Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Көпқабатты жолдың құрамында, әдетте, жол төсемінің сапасын, беріктігін және қауіпсіздігін анықтайтын «бос орындар» бар. Бос орындардың ішінде жол-құрылыс материалдарының салмағының, көлемiнiң жеткiлiксiз болуы және бөлінген қаражаттың есеппен жұмсалмауы салдарынан көзге көрінбейтiн, жымысқы жолмен қалыптасқан сыбайлас жемқорлық қабаты орналасқан.
Салада мүлтіксіз әзірленген даму стратегиясы, жолдарды салудың, қайта құрудың және жөндеудің ұйымдастырылуы мен жоспарлануының тұжырымдамалық ұстанымдары жоқтың қасы. Мемлекет басшысының жол сапасына қатысты қиын жағдайдың басты себебін сыбайлас жемқорлық деп атауы кездейсоқ емес.
Жыл сайын жол сапасына, бюджет қаражатының есептелуіне, жоспарлануына және тиімді жұмсалуына, жол жұмыстарының уақтылы іске асырылуына кім жауапты деген орынды сұрақ көтеріліп келеді. Осы уақытқа дейін өңірлерде қосалқы мердігерлер мен делдалдардың қатысуынсыз-ақ жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының ауқымды спектрін кешенді түрде қамтамасыз етуге қабілетті әділ бәсекелестік орта да, салалық инфрақұрылым да дамымаған. Қомақты қаржы бөлінетін салада «айласын асыратын» мердігерлер көп, олардың «мың бұрмаланған» сыбайлас жемқорлық әдістерін біліктілікпен бақылау тапсырыс берушіге де оңай емес. Сыбайласып қызмет ұсынған орындаушылардың басқан іздері мен қолтаңбасы құрылысы сапасыз, аяқталмаған, қираған жолдардың, сондай-ақ аяқталу мерзімі ұзақ жылдар бойы негізсіз кешіктіріліп жатқан жолдардың прайс-парақтарынан айрықша байқалатынын анық көруге болады. Күн сайын жол қозғалысына қатысушылар мен көлік жүргізушілер жол салушыларды, жөндеушілерді қарғысқа көміп жатады.
Жол қабаттарына төсеу үшін қолданылатын материалдардың сапасы, көлемі және бағасы жемқорлық жұқтырған қабатпен «байыту» үшін ыңғайлы етіп жасалған. Битум тапшылығы, оның сапасының ұлттық стандарттарға сәйкес келмеуі, табиғи-климаттық жағдайлар, қуаты жеткіліксіз ескірген жабдықтар, технологияға сәйкес келмеуі жолдың сапасы мен ұзақмерзімді беріктігіне кепілдік бере алмайды, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің есіктерін айқара ашады. Бұл салада ұзақмерзімді, қатаң қаржыландыру стандарттарының болмауы жол салушы, жөндеуші мердігерлерге мемлекеттік сатып алу конкурстарын ең төменгі бағамен ұтып алуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде материалдардың негізсіз үнемделуіне, олардың бағасының өсуіне әкеліп соғады.
Сонымен қатар жол жобасының бастапқы болжамды шығындарының есебі оны толық жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін нақты қажетті қаражат көлемін анықтап белгілеуге әрдайым мүмкіндік бере бермейді. Бұл ретте қаражаттың игерілмеген бөлігі «басқа мақсаттарға» жұмсалмауына да ешкім кепілдік бере алмайды. Жолдың жобалық-сметалық құжаттамасының сапасы төмен екенін де айтпай кетпеске болмайды. Жол құрылысы жобаларын әзірлеу бойынша жұмыстардың сапасы тиісті деңгейде бақыланбайды, сметалық құнының бастапқы болжамы көп жағдайда күмән тудырады. Жоба сараптамадан өтіп, тапсырыс берушіге берілгеннен кейін жобалаушы құжаттамада жіберген нақты қателіктері үшін іс жүзінде жауапкершілік алмайды. Жолдарда орын алған ақаулар үшін тапсырыс беруші бар жауапкершілікті мердігердің мойнына іледі, нәтижесінде кемшіліктерді мердігер өз есебінен түзетеді. Ал бұл ақаулар жобалаушылардың дұрыс емес шешімдерінен туындағанын іс жүзінде дәлелдеу мүмкін емес.
