«Таза Қазақстан» • 23 Тамыз, 2024

Тазалыққа үндеп, бірлікке бастайтын акция

66 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған республикалық «Таза Қазақстан» акциясы Солтүстік Қазақстанда да белсенді түрде ұйымдастырылып жүр. Петропавлда өткізілген кезекті экологиялық іс-шараға әкімдік қызметкерлері, жас­тар, еріктілер, тұрғындар, бюджеттік сала қызметкерлері, қоғам белсенділері, белсенді қала тұрғындарын қоса есептегенде 100 шақты адам қатысты. Іс-шараның бастамашысы облыстық Жастар ресурсы орталығы болды. Ұйымның осындай іс-шараларына волонтерлермен бірге белсенді жастар өз еріктерімен келіп қатысады.

Тазалыққа үндеп, бірлікке бастайтын акция

Петропавлда көлік жүрмейтін, тек қалалықтар жаяу жүріп тыныстайтын «Қазақстан Конституциясы» (бұрынғы Ленин) атты үлкен және ең ескі орталық көше бар. Қалалықтардың ерекше мақтан тұтатыны да осы көше. Міне, осы көшенің бойында «Біз кір-қоқысқа жол бермейміз!» атты экологиялық іс-шара өтті. Іс-шараға қатысқан белсенділер, жалындаған жастар қала тұрғындарын қағаз пакеттерін полиэтилен пакеттерге айырбастауды ұсынды. Сөйтіп, республиканың экологиялық мәселелерді шешуге атсалысуға шақырды.

Осы күні пластик қаптамалармен тонна­лаған қоқыс полигондарға шығарылды. Әлемнің түкпір-түкпірінде экологтер осындай қоқыстарды өңдеуді ұсынып отыр. Өйткені қазір полиэтилен пакеттерден аяқ алып жүргісіз, ол біздің тұрмысымызға әбден дендеп енді. Волонтерлердің фронт офисінің басшысы Анастасия Волкова осы пакеттердің жерде қалса жүздеген жыл бойы бұзылып, экологияға кері әсер ететінін айтты. «Олардың қоршаған ортаға тигізетін зияны орасан. Желмен ұшқан полиэтилен пакеттер ағыс каналдарын бітейді, барлық су жолын жабады. Қоқыс бактарынан ұшып, түрлі микроб таратып, тұрғындардың балалар ойнайтын ауласында жатады. Жастар осындай проблемаларды терең түсініп, аулалардың барынша таза болуына белсенді атсалысулары керек», деді ол.

Жастардың ұсыныстарын ересектер де қолдайтындарын білдіріп, полиэтиленді пакеттердің желмен жарысып, шашылмауын жаппай тыю керектігін айтып жатты.

Экологиялық акцияға қатысқандар негізгі көшені тазалаумен қатар Жамбыл көшесінің бойындағы ядролық жарылыстар құрбандарына арналып қойылған ескерткіш тастың айналасындағы скверді де қоқыстан тазартты. Бұл жұмыс қаланың шағын аудандарында да жалғасын тапты. Әсіресе көктемдегі тасқын суынан зардап шеккен шағын аудандар қоқыстан тазаланып қалды.

Жастар молынан қатысқан соң акция ойнап-күліп көңілді жүрумен ерекшеленді. Акцияға қатысушы жастар бірнеше сағаттың ішінде қап-қап қоқыс жинап, оларды жүк машиналарымен жөнелтіп жатты. «Президенттің бастамасымен қолға алынған бұл іс-шара халыққа өте пайдалы. Біз қазір осы іс-шараға қатысуды дәстүрге айналдырып келеміз. Біздің үлгімізбен қаланың көптеген жастары өз еркімен көмекке келеді. Қоршаған ортамыздың таза болуын біз әрқашан насихаттап отырамыз. Үлкендер мен жас­тар біздің ісімізді қолдайтындарын білдіріп отырады», деді белсенді волонтерлердің бірі Әсел Досанова.

Айта кететін жайт, тазалық акциясы қолға алынғалы бері оған 142 мыңдай солтүс­тікқазақстандық қатысып, 211 скверлер мен парктер, көшелер қоқыстан тазаланды. Барлығы 141 мың тонна қоқыс шығарылды, 32 мың түп ағаш отырғызылды.

 

ПЕТРОПАВЛ