13 Маусым, 2015

Киіктер неге қырылды?

701 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Киік-01

Ақбөкен апаты «Сарыарқа қойнауларында киіктердің 132329 өлі денесі табылып, көмілді...» Газет хабары

Көшкендей құтым ұйықты қырдан, Көмейге қапа, күйік тығылған. Ай менен күннің аманында мына Албаты нәубет: киік қырылған?! Өкінішімнің өртін құшамын, Сары сақарада көлкіген сағым. Елестетем көзге еркін де ерке Ақбөкендердің жөңкілген шағын. Қырында киік ойнаған еді, Қызығына қазақ тоймаған еді. Адаматадан бері ақбөкендерім Атамекенін жайлаған еді. Даламның кие, көркіндей еді, Бозбала киген бөркіндей еді. Арқаның төрі – киік жайлауы, Бетпақтың шөлі төркіндей еді. Сұлулықты сүю сертім деп едім, Беліме садақ беркінбеп едім. Сары жазықта сағымдай аққан Киік нөпірлі толқын көремін. Динозаврлардың бел құрдасындай, Қазағым үшін төл жыр басындай. Киіктің лағы – лағыл тазалық, Көзімнен аққан мөлдір жасымдай. Ағады бүгін көзімнен жасым, Алапат көрдім өзімнен басым. Ескен самалдай еркін киікті Еңседен басты бір зіл қорғасын. Бағзыдан бергі табиғат төлі, Бақиға кетер жамиғат шері. Жасындай ағып жайлауға жетпей Жезкиіктерім дамылдап па еді?! Құралай салқын тоңғағы ма екен, Жолында әлем орнады бөтен. Сұқ көздерден бе екен, сырт көздерден бе екен, Кесір қырсыққа болмады бекем. Жерімнің азды желегі неге? Кеудеден төлін тебеді неге? Қазаққа тағы қасірет жүктеп, Киік қырылғанның себебі неде?! Тоя бір жеген шөбінен бе екен, Тосыннан соққан желінен бе екен. Атырабыма зәһарын жайған Айдаһар аран лебінен бе екен?! Киіктің неден қазасы, көкем, Қазаққа қатқыл назасы ма екен? Жерұйығымызды мансұқ еткенге Жаратушының жазасы ма екен? Ұлан даламыз уланды неден, Жан-жүрегіміз мұңданды неден? Ақбөкенімді адыра қылып, Бұлдырап көзім буланды неден? Көкте шақырайған от күні ме екен? Көбік ауыздардың көптігі ме екен? Судан да таза, сүттен де ақ-мыс, Протон, әлде гептилі ме екен? Ауадан, судан, топырақтан ба? Шаң қауып қалған тапырақтан ба? Сауысқан екеш сауысқан құрлы Сақтығын білмес шоқырақтан ба? Қырылып жатыр киігім неге? Таппаймыз оның тыйымын неге? Жанына жалау жануарын жоқтап, Жетімсірейді ұйығым неге?! Үзілді күдер ұйықты қырдан, Кеудеме шерлі күйік тығылған. Құралайларым, кешіре көрші, Күйіктің аты – киік қырылған...

Қорғанбек АМАНЖОЛ.

Алматы.

Киіктер неге қырылды?

