Аймақтар • 24 Тамыз, 2024

Әңгіме өзегі – мемлекеттік тілдің мәртебесі

69 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп Солтүстік Қазақстан облысының зиялыларымен кездесті. Кездесу барысында елімізде жүргізіліп жатқан реформалар және өңірлерді дамытуға, азаматтардың әлеуметтік кепілдіктерін арттыруға, отандастарымыздың әл-ауқатын жақсартуға арналған заңдар туралы сөз болды.

Әңгіме өзегі – мемлекеттік тілдің мәртебесі

Сенатор қазіргі таңда еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Барлық мемлекеттік құрылым өздеріне жүктелген міндеттерді орындау­мен бірге ел саясатының негізгі бағытын іске асыру аясында да ауқымды жұмыс атқарып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында жаңа кезеңдегі идеологиялық негізді айқындап берді. Ол «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасының негізгі қағидатына айналған «әділдік» ұғымына табан тірейді.

Сонымен қатар депутат мемлекет қоғамның өсіп-өркендеп, жаңа, жарқын болашаққа қадам басуы үшін барлық жағдайды жасайтынын, бұл ретте жасанды интеллектіні енгізіп, дамыту мәселесі де өзекті екенін айтты.

«Жасанды интеллект дегеніміз – ешқандай қиял емес, қазіргі кезде қажеттілікке айналған маңызды тетіктердің бірі. Осы технологияның арқасында айтарлықтай жетістікке қол жеткізуге болады. Сондықтан Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев медицина, қорғаныс, ғарыш­тық зерттеулер салаларында және басқа да басым бағыттарда маңызды рөл атқаратын жоғары өнімді суперкомпьютер құрастыруды тапсырды», деді Нұртөре Жүсіп.

Сондай-ақ сенатор қоғам­дық келісім мен ұлттың бірлігін нығайту жолында мемлекеттік тілді дамытудың аса маңызды екенін және ел Президенті қазақ тілінің мәртебесін арттырып, оны дамытуға баса мән беріп отырғанын атап өтті.

«Президентіміз қазақ тілінің рөлін күшейту мәселесін бірнеше рет көтеріп, уақыт өте келе ол ұлтаралық қатынас тіліне айналуға тиіс екенін айтты. Бұл стратегияны іске асыру айрықша маңызға ие. Өйткені бүгінде қазақ тілі жаңа сипат алып, Қазақстанда да, одан тыс жерлерде де сұранысқа ие бола бастады. Әлемдік қоғам­дас­тықтың біздің тілімізге, мәде­ниетімізге және тұрмысымызға деген қызығушылығының артуы – Мемлекет басшысы жүргізіп отырған ашықтық пен дипломатия саясатының нәтижесі. Осы ретте бүгінгі іс-шара да мемлекеттік тілдің рөлін күшейту жолында жасал­ған маңызды қадам екені анық», деді Нұртөре Жүсіп.