Жол активтерінің Ұлттық сапа орталығы өз жұмысын тиісті деңгейде атқара алмайды. Мұның себебі – бағалаушы білікті кәсіби мамандардың жетіспеушілігі және қоғамдық бақылаудың жоқтығы. Орындалған жұмыстардың техникалық сараптамасының сапасын бағалау мердігерлердің барлық амал-қулықтарынан ада болуы керек. Бұл ретте республикалық маңызы бар жолдардың құрылысы мен жөндеудің сапасына сараптама жасауды бақылауды Үкіметке тапсыру маңызды. Ал жергілікті маңызы бар жолдардың сараптамасын Автомобиль жолдары комитетіне тапсыру орынды болар еді.
Сондай-ақ жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеушілер жол құрылысы жұмыстарының нәтижелері мен материалдарының сапасына сараптама жасауды ұйымдастыру кезінде техникалық сарапшылардың бақылау іс-әрекеттерімен тең негізде, бір мезгілде, бірлесіп конструкторлық, авторлық қадағалау жүргізуі қажет. Сонда ғана жол сапасы үшін жобалаушыларға да өз жауапкершілігін алып жүруді міндеттеуге болар еді. Бұл автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп ұстау кезінде техникалық нормалар мен ұлттық стандарттарды сақтауды қамтамасыз етудегі көптеген мәселені шешеді.
Жол құрлысы мен жол жөндеу саласы – көпқабатты үйлер салу сияқты үздіксіз кешенді, күрделі өндіріс. Кейінгі онжылдықтың тәжірибесі көрсеткендей, жол жұмыстарын мемлекеттік сатып алудың қолданыстағы жүйесі шығаратын өнімнің сапасын, тиімді қаржыландырылуын, уақтылы орындалуын, сыбайлас жемқорлыққа тәуелді болмауын қамтамасыз ете алмайды.
Бұл өндіріс секторы ел экономикасы іргетасының негізі және тиімді өзара іс-қимыл мен өңірлер арасындағы ынтымақтастықты дамыту үшін үлкен стратегиялық маңызға ие. Жол құрылысы өндірісін ұйымдастырудың басқа да тиімді жолдарына көшетін уақыт жетті. Саладағы шаруашылық субъектілері үшін бәсекеге қабілетті жұмыс шарттарын белгілеуді ойлайтын қандай да бір мекеме әлі де жоқ. Отандық жол шаруашылығы мамандары осы уақытқа дейін өзге де тиімді тәсілдерді өндіріске енгізудің жолдарын ойлап таба алмады.
Автомобиль жолдары комитеті мен «ҚазАвтоЖол» ұлттық операторының қолданыстағы іске асыру және бақылау функциялары бүгінде жол жұмыстарын аяқтаудың талап етілетін сапасы мен белгіленген мерзімдерін қамтамасыз ете алмайды. Бұл құрылымдардың функцияларының басым бөлігі рәсімдеуші, реттеуші нормативтік-құқықтық құжаттарды әзірлеуге бағытталған. Бұлар осыншама жыл аралығында бәсекеге қабілетті бизнес-ортаны құра алмады және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың алдын алу тетіктерін әзірлемеді.
«ҚазАвтоЖол» – бүгінде мемлекеттік меншіктің негізінде құрылған, жедел басқару құқығындағы ірі қазыналық кәсіпорын. Ішкі жұмыс мазмұны бойынша бұл сондай-ақ комитеттің құзыреттілігі шегінде уәкілетті органның реттеу, іске асыру және бюрократиялық функцияларын жүзеге асырады, қайталайды. Жол саласында тиісті нәтиже бере алмайтын және саладағы бәсекелестік ортаның дамуын тежейтін, бюрократиялық аппаратты қамтитын, қосарланып басқарып отыру звеносынан – жасанды монополистен арылу қажет. Бұл ретте комитетке Ұлттық оператордың бақылау, тексеру жүргізу және жергiлiктi жерлерге барып тексеру, сондай-ақ делдалсыз қызметтердi, мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастыру және өткiзу бөлiгiндегі қолданбалы сипаттағы функцияларын іске асыру міндеті жүктелгені дұрыс. Бұдан комитет тек ұтады: оған өзіне бейінді түпкілікті нәтижеге нақты жауапкершілігі бекітіледі, кеңсе қызметкерлерінде жұмысты қолымен сезініп, көзімен көруге, орындалу барысын жақыннан қадағалап, қатысуға мүмкіндік пайда болады.
