Спорт • 23 Тамыз, 2024

Қанжығада – қос күміс

91 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Күрес түрлерінен Йордания астанасы Амманда өтіп жатқан жастар арасындағы (U-17) әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасы сәтті өнер көрсетіп жатыр. Жарыстың алғашқы күні өрендеріміз қос күміс медальға қол жеткізді.

Қанжығада – қос күміс

Жарысты грек-рим күресі шеберлері бастады. Алғашқы күні екі балуанымыздың қан­жығасы майланды. 55 кг салмақ­тағы Алпамыс Болатұлы қарсы келгендерін қоғадай жапырып, ақтық сынға алқынбай жетті. Алайда бас жүлде үшін бәсекеде қандасымыздың жолы болмады. АҚШ-тың өкілі Джейден Рэн­ниден небәрі екі ұпай айыр­машы­лығымен (5:7) жеңілген Алпамыс күміс медальды қанағат тұтты.

80 кг салмақта сынға түскен Ер­кебұлан Әнапия да дәл сондай нәтиже көсетті. Бастапқы бәсе­келерде украиналық Владислав Солодчук (11:0) пен молдовалық Ни­кита Апостолды (8:0) ойсырата ұтқан қазақ өрені жартылай финал­да әзербайжандық Орхан Гад­жиевтің жаурынын жерге тигізді. Бірақ шешуші тұста Еркебұланның бұл жарысқа бейтарап спортшы ретінде қатысқан ресейлік Михаил Шкаринге (0:3) әлі жетпеді.

Едіге Төлеутай (48 кг) жартылай финалда ирандық Армин Шам­сипурхажи және қола медаль үшін тарыста әзербайжандық Амрах Ама­новтан айласын асыра алмады. Келесі күні белдескен Ерасыл Мұсан (48 кг) үндістандық Сайнат Пардхиденге және Дамир Әбілда (45 кг) қырғызстандық Бекжан Бейшембаевқа жол берді. Бұл ба­луандардың барлығы да бесінші орынды қанағат тұтты. Сөйтіп, атақ­ты балуан Алмат Кебіс­баев жат­тық­тыратын Қазақ­станның грек-рим кү­ресі өкілдері Аммандағы жарыс­ты қос күміспен қорытындылады.

Одан кейін әйелдер күресінен бәсекелер басталды. Бұл жарыс­та Жасмина Бақоева (40 кг), Әнел Бүркітбаева (43 кг), Медина Қуанышбек (46 кг), Фарида Әбдірахманова (49 кг), Мадхия Усманова (53 кг), Анна Стратан (57 кг), Жайдар Мұқат (61 кг), Ұлдана Тілеухан (65 кг), Қызжібек Жарқынбаева (69 кг) және Ақбота Қадыр (73 кг) сынды сұлулар өнер көрсетіп жатыр. Қазіргі кезде Анна мен Ұлдананың жартылай финалда сүрінгені белгілі болды. Енді олар қола медаль үшін таласады.

Бұрымдылар өз бәсекелерін аяқтағаннан кейін еркін күрестен өтетін жарысты тамашалаймыз. Аталған додада ел құрамасының аға жаттықтырушысы Дәулет Ниязбеков мына шәкірттеріне сенім артты: 45 кг – Бекзат Амангелді, 48 кг – Дамир Қали, 51 кг – Ибрахим Ысқақбек, 55 кг – Ералы Әскербек, 60 кг – Бекасыл Асамбек, 65 кг – Бақдәулет Әкімжан, 71 кг – Әмір Оразбаев, 80 кг – Бейбарыс Ерғали, 92 кг – Райым Мәулетов және 110 кг – Едіге Қасымбек.