Аймақтар • 23 Тамыз, 2024

Сырым ауданындағы қоныстой

61 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында су тасқынынан зардап шеккендердің баспана мәселесі толық шешілді» деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Сырым ауданындағы қоныстой

Тамыздың 21-і күні Жым­питы жерінде «Қа­зақ­стан халқына» қо­ғамдық қорының қаржысына салынған 100 үйдің кілті баспана иелеріне салтанатты түрде табыс етілді. Осы­дан аз ғана күн бұрын 14 үй берілген еді. Осылайша, Сырым ауданында барлығы 114 үй салынды. Атап айтсақ, Өлеңті ауылында – 40, Жымпитыда – 48, Бұлдырты ауылында – 25 және Көздіқара ауылында 1 үй пайдалануға берілді. Бұл биылғы су тасқынында табиғи апат себебінен адам тұруға жарамсыз деп танылған баспаналар болатын.

Зардап шегушілерді жа­рыл­қаған қорға риза болған тұр­ғындар Жымпиты ауылында пайда болған шағын ауданды «Қазақстан халқына» деп атауды ұйғарыпты.

Салтанатты іс-шараға Батыс Қ­а­зақстан облысының әкімі На­риман Төреғалиев пен «Қазақ­стан халқына» қорының төрағасы Болат Жәмішев келіп, жаңа қоныс иелерін құттықтады.

«Президент тапсырмасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоры қиын-қыстау кезеңде отандастарымызға қол ұшын берді. Биыл еліміздің бірнеше өңірі алапат су тасқынынан зар­дап шекті. Сол кезде біздің қор еліміздің 5 өңірінде 20 елді ме­кенде 627 тұрғын үй салуға атсалысты. Бүгін міне, Сырым ауда­нында салынған жаңа үйлер­дің кілті табыс етілді. Біздің ме­ценат­тарымыздың, Батыс Қа­зақ­стан облысы әкімдігінің, құры­лысшылар мен «Қазақстан хал­қына» қорының бірлескен жұмысының арқасында Сырым ауданында 114 жаңа үй салынды», дейді қоғамдық қор төрағасы Болат Жәмішев.

Өңірдегі төтенше жағдайдың зардабын жоюға қолдау көрсет­кені үшін облыс әкімі Нариман Төреғалиев «Қазақстан халқына» қорына алғыс айтты.

«Мемлекет басшысы су тас­қынынан зардап шеккен азаматтарды барлық қажеттілікпен қамтамасыз етуді тапсырған еді. Осыған орай біз табиғи апатқа ұшыраған облыс тұрғындарының тиісті ақшалай өтемақысын уақ­тылы беріп, баспанамен толық қамту үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Бұған меценаттар мен үкіметтік емес ұйымдар үлкен қолдау көрсетіп жатыр. Бүгін ерекше көмегі үшін «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына алғыс айтамын», деді Н.Төреғалиев.

Құрылыс алаңдарындағы қар­балас жұмыс аталған қор мен БҚО әкімдігі арасында мемо­рандумға қол қойылғаннан кейін басталған еді. Әкімдік су басу қаупі жоқ аумақтан жаңа үй салу үшін жер телімдерін анықтап, бөлді. Сондай-ақ қажетті инже­нер­лік инфрақұрылымды жүр­гізді. Жаз бойы жергілікті қоғам белсенділері құрылыс жұмы­сы­ның барысы мен сапасын бақылап, қадағалап отырды. Енді міне, 80 шаршыметрлік жаңа үйлер халықтың игілігіне беріліп отыр.

 

Батыс Қазақстан облысы