«Еңбекшіқазақ ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ тапсырысымен жүзеге асып жатқан жобаның құны – 5 187 746 теңгені құрайды. Бұл жұмыстарды тиянақты атқаруды мердігер мекеме – «Ай-Су Мелиорация» ЖШС өз міндетіне алған.
Қазіргі уақытта 9 көшеде 20 арнайы техника, 55 адам тыңғылықты жұмыс істеп жатыр. Нәтижесінде, ұзындығы 130,4 шақырым орталықтандырылған және абоненттік құбырлар тартылып, 48,3 пайызға құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілгені туралы Шелек ауылдық округінің әкімі Айдарбек Даутқұлов хабардар етті.
Шелек ауылында ұзындығы 32 шақырым болатын орталықтандырылған кәріз желілерін қайта жаңғырту және салу жұмыстарымен «Еламан» ЖШС айналысады. Басталғанына он жылға жуықтаған жобаға 2019 жылы түзетулер енгізіліп, мемлекеттік сараптама қорытындысы шығарылған.
Бүгінде биологиялық тазалау стансасының құрылғылары орнатылып жатыр. Тазалау стансасына 2 тармақты электр желісі тартылған. Былтыр ауыл ішінде тартылатын 22 шақырым кәріз жүйесінің (Қайыпов, Жібек жолы, Сыздықов, Розыбакиев, Таиров және Қабылов көшелерімен) 10 шақырымы ғана қазылып салынған. Аталған көшелерге 179 құдық орнатылған.
Сондай-ақ Шелек ауылын көгілдір отынмен қамтамасыз етуде ілгерілеу бар. Жеті жыл бұрын басталған газ тарту жұмысын «Apl construction» ЖШС жүргізеді. Ауылды толықтай қамтамасыз ету үшін 10 газ таратқыш салынуға тиіс. Соның сегізі орналастырылып, тағы бір газ таратқыштың құрылысы жүріп жатыр. Газдандыру жұмыстары 2026 жылы толығымен аяқталады.
Алматы облысы