Ұмытпасам 1970 жылдың жазында Ақмола өңірінде қуаңшылық орнап, егін алқабынан жөнді өнім ала алмадық. Небары әр гектардан 5,4 центнер дәнді дақылдар жинадық. Содан барып егін шаруашылығы, өзім еңбек етіп жүрген «Шалқар» кеңшары әжептәуір көлемде шығынға батты. Малдың жем-шөбі де сол жылы кеңшар бойынша 57-58 пайыздан аспады. Алты ай қыста қолға қараған шаруашылықтың 10 мың қара малын мұндай жағдайда қалай асырап, қыстан аман алып шығуға болады? Әрі табыс көзін суалтып алмау қажет-ақ. Тығырыққа тірелгендей халге келдік. Аудан, облыс басшылары Татарстаннан сүрлем, сабан тасы дейді. Бұларды қаншама қаражат жұмсап вагонмен әкелгенмен, малға қорегі шамалы, құр берекесіз дүние. Не істеу керек? Ойланып-толғанып жүріп тапқанымыз, малдың жем-шөбін үнемді жұмсап, 4 мыңдай сиырды аш-құрсақ ұстап, бар тәуірін молынан жас малдарға беріп, олардың өзіндік салмағын тәулік бойы жүдетпей өсіріп, тығырықтан аман-есен шығу. Иә, солай болды да. 6 мыңдай жас мал қыс бойы салмағына салмақ қосып қыстан шықса, сиыр жарықтықтардың бақайлары сыртылдап құр сүлдері қалды. Туған бұзаулары 35-40 кило орнына, небары 18-20 килодан аспады. Арықтығы сондай, шарбақтың арасынан емін-еркін шығып кетіп жүрді... Жаз шыға көкке аузы тиісімен арық сиырлар да, бұзаулар да тез есін жиып, қиыншылық болмағандай салмақтарына салмақ қосып, түлеп, теңеліп кетті. Сол жылы айналадағы мүйіздері қарағайдай, атақ дәрежелерінен ат үркетін атақты кеңшар директорлары шаруашылықтарын күйзелтіп алды. Ал, біз болсақ жыл қорытындысын ойдағыдай атқарып, шаруашылығымызды таза табыспен аяқтадық. Бұл дегенің нонсенс болатын. Мүмкін емес-тін! Облыс басшылары басқа ұлт өкілдері болғандықтан, мына қазақтар бір заңсыз айла-тәсіл жасауы мүмкін деп біздерді бір жарым айдай тексерді. Мұндағы айтпағым, біз қара малдың физиологиясын жақсы білгендіктен, жоғарыдағы тәсілге бардық. Сиырлардың рационын 40-45 пайызға кемітіп жіберуіміз, көнбіс жануарлар азар болса арықтап әрі бұзаулары ұсақ туар, кейін жазда теңеліп кетер деген аксиомаға жүгінген едік. Қателеспеппіз. Күйіс қайыратын жануарлардың физиологиясы шамамен бәріне ортақ деп түсінсек, сиырдың жатырында жатқан бұзаудың салмағы 7 айында мысалға 17-18 кило болса, туарға қалған екі айында екі есе өсетіні айдан анық, заңды. Осы бір қағиданы ескерсек, Сарыарқада биыл қыс ерте кетті де көк өскін шөп тез қаулап, буаз киіктердің жатырындағы туар алдындағы соңғы айда лақтарын еселетіп тез үлкейтіп жіберді. Содан барып лақтай алмай қырыла бастауы айдан анық. Әсіресе, тушалары егіз таппай жалқы табар болса төл іште жатып үлкейіп кеткендіктен тіпті қауіпті. Миллион жылдан бері реликті түрде сақталып бізге жеткен киіктің табиғатында іріктеле келіп 70 пайызға дейін егіз тауып, 2-3 пайызы тіпті үш лақтан табуы, әлгіндей күтпеген жағдайларға жойылып кетпей, аман сақталып қалудағы табиғаттың өзінің итермелей тапқан іріктеу тәсілі болмақ. Қазақстанда 1990 жылдың басына дейін 2 миллионға жуық осылай іріктеліп келген киіктер мүйізі, тағы басқа жағдайларға байланысты антропогендік жағдайға ұшырап күрт кеміп кетіп, жүйелі қалыпта  болған генофондынан айырылды. Бұл күндері қалғандарының қырыла бастауы әлгіндей табиғаттың егіз тауып аман қалуына итермелей, іріктей бастауының алғышарты болса керек. Енді біреулердің анаэробтық энтеротоксемия – «шөп ауруы» деп шатасып жүргендері сондықтан. Күйіс қайыратын кез келген жануарлардың табиғатында үнемі жайылып, тез қоң жинау маңдайына жазылған. Кейбіреулердің айтып жүргеніндей, оларды қомағайлыққа (обжорство) жатқызуға болмайды. Олай ойласақ биология жағынан ұрғашысынан әлсіздеу келетін киіктің текелері бірінші болып мерт болар еді ғой. Және де мына ен даланың қай жерінде ауасыз жағдайға, икемделген патогендік табиғи ошақта өнетін микробтар өспек? Одан да уланып өлген десе бір сәрі. Бұл – бір. Екіншіден, «киіктің қасынуына, мылтықтың шүріппесінің басылуының» дәлме-дәл келуімен жығылған үстіне жұдырық  болып тұрған жайт бар. Ол – Сарыарқаның сайын даласының экологиялық жағынан мүшкіл жағдайға ұшырап жатқандығы. Жезқазғанның маңайынан қыста жүні кір-кір әрі тақырланған қасқыр мен түлкілерді молынан кездестіруге болады. Бұл нені меңзейді? Ол Ресейдің біздің жерімізден ұшырған ракеталарының зардабы. Көптеген өңір гептилмен, тағы да басқа улы заттармен былғанып, жылдар бойы жойылмай келеді.  