Оқиға • 23 Тамыз, 2024

Алматыда «маньяк» пайда болды: Полиция қорқынышты хабарламаның ақ-қарасын айтты

146 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы қаласының тұрғындары әлеуметтік желіде Жұлдыз - 1 шағын ауданында арам пиғылды адам пайда болғаны туралы хабарламаларды таратып жатыр. Қалалық полиция жұртты шошытқан хабарламаға қатысты түсініктеме берді, деп жазады Egemen.kz.

Алматыда «маньяк» пайда болды: Полиция қорқынышты хабарламаның ақ-қарасын айтты

Фото: Тұрар Қазанғапов

Желіде тараған аудио-хабарламаларда қауіпті адам бас-аяғына дейін қара киім кигені айтылған: 

«Таяу күндері «Маслодело» аумағында төтенше жағдай болды. Онда жалғыз кетіп бара жатқан әйелді ұрып-соғып, қасындағы баласын ұрлап кетпек болған. Мен мұны «Маслоделода» көлік жүргізшісі болып істейтін танысымнан естідім. Оқыс оқиғаны байқаған ер адамдар көмекке келіп, баланы құтқарып қалған, ал әйелдің бет-жүзі жараланған. Сондықтан ата-аналар балаларыңызды қорғап, бақылап жүріңіздер. Олар ашық түрде балаларды ұрлауға кіріскен», делінген.

Екінші тұрғын жолдаған хабарламада: 

«Ол әйел кешке жолдасын жұмыстан күтіп алмақ болып шыққан екен. Қорқынышты адам әйелді Жұлдыздан «Маслоделоға» дейін аңдып барыпты. Жұртшылықтан таса жерде әйелді ұрып-соғып, баласын тартып алмақ болған. Оларға ақша да, басқа да емес балалар керек. Полиция оқиға орнына келгенде оның бұрыннан қолға түсіре алмай жүрген «маньяк» екенін айтты», делінген.

Алайда Алматы қалалық полиция департаменті бұл ақпаратты жоққа шығарды. 

«Әйелдің денсаулығына зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Істің объективті мән-жайы анықталып жатыр. Сонымен бірге маньяк балаларды аңдып жүргені туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Алматы қалалық полициясы жалған ақпарат таратпауды және жалған деректердің қайталануына ықпал етпеуді талап етеді. Бұл әрекеттер қылмыстық жауапкершілікке тартылады», делінген қалалық полиция таратқан хабарламада.