгілі. Сондықтан шекарашыларға қолдарынан келген көмектерін аямайтын жергілікті әкімдік мұндай заманауи модульдердің санын алдағы уақытта да көбейтуді жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек, ел шебінде тұрған шекара бөлімшелерінің ғимараттарын жаңарту, офицерлерге арнап, қызметтік пәтерлер салу да жол картасы аясындағы ауқымды жоспарлардың қатарына кіреді.
Еліміздің Әнұранымен ашылған іс-шараның алғашқы сөз тізгіні департамент басшысы, полковник Ә.Каюповқа берілді.
«Модульдік кешен шекарашылардың көктем айынан басталып, күз аяқталғанға дейін созылатын қызметтеріне арналған. Бұл бастама, алдағы уақытта департаменттің барлық аумағында осындай шекаралық бекеттер іске қосылады», деген Әлібек Амангелдіұлы осындай мүмкіндікті бірінші болып иеленген «Аманжол» шекара бөлімшесінің барлау-із кесу тобын Шекарашы күні мерекесімен құттықтап, қызметтеріне қырағылық пен табыс тіледі.
Осыдан кейін департамент басшысы бастаған қонақтар заманауи үлгідегі жаңа шекара бекетінің ішін аралап көрді.
Айта кетерлігі, жыл басынан бері ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің учаскесінде шекара шебінде құқық бұзған 300-ге тарта адам ұсталған. Олардың ішінде мемлекеттік шекараны немесе шекара режімін бұзушылар, бақылау-өткізу бекеттерінің режімін бұзушылар көп кездеседі.
Қазіргі таңда қазақ-қырғыз шекарасы бойынша мемлекеттік шекараны бұзған 8 пәкістандық азаматқа қатысты тергеп-тексеру іс-шаралары өтіп жатыр. Шекара аймағына келу тәртібін бұзған 250-ден астам азамат әкімшілік жазаға тартылып, айыппұл арқалады.
Алматы облысы