Алматы облысы, Алакөл ауданы, Ж.Балапанов ауылы № 56 Қызылащы сайлау учаскесінде 104 жастағы Рабат қария Тегісбаев Қазақстан Республикасының президенттігіне үміткерді таңдауға арналған сайлауға қатысып, өз таңдауы бойынша дауыс берді.
Жастайынан Рабат қария еңбекке араласып, ескіше оқып, кейіннен 3 сыныптық білім алған. 1941 жылдың қараша айында Ұлы Отанын қорғау үшін майданға 153-ші атқыштар полкі құрамында қатардағы жауынгер болып аттанады. Отан үшін сұрапыл шайқасқа Волга өзенінен бастап кірісіп, Курск түбіндегі арпалыста, Украина, Латвия, Польшаны азат ету үшін жан аямай шайқасқан. 1945 жылы 9 мамырда Ұлы Жеңісті Берлин қаласында қарсы алыпты. Берлин қаласы үшін болған шайқаста қатты жараланып, әскери госпитальда бір жылдан астам уақыт емделген. 1946 жылдың қазан айында туған жеріне оралады. Ауылға келгеннен бастап еңбекке араласыпты. 1946 жылдың қараша айынан бастап шопан болып еңбек етіпті. 1947 жылы өз ауылындағы ГауҺар Шаловамен отбасын құрады. Қазір бейнетінің зейнетін көріп отыр.
Рабат ақсақал II дәрежелі Ұлы Отан соғысының орденімен «Г.Жуков», «Украинаны азат еткені» үшін медальдарымен марапатталған.
Рабат Тегісбайұлы 104 жасқа келсе де тың. Ауылдың абыройлы ақсақалы. Үш ұлы мен немерелерінің арасында бақытты ғұмыр кешуде.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы,
Алакөл ауданы.