Айбын • 23 Тамыз, 2024

Жауынгерлік дайындық пысықталды

205 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Құқықтық тәртіп әскерінің радиациялық химиялық және биологиялық қорғау мамандарының арасында алғаш рет өткі­зіліп отырған ведомствоаралық полигондық жұмыс аяқталды.

Жауынгерлік дайындық пысықталды

Тараз қаласындағы 5513 әскери бөлімінің базасында ҰҚК Шекара қыз­меті, Төтенше жағдайлар минстрлігі мен Қарулы күштердің, Ұлт­тық ұланның радиациялық, хи­мия­лық және биологиялық қор­ғау мамандарының  бірлескен екі апталық полигондық жиыны өтті. Дайындық жиынына ра­диациялық, химиялық және био­логиялық қорғаныс бөліністерінің 219 маманы мен 28 техника жұ­мыл­дырылды. Полигондық прак­­тиканың негізгі мақсаты – дала­лық машықтану денгейін арттыру, жеке дағдыларды жетілдіру және РХБ қорғаныс міндеттерін орындау кезінде ведомствоаралық есептоптар мен бөлімшелер құрамын­дағы іс-қимылдар үй­лесім­ділі­гін арттыру.

вап

Жиын бағдарламасы жеке құрамның жергілікті жерлерде және әртүрлі объектілерде имитацияланған уландырғыш заттардың болуын анықтауды, радиоактивті заттарды нақты жұқтыру жағдайында РХБ барлау­ды жүргізуді үйретуді қамтыды. Әскери қызметшілер тәжірибеде қарсыластың радиоактивті және улы заттармен ластанған қару-жарақ пен әскери техникасын газсыздандыруды, дезинфекциялауды үйренді.

«Ұлттық ұланда барлық ба­ғыт­тағы мамандарды, офицерлер, сержанттар мен сарбаздар құрамын кәсіби даярлауға маңызды мән беретінін, олардың кәсіби шеберлігін одан әрі жетілдіруді ұдайы арттырып отыратынымызды атап өткен жөн. Оқу уақытының 80 пайызы практикалық сабақтарға бөлінді. Қатысушылар арнайы және барлау дайындығының негіздерін үйреніп қана қоймай, улану кезінде алғашқы көмек көрсету және ұрыс даласында жеке құрамды санитарлық өңдеу мен тағы басқа дағдыларды пысықтады. Құрылымдық бөліністердің заманауи РХБ қорғаныс құралдары және арнайы техникаларымен танысып, олармен жұмыс істеуді зерделеді. Сондай-ақ полигондық жұмыс әскери қызметшілердің жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізу кезінде радиациялық, хи­миялық және биологиялық қор­ғауды ұйымдастырудағы теория­лық білімдері мен практикалық дағдыларын жетілдіруге өз септігін тигізеді», дейді полигондық жұ­мыс жетекшісі полковник Данияр Шакаев.

Жиынның алғашқы күні жеке құрамның саптық тексеруінен бас­талды. Кейін офицер мен келісім­шарт­тағы әскери қызметшілер төрт құрама взводқа бөлініп, алдын ала бекітілген кестеге сәйкес оқу нүктелерінде атқаратын мін­­деттердің ерекшелігіне қа­рай өтетін сабақтарға жұмыл­ды­рыл­ды. Жетекшісі мамандарды тү­гендеп алғаннан кейін жеке құрам практикалық дайындық өткізу үшін РХБ қорғаныс қала­шы­ғына бет алды. Ондағы тех­ни­калық бақылау шатырында газ­тұтқышты қиыстырып кел­тіру және техникалық тексеруден өткізу бойынша сабақ өткізілді. Сонымен қатар жаңадан енгізілген бақылау-тексеру нор­мативтерімен тактикалық атыс жаттығуларын меңгерді. Полигон жұмыстарының қалған күндері жеке құрам РХБ қорғану мамандарын дайындау бағдарламасына сәйкес полигондық жұмыс тапсырмаларын орындады.

Практикалық сабақтар барысында мамандар радиациялық, химиялық, биологиялық барлау және арнайы өңдеу пункттерін өрістету қару-жарақты, әскери техниканы және жеке құрамды толық арнайы өңдеуді пысықтады. Мамандар заманауи цифрлық байланыс құралдарымен, қару-жарақ түрлерімен, бекіністермен және жергілікті жерді бүркемелеу тәсілдерімен де танысты.

Осылайша, екі апта бойы 2000 жылдан аса тарихы бар киелі Тараз шаһарының ыстық ауа райына қарамастан, химиктер өздерінің теориялық білімдерін практикада көрсетіп, арнайы техника арқылы міндеттерін пысықтады, ал сержанттар бөлімшелерді басқаруда жауынгерлік қамтамасыз ету тапсырмаларын орындау бойынша тәжірибе алмасты.

Қоғамдық қауіпсіздікті қам­та­ма­сыз ету кезінде жеке құрамның іс-әрекеттеріне және қазіргі за­манғы қарулы қақтығыстардың ерекшеліктерін ескеретін так­ти­ка­лық мәселелерге де ерекше назар аударылды.

Жиын барысында мамандарға Қорғаныс министрлігі 22534 әскери бөлімінің АРС-14 KZ, жылжымалы РАСТ және Форд спринтер көлігінің базасында орнатылған биологиялық лаборатория секілді РХБ барлаудың заманауи үлгідегі жаңа техникалары ұсынылды. Ал демалыс күндері жиынға қатысушы РХБ қорғаныс ведомствосының бөліністері арасында «Динамо» спорт кешенінің базасында волейболдан жарыс ұйымдастырылды. Нәтижесінде, Қорғаныс министрлігінің мамандары бас жүлдені иеленсе, екінші орынға Төтенше жағдайлар құ­ры­лымының мамандары табан тіреді. Үшінші орын ҰҚК шекара қызметіндегі РХБ қорғаныс мамандарының қанжығасына байланды.

Полигондық практиканың қоры­­тындысы бойынша қатысу­шы­­лар арасында РХБ қорға­ны­сының үздік маманын анықтау үшін бақылау-тексеру сабақтары және взводтар мен бөлімшелер арасында нормативтерді орындаудан сынақтар қабылданды. 2024 жылдың үздік РХБ қор­ға­ныс маманы Ұлттық ұлан ака­демиясының РХБ қорғаныс қыз­ме­тінің бастығы Жәнібек Қабешев (1-орын), 6679 әскери бөлімнің РХБ қорғаныс бастығы лейтенант Бауыржан Серікболов (2-орын) және 5512 әскери бөлімнің РХБ қорғаныс бастығы майор Жандос Ходжаназаров (3-орын) болып танылды. Ал РХБ қорғаныс мамандарының арасында өткізілген ведомствоаралық эстафетада Ұлттық ұлан командасы бірінші орынды, Қорғаныс министрлігінің Қарулы күштері екінші орынды, ТЖМ командасы үшінші орынды иеленді. Сондай-ақ полигондық жұмысты өткізуде көрсеткен ынтасы мен белсенді атсалысқаны үшін бірқатар әскери қызметшіге және өзара бірлесіп қызмет атқаратын құрылым өкі­лі­не ІІМ орынбасары – Ұлттық ұлан бас қолбасшысының атынан грамота және алғысхаттар тапсырылды.