Жастар • Бүгін, 09:30

АЭС ғылым мен технологияны дамыту үшін қажет

51 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мәжіліс спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов «Жастар рухы» республикалық жастар саяси лагерінің жұмысына қатысты. Түркістан облысының Нысанбек ауылында еліміздің түкпір-түкпірінен келген 420 делегат бас қосты.

АЭС ғылым мен технологияны дамыту үшін қажет

Жастармен кездесу барысында Ерлан Қошанов жастар үнемі жаңа үрдістердің басы-қасында жүретінін және мемлекетіміздің қозғаушы күші бола отырып, Әділетті Қазақстанның болашағы саналатынын атап өтті.

– Осыдан екі жыл бұрын біз Зерендіде жастар қанатының атауын өзгерту туралы шешім қабылдаған едік. Содан бері «Жастар рухы» қарқынды жұмыс атқарып келеді. Ұйымның аты ғана емес, заты да өзгерді. «Жас­тар рухы» еліміздегі жетекші қозға­лысқа, жастардың рухын көтере­тін іргелі ұйымға айналды. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Зеренді форумындағы бейнеүндеуінде жастардың заман талабына сай дамуы үшін үш негізгі басымдықты айқындап берді. Ол – білімге ұмтылыс, еңбекқорлық және патриотизм. Бұл бағыттар жастар қанатының алдағы даму жолының өзегіне айналды, – деді партия төрағасы.

Мәжіліс спикері бүгінде мемлекет жастардың әлеуметтік мәселе­лерін шешу бағытында ауқым­ды жұмыс атқарып жатқа­нын атап өтті. Партия желісі бойынша жастарды жұмыспен қамтуға бағыт­талған «Жастарға жұмыс», қар­жылық сауатты арттыруды көздейтін «Қарызсыз қоғам», ауыл тұр­ғын­дарына жеңілдетілген несие беруге арналған «Ауыл аманаты» жобалары жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар құмар ойын, нашақорлық, жұрттың қарыз­ға батуы сынды мәселелер заңна­малық деңгейде шешіліп жатыр. Соған қа­рамастан, бүгінде жастар алдын­да тұрған әлі де көптеген әлеу­мет­тік сын-қатер бар. «Жастар рухы­ның» миссиясы – жастарды өзекті мәселелерді шешуге жұмылдыру және өскелең ұрпақты мемлекеттік жобаларды жүзеге асыруға жан-жақты тарту екеніне тоқталды.

Сондай-ақ партия төрағасы «Жастар рухы» волонтерлік қызметінің тиімділігіне назар аударды. Мәселен, көктемгі су тасқыны кезеңінде «Amanat» партиясы жанындағы жастар қанатының белсенділері шынайы патриотизм мен азаматтық жауапкершіліктің үлгісіне айналды. Олар «Адал азамат» тұжы­рым­дамасына сай келетін қасиеттерді іс жүзінде көрсете білді.

Форум барысында іс-шараға қатысушылар жастарды саяси және әлеуметтік жұмыстарға тарту жөнінде бірқатар бастама көтерді. Яғни күрделі саяси үдерістерді түсінуге және жалған ақпараттармен тиімді күресуге қабілетті жас саясаткерлер пулын құру, әсіресе, ауылдық жерлерде креативті индустрияны дамыту, волонтерлерді қолдау жүйесін енгізу, оның ішінде оқуға түсу немесе жұмысқа орналасу кезінде артықшылық беру.

Жас көшбасшылар Президент­тің «Таза Қазақстан» жалпыұлт­тық бастамасымен өтіп жатқан «Таза бейсенбі» партиялық акция­сының аясын кеңейтуді ұсын­ды. Атап айтқанда, бұрын су тас­қынынан қорғану үшін бөгеттер тұрғы­зылған өзендер мен су айдын­дарының арналарын тазарту жұ­мысын бастау, қорша­ған ор­таны қорғаудың маңызы тура­лы түсіндіру жұмыстарын жүргізу, қоғамдық орындарда қоқыс сұ­рып­тауға арналған автоматтар орнату, сондай-ақ келер жылы да «Таза бейсенбі» акциясын жалғастыру.

Іс-шараға қатысушылар елімізде АЭС салу мәселесін жеке талқылады. «Жастар рухы­ның» белсенділері мен мүшелері бұл бастаманың маңызын атап өтіп, АЭС құрылысына қолдау білдірді.

Басқосуға қатысқан ғалым Нұрхат Жәкиев еліміздегі энер­гия­ның 80%-ға жуығы бүгінде көмір арқылы өндірілетініне және атом энергиясын пайдалану осы жағдайдан шығудың ең тиімді жолы екеніне назар аударды.

– Қазір әлем өзгеріп жатыр. Біз жасанды интеллект, 6G интернет, электромобиль, дрондар, биотехнология, кванттық компьютер секілді киберғылым дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Мұның бәрі немен жұмыс істейді? Әрине, энергия көздерінен қуат алады. Сондықтан да білектің заманында мықты болған біз білімнің заманында артта қалмау үшін ғылымның күшіне сүйеніп, экологиялық тұрғыдан тиімді энергияның жолын табуымыз керек. АЭС құрылысы алдағы 100 жылда еліміздегі электр қуаты тапшылығы мәселесін шешеді, жаңа жұмыс орындары ашылады, – деді ол.

Өз кезегінде, «Жастар рухы» жастар қанаты Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Абзал Марат өңірді жылумен, тұщы сумен және электр энергиясымен қамтамасыз етіп келе жатқан Маңғыстау атом энергетика комбинаты 56 жылдан бері жұмыс істеп тұрғанына назар аударды. Оның айтуынша, бүкіл әлем, соның ішінде еліміз біртіндеп электромобильдерге көшуде, бұл да тұрақты энергия көзінің болуын талап етеді.

Ал жас ғалым, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің проректоры Асхат Шүкіров бүгінде атом электр стансаларын пайдаланатын әлемнің 32 еліне дүниежүзілік экономиканың және әлем халқының тең жартысы тиесілі екенін атап өтті. Бұған қоса, әлемдегі экспорттық тауарлардың 70%-ын осы елдер өндіреді. Оның айтуынша, Қазақстан жаһандық дамудан шет қалмауға тиіс. Ол үшін бізге энергия беріп қана қоймай, отандық ғылым мен технологияны жаңа деңгейге көтеретін АЭС қажет.

Мәжіліс төрағасы жас бел­сен­ділердің пікіріне қолдау білдірді. Ол АЭС төңірегінде жүріп жатқан ауқымды пікірталасқа жастар бел­сенді қатысып, өздерінің азамат­тық ұстанымдарын батыл білдіруі керек екенін атап өтті.

– Президентіміз айтқандай, еліміз үшін ең маңызды шешімдер тек халықтың пікірін ескере отырып қабылданады. Бұл – Мемле­кет басшысының басты ұста­ны­мы. Демек АЭС салу мәселесінде негіз­гі шешімді халық қабылдай­ды. Атом энергетикасы не үшін қажет? Біздің болашағымыз үшін қажет. Мемлекетіміздің бәсекеге қабілетін арттыру үшін қажет. АЭС – ғылым мен технологияны дамыту үшін қажет. Түптеп келгенде, ел тәуелсіздігін нығайту, экономикасын орнықты дамыту үшін қажет, – деді Ерлан Қошанов.