Мәселе • 24 Тамыз, 2024

Жолдың жауы – жемқорлық

201 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Елдегі жолдың мүшкіл жағ­дайын жолаушы ғана жақсы біледі. Жолдың кем-кетігін мемлекеттік деңгейде түгендеудің де кезі келді. Жол­дарды төсеу үдерісіне көп­теген фактор әсер етеді. Соның бірі – жемқорлық.

Жолдың жауы – жемқорлық

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Көпқабатты жолдың құра­мын­да, әдетте, жол төсемінің сапа­сын, беріктігін және қауіп­сіз­дігін анықтайтын «бос орындар» бар. Бос орындардың ішінде жол-құры­лыс мате­риалдарының сал­мағының, көлемiнiң жет­кiлiксiз болуы және бөлінген қаражаттың есеппен жұмсалмауы салдарынан көзге кө­рін­бейтiн, жымысқы жолмен қалыптасқан сыбайлас жемқорлық қабаты орналасқан.

Салада мүлтіксіз әзірленген даму стратегиясы, жолдарды салу­дың, қай­та құрудың және жөн­деу­дің ұйым­дастырылуы мен жоспар­лануы­ның тұжырымдамалық ұста­нымдары жоқ­тың қасы. Мемлекет бас­шысының жол сапасына қатысты қиын жағ­дайдың басты себебін сыбайлас жемқорлық деп атауы кездейсоқ емес.

Жыл сайын жол сапасына, бюджет қаражатының есептелуіне, жоспарлануына және тиімді жұмсалуына, жол жұмыс­тарының уақтылы іске асырылуына кім жа­уапты деген орынды сұрақ көтеріліп келеді. Осы уақытқа дейін өңірлерде қосал­қы мердігерлер мен делдалдардың қаты­суын­сыз-ақ жол құрылысы мен жөн­деу жұ­мыстары­ның ауқымды спектрін кешен­ді түрде қамтамасыз етуге қабілетті әділ бәсекелестік орта да, салалық инфра­құ­­ры­­лым да дамымаған. Қомақты қар­жы бө­­­лінетін салада «айласын асыратын» мер­­­дігерлер көп, олардың «мың бұр­­­ма­лан­ған» сыбайлас жемқорлық әдіс­­­терін біліктілікпен бақылау тапсырыс беру­ші­ге де оңай емес. Сыбайласып қызмет ұсын­ған орындаушылардың басқан іздері мен қолтаңбасы құры­лысы сапасыз, аяқтал­ма­ған, қираған жолдардың, сондай-ақ аяқ­талу мерзімі ұзақ жылдар бойы негізсіз ке­­шік­тіріліп жатқан жолдардың прайс-па­рақтарынан айрықша байқалатынын анық көруге болады. Күн сайын жол қозғалысына қатысушылар мен көлік жүргізушілер жол салушыларды, жөндеушілерді қарғысқа көміп жатады.

Жол қабаттарына төсеу үшін қолда­ны­латын материалдардың сапасы, көлемі және бағасы жемқорлық жұқтырған қабат­пен «байыту» үшін ыңғайлы етіп жасалған. Битум тапшылығы, оның сапасының ұлт­тық стандарттарға сәйкес келмеуі, табиғи-климаттық жағдайлар, қуаты жеткіліксіз ескірген жабдықтар, технологияға сәйкес келмеуі жол­дың сапасы мен ұзақмерзімді беріктігіне кепілдік бере алмайды, сыбайлас жем­қорлық тәуекелдерінің есіктерін айқара ашады. Бұл салада ұзақмерзімді, қатаң қар­жыландыру стандарттарының болмауы жол салушы, жөндеуші мердігер­лер­ге мемлекеттік сатып алу конкурстарын ең төменгі бағамен ұтып алуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде материалдардың негізсіз үнемделуіне, олардың бағасының өсуіне әкеліп соғады.

Сонымен қатар жол жобасының бас­тап­қы болжамды шығындарының есебі оны толық жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін нақты қажетті қаражат көлемін анықтап белгілеуге әрдайым мүмкіндік бере бермейді. Бұл ретте қаражат­тың иге­рілмеген бөлігі «басқа мақсат­тар­ға» жұм­салмауына да ешкім кепілдік ­бере алмайды. Жолдың жобалық-сметалық құжат­та­ма­сының сапасы төмен екенін де айт­пай кетпеске болмайды. Жол құры­лысы жобаларын әзірлеу бойынша жұмыстардың сапасы тиісті деңгейде бақыланбайды, сметалық құнының бастапқы болжамы көп жағдайда күмән тудырады. Жоба сараптамадан өтіп, тапсырыс берушіге берілген­нен кейін жобалаушы құжаттамада жіберген нақты қате­ліктері үшін іс жүзінде жауап­кершілік алмайды. Жолдарда орын алған ақаулар үшін тапсырыс беруші бар жауапкершілікті мер­дігердің мойнына іледі, нәтижесінде кем­шіліктерді мердігер өз есебінен түзетеді. Ал бұл ақаулар жобалаушылардың дұрыс емес шешімдерінен туындағанын іс жүзінде дәлелдеу мүмкін емес.

