Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
Мәселен, жуырда Алматыдағы «Ақсай» университеттік клиникасына бүйрегі әбден зақымданған екі бала ауыр жағдайда түскен еді. «Ақсай» балалар орталығының нефрология және экстракорпоралдық детоксикация бөлімшесіне жедел жеткізілген 17-дегі жасөспірімнің бүйрегі қатты зақымданып, нефротикалық синдромына қоса, сараптамалық көрсеткіштері нашарлағаны анықталған. Ал 3 жасар екінші кішкентай пациент нефротикалық синдроммен, айқын білінетін ісік, олигоуриямен Алматыға санитарлық авиация арқылы Талдықорған қаласынан жеткізілген. Екі баланың да жағдайы ауыр болатын. Әлбетте, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ «Ақсай» орталығының жансақтау бөлімінде бұл балаларға қажетті көмек көрсетіліп, беті бері қарады.
С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ «Ақсай» университеттік клиникасы – республиканың ең алғаш ашылған балалар ауруханасы. Жыл сайын осы емдеу мекемесіне еліміздің барлық өңірінен ауыр кеселдерімен 700-ге жуық бала келіп түседі.
Жалпы, жер бетінде созылмалы бүйрек аурулары 840 миллиондай адамнан анықталса, шамамен бұл – планета тұрғындарының 13,4%-ы. Бүйректі алмастыру терапиясына, диализге 4,9 миллионнан бастап 7 миллионға жетеғабыл науқас тәуелді. Ал Қазақстанда қазіргі таңда халықтың 10-12%-ы созылмалы бүйрек ауруларына шалдыққан. Осы мәселеге орай, танымал нефролог, профессор Абай Шепетов бүгінде диализде еліміздің 8 мың тұрғыны бар екенін, он жыл сайын бұл көрсеткіш екі есеге көбейіп келе жатқанын айтады.
Созылмалы бүйрек ауруының (СБА) белең алуын гипертониялық, қант диабеті, семіздік пен метаболикалық синдром сияқты әлеуметтік мәнге ие аурулармен теңестіруге болады. Өйткені инфекциялық емес созылмалы аурулардың ішінде өлім-жітімге жетелейтін 5 дерттің бірі – бүйрек кеселдері.
Сарапшылардың пікірінше, созылмалы бүйрек аурулары ағзада бірден байқалмайды, өкінішке қарай, көп жағдайда асқынған, жанға батқан кезде ғана анықталып жатады. Ал мұның салдары дертті жандарды аптасына кемінде үш рет 4-5 сағаттық қан тазарту процедурасына байлап қана қоймай, бүйрек трансплантациясына, донорлық бүйректі іздеуге, күтуге тәуелді ететіні аян. Ал мұндай амалдар өте қымбат тұратынын ескерсек, СБА-ны асқындырмай анықтау, емдеу – уақыт өткізбей жасалатын қадам.
«Бүгінде 9 мыңға жуық азамат гемодиализ процедурасын алады. Мұндай науқастардың саны жыл сайын артып келеді. Бұл ретте Қазақстанда бейінді мамандардың тапшылығы туралы айтқан жөн. Тұрғындар арасында кесел белең алып тұрғанмен, елімізде бар-жоғы 400-ге жуық нефролог бар. Созылмалы бүйрек ауруы 5 кезеңнен тұрады. СБА-ның еш белгісіз, білінбеуіне байланысты пациенттер ауруы асқынған кезде дәрігерге жүгінеді. Егер біз пациенттерде СБА-ның диагнозын ерте сатыда, ең болмағанда үшінші немесе төртінші А сатысында анықтайтын болсақ, гемодиализді уақтылы терапияның көмегімен кейінге шегеруге болатын еді», дейді А.Шепетов.
2024 жылдың наурыз айындағы дерекке сүйенсек, бүйрек трансплантациясына кезекте шамамен 3 600 азамат тұр. Олардың 80-нен астамы – балалар. Ағзаларды транспланттауды күту тізіміндегі пациенттердің 90%-ға жуығы бүйрек трансплантациясын қажет етеді, қалған 10%-ды бауыр, өкпе және жүрек ағзалары құрайды. Өкінішке қарай, «Күту парақшасында» тұрған науқастардың басым бөлігі өз құтқарушысын таба алмай, донор табылған күнге жете алмай кететіні құпия емес және бұл – медицинада күн тәртібінен түспей тұрған, түйіні толық тарқатылмаған өзекті мәселенің бірі.