Сондықтан жарты айдың ішінде 120 мың киіктің қырылуы табиғаттың ешбір заңдылығына сәйкес емес. Кеңседе отырып ақыл айтатын білгіштер мұны пастереллез дейді. Пастереллез өз еркімен жүрген дала хайуанаттарына тән кездесе беретін ауру емес. Бұл, есік-терезесі бекітілген ауасы аз қорада пайда болатын сасық, улы аммиак (NH3) қолқаңды қауып, деміңді алдырмайтын шақта, не тым қатты суық түскен кезде үй шошқаларында кездеседі. Ал дала қабандары ондай аурумен әсте ауырмайды. Әуел бастан тыныс жүйесінде күнделікті кездесе беретін микрофлоралар суықта немесе иіс-қоқысы мол жерде микробтарға да жан керек дегендей өздерінің сол иесі мен ортасына қарсы көтеріледі. Содан барып, биполярлы зиян­ды патогенді микроб пайда болады. Оны айлап зерттеудің де қажеті жоқ. Күмәнді жағдайда өлген малдағы өкпенің крупозды патматериалдық жарақатты жерінен 1 мл. қан-жыны аралас сұйықты алып бір қоянға егіп жіберсе болды, әлгі қоян 18-20 сағатта өліп қалады. Қоянның ішін жарып, өкпесінен шыныға мазок жасап микроскоппен қарасаңыз, биполярлы патогенді микробтарды көру қиынға соқпайды. Осыған орай бір мысал, Ақмола облысында сонау 1964 жылдың 21 қыркүйегінде түске дейін күн ыссы болып,  түстен кейін апатты қарлы боран болғанда да бірде бір киік қырғынға, пастереллезге ұшыраған жоқ. Биыл, Сарыарқада жылда кездесетін мамыр айының қар аралас аптасы, яғни киіктің лағын өрбітетін қара суығы да болған жоқ. Сонда қайдан келген пастереллез? Әр ғылым саласының өзіндік философиясы болады. Теледидарды көрсең де, газет беттерінен көміліп жатқан киік суреттерін көрсең де, бәрінің іші жарылып тексерілмеген. Неге олай етпеген? Егер солай тексерілсе талай ой тумай ма? Оқымыстыларды толғандырмай ма! Каспийдің экологиясы да мұнай өндіруге байланысты сын көтермейді. Жергілікті үйрек, қаз, қасқалдақ дегендер қырылып сиреп кетті. Содан барып біреулердің бір сәттілік қызығы үшін тікұшақпен әр жерден бір көлге қаз-үйрек жинап, табиғатқа кері әсерін тигізетін қайшы қылықтарға барып, құстардың мыңдаған жылдар өзгермей келе жатқан үйреншікті миграциялық жолын бұзып, бұрмалап жатырмыз. Реті келіп тұрған соң айтпағым: әрбір мысық тұрып жатқан үйін, тек өзінің ғана жеке меншігі санайтынындай, киіктерді ғасырлар бойы, бағып-қағатын сыптай қылып шынықтырып, ойнақтата жайып келген қасқырларды, өзіміз көрсоқырлана құрттық деуге де негіз бар. Ен даланы жылан жалағандай, тіпті Кас­пий­дің итбалықтары да қырыла бастаса, пастереллез деп оларға да сылтау айта бастайтынды шығардық. Ендеше, неге Арктиканың итбалықтары өзінің туған мекені мұз, қар бола тұра, қаны, тәні бір Каспийдің итбалығындай пастереллезге ұшырамайды? Тегі бір Байкалдың итбалықтары жазда суы 6-7 градус жылылықтан аспаса да неге ауырмайды? Киіктердің баспайтын тауы, мына кең далада жүрмейтін, кезбейтін жері жоқ. Ал ен даламыз болса, ракета жарылыстарынан, апаттарынан гептилмен уланған, басқа да радиациялық апаттарға ұшыраған. Киіктердің биылғы ерекше қырылуына қарағанда гептил сияқты улы заттардың, жануарлар денесіне жинақталып, олардың кумулятивтік ерекшеліктеріне байланысты, бұл у еселене, күшейе түскенге саятындай. Осындай ойларымды ортаға салуды жөн көрдім, құрметті оқырман. Сіздер не дейсіздер? Қасым ТӘУКЕНОВ. АСТАНА.