Жол активтерінің Ұлттық сапа орта­­лығы өз жұмысын тиісті деңгейде атқара алмайды. Мұның себебі – баға­лау­шы білікті кәсіби мамандардың жетіс­пеушілігі және қоғам­дық бақылаудың жоқ­тығы. Орындалған жұ­мыстардың тех­никалық сараптамасының сапасын баға­лау мердігерлердің барлық амал-қулық­тарынан ада болуы керек. Бұл ретте республикалық маңызы бар жолдардың құрылысы мен жөндеудің сапасына сараптама жасауды бақылауды Үкіметке тапсыру маңызды. Ал жергілікті маңызы бар жолдардың сараптамасын Автомобиль жолдары комитетіне тапсыру орынды болар еді.

Сондай-ақ жобалық-сметалық құжат­­таманы әзірлеушілер жол құры­лысы жұмыс­тарының нәтижелері мен мате­­риал­­дары­ның сапасына сараптама жа­сауды ұйымдас­тыру кезінде техни­калық сарапшылар­дың бақылау іс-әрек­ет­тері­мен тең негіз­де, бір мезгілде, бірлесіп конструкторлық, авторлық қадағалау жүргізуі қажет. Сонда ғана жол сапасы үшін жобалаушыларға да өз жауапкершілігін алып жүруді міндеттеуге болар еді. Бұл автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп ұстау кезінде техни­калық нормалар мен ұлттық стандарттарды сақтауды қамтамасыз етудегі көптеген мәселені шешеді.

Жол құрлысы мен жол жөндеу саласы – көпқабатты үйлер салу сияқты үздік­­сіз кешенді, күрделі өндіріс. Кейінгі онжыл­дықтың тәжірибесі көрсеткен­дей, жол жұмыстарын мемлекеттік сатып алудың қол­даныстағы жүйесі шығаратын өнімнің сапасын, тиімді қаржыландырылуын, уақ­тылы орындалуын, сыбайлас жемқорлыққа тәуел­ді болмауын қамтамасыз ете алмайды.

Бұл өндіріс секторы ел экономикасы іргетасының негізі және тиімді өзара іс-қимыл мен өңірлер арасындағы ын­ты­мақтастықты дамыту үшін үлкен стра­тегиялық маңызға ие. Жол құрылысы өнді­рісін ұйымдастырудың басқа да тиімді жолдарына көшетін уақыт жетті. Саладағы шаруашылық субъектілері үшін бәсекеге қабілетті жұмыс шарттарын белгілеуді ойлайтын қандай да бір мекеме әлі де жоқ. Отандық жол шаруашылығы мамандары осы уақытқа дейін өзге де тиімді тәсілдерді өндіріске енгізудің жолдарын ойлап таба алмады.

Автомобиль жолдары комитеті мен «ҚазАвтоЖол» ұлттық операторының қол­­даныстағы іске асыру және бақылау функ­­циялары бүгінде жол жұмыстарын аяқ­таудың талап етілетін сапасы мен бел­­гіленген мерзімдерін қамтамасыз ете ал­май­ды. Бұл құрылымдардың функ­ция­ларының басым бөлігі рәсімдеуші, рет­теуші нормативтік-құқықтық құжат­тарды әзірлеуге бағытталған. Бұлар осын­шама жыл аралығында бәсекеге қабілетті бизнес-ортаны құра алмады және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың алдын алу тетіктерін әзірлемеді.

«ҚазАвтоЖол» – бүгінде мемле­кеттік мен­шіктің негізінде құрылған, жедел бас­қару құқығындағы ірі қазыналық кәсіп­орын. Ішкі жұмыс мазмұны бойынша бұл сондай-ақ комитеттің құзыреттілігі шегінде уәкілетті органның реттеу, іске асыру және бюрократиялық функцияларын жүзеге асырады, қайталайды. Жол саласында тиісті нәтиже бере алмайтын және саладағы бәсе­келестік ортаның дамуын тежейтін, бюро­кратиялық аппаратты қамтитын, қо­сар­ланып басқарып отыру звеносынан – жа­санды монополистен арылу қажет. Бұл ретте комитетке Ұлттық оператордың бақы­лау, тексеру жүргізу және жергiлiктi жер­лерге барып тексеру, сондай-ақ делдал­сыз қыз­меттердi, мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастыру және өткiзу бөлiгiндегі қолданбалы сипаттағы функцияларын іске асыру міндеті жүктелгені дұрыс. Бұдан комитет тек ұтады: оған өзіне бейінді түп­кілікті нәтижеге нақты жа­уап­керші­лігі бекітіледі, кеңсе қызмет­керлерінде жұмысты қолымен сезініп, көзімен көруге, орындалу барысын жақыннан қадағалап, қатысуға мүмкіндік пайда болады.