Бүйрек трансплантациясын басынан өткерген пациент Анар Шаймергенова: «Мен 11-12 жасымда тамақ ауруымен қатты ауырып, бұл бүйрек аурулары дамуына себепші болды. Сол кезде маған гломерулонефрит диагнозы қойылып, 30 жасымда диализге түстім. Менің жолым болды деп айта аламын, себебі маған донор табылды. Шындығын айтқанда, елімізден емес, Беларусьтан табылды. Біздің елден айырмашылығы, ол жерде бүйрек трансплантациясы бойынша операцияны ақылы жасау қажет еді. Бұған кем дегенде, 72 мың доллар қаражат керек екенін білдім. Әлеуметтік желілер арқылы қаражат жинадым. Туыстарым мен менің жағдайыма бейжай қарамаған отандастарым қол ұшын созып, менің өмірімді сақтап қалды. Қазақстанда күту тізімінде 4 жыл тұрсам, ал Минскіде мен небәрі 10 ай күттім», деді.
Мамандардың айтуынша, СБА дамуының қауіп факторына жататын бірқатар ауру бар. Олардың ішінде ең көп тарағандары – артериялық гипертензия (жоғары қан қысымы), жүрек-қан тамырлары аурулары, отбасылық анамнездегі СБА және қант диабеті. Артериялық гипертензиямен ауыратын әрбір үшінші науқаста СБА маркерлері бар екенін атап өткен жөн.
С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ішкі аурулар кафедрасының доценті Дина Қапсұлтанова: «Егер пациентте қант диабеті, артериялық гипертензия, туыстарында СБА болса, креатининге қан сараптамасын тапсырып, шумақтық сүзілу жылдамдығын өлшеу қажет. Бұл – сізде СБА-ның бар-жоғын білудің басты жолы. Мұндай талдауды терапевт тағайындайды. Бастапқыда созылмалы бүйрек ауруы бар адамдар денсаулығының нашарлағанын, ауру белгілерін байқамауы мүмкін. Сондықтан жылына бір рет қан анализін тапсырып отыруға кеңес береміз. Егер адам тәуекел тобында болса, онда мұндай талдауды кем дегенде жарты жылда бір рет жасау қажет», деді.
Осы арада СБА дамуын қоздыратын басты себептің бірі екінші типті қант диабеті екенін айта кету керек. Бұл жөнінде «Диабетті зерттеу жөніндегі қазақстандық қоғам» ҚҚ президенті Жанай Ақанов пікір білдірді.
«Қант диабеті кезінде нефропатия дамиды, Қазақстанда бұған қатысты парадоксалды жағдай қалыптасып жатыр: диализдегі пациенттердің 50%-дан астамы – осы сусамыр кеселіне шалдыққан науқастар. Қазақстанда бірінші және екінші типтегі қант диабетімен ауыратын 400 мыңнан аса пациент бар, ал аурудың жаңа жағдайлары бойынша жылына өсу үрдісі 18 мыңнан 30 мыңға дейін барады. Әлбетте, асқынуларды емдеу өте қымбат іс-шараларды қажет етеді. Өкініштісі, қазіргі таңда біз осы іспен айналысып отырмыз. Алайда алдын алу терапиясы мұнан он есе арзан», деді Ж.Ақанов.
Сарапшы 2030 жылға қарай біздің елімізде қант диабетімен ауыратын науқастардың саны 800 мыңға жетіп жығылуы асуы мүмкін деп есептейді Сондықтан мамандар СБА ауыртпалығын төмендету үшін эндокринология, кардиология мен нефрология арасындағы пәнаралық көзқарас қажеттігін алға тартып жүр.
Сөз соңында Қазақстанда гемодиализ науқастарға тегін жүргізілетінін, бірақ мамандар жыл сайын осы процедураны қажет ететін пациенттер саны артып келе жатқандықтан, мемлекеттік бюджетке түсетін ауыртпалық та өсіп жатқанын айтады. Гемодиализге кететін уақытқа байланысты пациенттер көбінесе жұмысқа орналасу мүмкіндігінен ғана емес, жұмысынан да айырылып қалып жатады. Гемодиализге тәуелді азаматтарға бірінші дәрежелі мүгедектік берілетіндіктен, бұл Үкімет қоржынынын ортайтады. Сондықтан осы жағдайды өзгертуде созылмалы бүйрек ауруларын асқындырмау екі тарап үшін де аса маңызды.
АЛМАТЫ