Аталған емдеу мекемесінің бас дәрігері Махамбет Бейсеуов мемлекет тарапынан жергілікті емханаларға көрсетіліп жатқан көмек пен қолдаудың нәтижесі туралы баяндап берді.
№1 қалалық емханаға барғанда Т.Сұлтанғазиев, әсіресе диспансерде есепте тұрған науқастарға консультативтік-диагностикалық көмектің қолжетімділігі қалай жүзеге асып жатқанын байқап көрді, мамандарға кезекке тұру мәселесін тексерді, азаматтардың сауал-өтініштеріне жауап берді, сондай-ақ бірыңғай колл-орталықтың жұмысымен танысып шықты. Бұған қоса вице-министр вакциналау жүргізуге дайындық, медперсоналдың екпе туралы білімі мен машықтарын бағалады. Иммундауға арналған дәрілердің сақталу шартына жіті көз салды. «Салқындату желісіндегі» температуралық режімнің сақталуына назар аударып, ақпараттық жүйелердің жұмысын қарап көрді.
Сондай-ақ сапар аясында вице-министрдің блогерлермен, ҮЕҰ белсенділерімен, өңір дәрігерлерімен кездесуі өтті. Сол жүздесуде адам папиллома вирусына қарсы вакциналау жүргізу мәселесі қозғалып, оның маңызы жөнінде жан-жақты ақпарат берілді.
Шымкент қаласының қарапайым жұртымен болған есепті кездесуде Т.Сұлтанғазиев ведомство тарапынан халыққа медициналық көмекті жақсарту бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы толық баяндап берді.
«Жаңадан ашылған «Бір күндік клиника» базасында бірінші рет ұрықтың туа бітті патологиясы қаупін дер кезінде анықтау және босану алдындағы диагностиканы жүргізу мүмкіндігі пайда болды. Сонымен қатар респираторлық аурулар, гемодиализ, нефрология, ревматология, орфандық аурулар бойынша құзырет орталықтарын ашу жөніндегі жұмыстар белсенді түрде жүргізіле бастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында отандық медицинада түбегейлі өзгерістер орын алып жатыр. Оның ең бастысы – денсаулық сақтау жүйесінде медициналық көмектің пациентке бағдарланған моделін қалыптастыру. Халыққа медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту – басты міндет. Соның аясында ұлттық стандарттарға сәйкес емханалық ұйымдарға қойылатын талаптар күшейтілді. Мәселен, бейінді мамандарға қолжетімділік жеңілдетілді, дәрігерлердің пациенттермен өзара байланысы жақсарды. Пациентке бағдарлануды қамтамасыз ету мақсатында 21 нормативтік-құқықтық акті жобалары әзірленді. Соның нәтижесінде пациенттер бейінді мамандарға бірден жазыла алады, қабылдау да жоспарлы түрде жүргізіледі. Жалпы, практика дәрігерлеріне жазылу 4%-дан 21%-ға дейін, оның ішінде бейінді мамандарға және диагностикаға жазылу 41%-дан 70% -ға дейін өсті. Қажетті зертханалық зерттеулер 42-ге қысқарып, жоспарлы емдеуге жатқызуға дайындық кезінде консультациялық-диагностикалық қызметтердің бірыңғай тізбесі стандартталды, сондай-ақ зерттеу нәтижелерінің қолданылу мерзімі 14 күннен 6 айға дейін ұзартылды», деді бірінші вице-министр.
Сала өкілі медициналық ұйымдарда қаржылық жағдайды күшейту мақсатында бірнеше кешенді жоспар қолға алынғанын жеткізді. Атап айтқанда, шығыны көп тарифтер қайта қаралып, ақша жаратудың жаңа жүйесі енгізіліп жатыр. Құрсақ көтерген, жаңа туған әйелдерге, кішкентай балаларға медициналық көмек артып, 2024 жылдың 1 маусымынан бастап тариф құны орта есеппен 30 пайызға өсті. Неонотология, балалар неврологиясы, аллергологиясы мен ревматологиясы қатарлы қызмет көрсететін медициналық ұйым өкілдерінің еңбекақысы да өсті. Биыл 1 қыркүйегінен бастап абдоминальді хирургия, инфекция, неврология, гастроэнтерология, кардиология, травматология, ортопедия, нефрология, эндокринология, онкогематология секілді салаға қаржылық мәселені жақсарту жұмыстары қолға алынады. Нәтижесінде, жыл соңына дейін денсаулық сақтау ұйымдарының қаржы жетіспеушілігі шешімін тауып, тапшылық тудырған біраз медициналық дүниелерді сатып алуға мүмкіндік туады.
Бірінші вице-министрдің мәлімдеуінше, клиникалық хаттамалар аясында барлық ауру түрі мен оларға қажетті дәрі-дәрмектер тізімі үйлестірілген. 2025 жылға қарай халықты амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жоспарлауға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Шетелден келетін дәрілердің нұсқасын елімізде отандық фармацевтика күшімен шығару қолға алына бастайды. Халықтың денсаулығын жақсарту үшін алкогольді, темекі өнімдерінің акциздік бағасы қымбаттатылды. Биыл маусым айында вейптер мен оған қажетті хош иістендіргіш пен сұйықтықтардың саудасы елімізде толық тоқтатылды. Энергетикалық сусындарды 21 жасқа дейінгі азаматтарға сатпау мен құрамында қанты бар сусындарға акциз енгізуге тиісті ұсыныстар әзірленіп жатыр. Медицина саласындағы басты жаңалықтың бірі биыл сәуір айында Президент арнайы заңға қол қойып, оған ауылдық жерде сұранысқа ие мамандықпен жұмыс істеп жатқан медицина қызметкерлеріне 8,5 млн теңге қаражат беріледі. Бұл денсаулық сақтау саласын жақсарту мен абырой-беделін көтеру мақсатында жүргізіліп отыр. Сондай-ақ 2030 жылға қарай еліміздегі медициналық кадр мәселесін түбегейлі шешетін арнайы тұжырымдама әзірленіп жатыр. Оның көздеген бағытының бірі – республикада денсаулық сақтау саласы мамандарының әр өңірдегі тапшылығын жою мен медицина мамандарын даярлаудағы сапа мәселесін жақсарту. 2027 жылдан бастап тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің ең төменгі пакеті мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың базалық пакетін қамтитын Бірыңғай медициналық көмек пакетін қалыптастыру ұсынылады. Міне, еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің бүгінге дейін атқарған жұмыстары мен келешектегі жоспар, әрекеттері осындай.
Қала тұрғындарын жеке қабылдау кезінде азаматтар емханалардағы дәрілік қамтамасыз ету, салалық тар бейінді мамандарға қабылдауға жазылу, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға медициналық қызмет көрсету мәселесін көтерді.
Сапар қорытындысында Т.Сұлтанғазиев ағымдағы эпидемиялық жағдай туралы БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ вице-министр сөзінің соңында денсаулық сақтау саласын жақсарту бағытында кейінгі жылдары елімізде өте үлкен ауқымдағы реформалық жұмыстардың жүргізілгенін, осы күнде сол өзгерістер оң нәтиже бере бастағанын атап өтті.
ШЫМКЕНТ