Көпқабатты жол төсемі (топырақ, құм, қиыршық тас, бетон, асфальт) техни­калық стандарттар мен технология талаптарын ескере отырып төселуі керек. Алайда құры­лыс, жөндеу жұмыстары үдерістерінде мате­риалдар мен техноло­гия­лардың са­па­сы, құрамы, көлемі көп жағдайда еске­ріл­мейді, ал мем­ле­кеттен бөлінген қара­жаттың бір бөлігі нақты қажеттіліктерді айна­лып өтіп, жемқорлық жолымен басқа «тапсырыстарға» кетеді.

Егер жалпы пайдаланылатын автомобиль жолдарында ауыр жүктемелі және ауыр салмақты көліктердің қоз­ға­лы­сын ұйымдастыру жеткілікті түрде рет­­телмесе, жоғары сапалы жол құры­лысы жұмыстарының қол жеткізілген нәти­желері де құрдымға кетуі мүмкін. Көлік қозғалысының жиілігі, жолдардың берік­тікке қабілеттілігі мәселелерін шешуді на­зарға алу керек. Автомобиль жолдарына автоматтандырылған стансаларды, өлшеу бекеттерін орнату бұл мәселені шешкен жоқ. Көліктік бақылау органдары мен әкім­шілік полиция жол­дың жүк көтеру нормалары мен шек­теулерін бұзушыларға пәрменді шаралар қолданбайды. Сондық­тан бұл жерде айыппұл шараларының деңгейі жүк­тер мен көлік құралдарының иелері үшін жолдың бетіне саналы түрде шамадан тыс жүк түсіргеннен алатын жеке пайдасымен салыстырғанда, қаржылық тұрғыдан тиімсіз. Ал жолды сапалы және белгіленген мерзімде төсеу үшін жол қабаттары жігінің арасындағы «жемқор қабаттардың» қалыңдығын, құнын азайту қажет. Бүгінгі таңда бұл «бос орындардың» біраз бөлігі көп жағдайда жол қабаттарының жалпы қалыңдығының жартысына дейін барып тіреледі және бұл үрдіс тұрақты түрде жалғасып келеді.

Жол саласындағы жемқорлық халық­тың қалтасына қиянат жасап отыр: ұзын­дығы бір шақырым жолдың ауданына шақ­қандағы бөтен мақсатқа кететін бюд­жет­тің шығындары бір ауылды бір жыл қар­жыландыратын сомаға дейін жетіп жы­ғылады. Бұл – сорақы көрсет­кіш. Сондықтан жол құрылысы мен жөн­деу саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерімен күресу – шын мәнінде жалпыхалықтық мәсе­ле. Жолдағы жем­қор­лық жойылса, эконо­ми­каның бола­шақ инфрақұрылымдық жоба­ла­рының қан тамырларын тазартып қана қоймай, қаржыландыруды күтіп тұрған әлеуметтік жобалардың бюджет тапшылығын жабуға, қосымша қаражатты шығаруға мүмкін­дік беретін көп нәтижеге қол жеткізуге болар еді.

Бұл салада ресми құжаттармен белгі­лен­ген нарықтық қатынастар жүйесі іс жү­зінде мүлдем жұмыс істемейді, тек орта­­­лық­тандырылған жемқорлық жүйесі тамы­рын тереңге жайған. Жақын арада бұл саланы жандандыра алатындай эко­но­микалық тиімді басқару тетіктерін әзір­леп енгізеді-ау деген үміттің келешегі де тым бұлыңғыр. Негізінде, география­лық, климаттық жағдайы күрделі, жол инфрақұрылымы тұралап, кенже қалған қазақтың ұлан-байтақ мемлекеті үшін Автомобиль жолдары комитетін дербес мемлекеттік органға айналдырған дұрыс болар еді. Мемлекет басшысы жа­риялаған жолдардың сапасын арттыру жөніндегі жалпыұлттық тапсырманың то­лық орындалуын қамтамасыз етудегі «қиын» жағдайды ескере отырып, бұл өте орынды шешім деп айтуға толық негіз бар.

 

Мүталап ӘБСАТТАРОВ

Астана