Көпқабатты жол төсемі (топырақ, құм, қиыршық тас, бетон, асфальт) техникалық стандарттар мен технология талаптарын ескере отырып төселуі керек. Алайда құрылыс, жөндеу жұмыстары үдерістерінде материалдар мен технологиялардың сапасы, құрамы, көлемі көп жағдайда ескерілмейді, ал мемлекеттен бөлінген қаражаттың бір бөлігі нақты қажеттіліктерді айналып өтіп, жемқорлық жолымен басқа «тапсырыстарға» кетеді.
Егер жалпы пайдаланылатын автомобиль жолдарында ауыр жүктемелі және ауыр салмақты көліктердің қозғалысын ұйымдастыру жеткілікті түрде реттелмесе, жоғары сапалы жол құрылысы жұмыстарының қол жеткізілген нәтижелері де құрдымға кетуі мүмкін. Көлік қозғалысының жиілігі, жолдардың беріктікке қабілеттілігі мәселелерін шешуді назарға алу керек. Автомобиль жолдарына автоматтандырылған стансаларды, өлшеу бекеттерін орнату бұл мәселені шешкен жоқ. Көліктік бақылау органдары мен әкімшілік полиция жолдың жүк көтеру нормалары мен шектеулерін бұзушыларға пәрменді шаралар қолданбайды. Сондықтан бұл жерде айыппұл шараларының деңгейі жүктер мен көлік құралдарының иелері үшін жолдың бетіне саналы түрде шамадан тыс жүк түсіргеннен алатын жеке пайдасымен салыстырғанда, қаржылық тұрғыдан тиімсіз. Ал жолды сапалы және белгіленген мерзімде төсеу үшін жол қабаттары жігінің арасындағы «жемқор қабаттардың» қалыңдығын, құнын азайту қажет. Бүгінгі таңда бұл «бос орындардың» біраз бөлігі көп жағдайда жол қабаттарының жалпы қалыңдығының жартысына дейін барып тіреледі және бұл үрдіс тұрақты түрде жалғасып келеді.
Жол саласындағы жемқорлық халықтың қалтасына қиянат жасап отыр: ұзындығы бір шақырым жолдың ауданына шаққандағы бөтен мақсатқа кететін бюджеттің шығындары бір ауылды бір жыл қаржыландыратын сомаға дейін жетіп жығылады. Бұл – сорақы көрсеткіш. Сондықтан жол құрылысы мен жөндеу саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерімен күресу – шын мәнінде жалпыхалықтық мәселе. Жолдағы жемқорлық жойылса, экономиканың болашақ инфрақұрылымдық жобаларының қан тамырларын тазартып қана қоймай, қаржыландыруды күтіп тұрған әлеуметтік жобалардың бюджет тапшылығын жабуға, қосымша қаражатты шығаруға мүмкіндік беретін көп нәтижеге қол жеткізуге болар еді.
Бұл салада ресми құжаттармен белгіленген нарықтық қатынастар жүйесі іс жүзінде мүлдем жұмыс істемейді, тек орталықтандырылған жемқорлық жүйесі тамырын тереңге жайған. Жақын арада бұл саланы жандандыра алатындай экономикалық тиімді басқару тетіктерін әзірлеп енгізеді-ау деген үміттің келешегі де тым бұлыңғыр. Негізінде, географиялық, климаттық жағдайы күрделі, жол инфрақұрылымы тұралап, кенже қалған қазақтың ұлан-байтақ мемлекеті үшін Автомобиль жолдары комитетін дербес мемлекеттік органға айналдырған дұрыс болар еді. Мемлекет басшысы жариялаған жолдардың сапасын арттыру жөніндегі жалпыұлттық тапсырманың толық орындалуын қамтамасыз етудегі «қиын» жағдайды ескере отырып, бұл өте орынды шешім деп айтуға толық негіз бар.
Мүталап ӘБСАТТАРОВ
Астана