Almaty.tv мәлімдегендей, жаға ұстатарлық оқиға бір апта бұрын қаладағы «У Петровы» жекеменшік балабақшасында болған. Әзірге жағдайдың қалай болғанын тек зардап шеккен баланың анасынан біле алдық. Оның сөзінше, әуелі тәрбиеші бүлдіршіннің қолын жарақаттап, арада бір күн өткенде денесін күйдірген. Қатты зақым алған бүлдіршін әбден шошынып қалған. Қазір ол мекеменің маңына жолағаннан-ақ жылайды. Оның үстіне, баланың кіші дәретке бара алмай қалғаны тағы бар.
– Басқа балалар зардап шекпесе екен деймін. Бәрі қыруар ақша төлеп беріп отыр. Баламды күйдіргенін айтпай, жедел жәрдем шақырмай, қорлады. Заң алдында жауап берсін! Қолын сындырды. Олар ақталып жатыр, ол қалай күйеді, ойлаңызшы? – деді ата-ана Ақжан Нұрғазиева.
Дәрігерлер «бүлдіршінің денесінің 6 пайызы күйген» дейді. Сұлтанның жағдайы жақсы, үйіне жіберілді.
– 1 жас 7 айлық баланы ата-анасы үйден алып келді. Бөксе және саны 1-2 дәрежелі күйік шалған. Науқас үйіне шығарылды. Жағдайы тұрақты. Ары қарай емін жалғастырып, жақпа май жағуы керек, – деді облыстық балалар ауруханасы директорының емдеу ісі бойынша орынбасары Ержан Есболаев.
Аталған дерек бойынша қазір полиция департаменті де тергеуді бастады. Қылмыстық іс «кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бабымен жүргізіліп жатыр.
– Атырау қаласының тұрғынынан балабақшаға баратын баласынан күйікке ұқсас дене жарақаты бар деген арыз келіп түскен. Арыз бойынша кешенді тергеу амалдары жүргізіліп, тексеру барысында облыстық балалар ауруханасы дәрігерлерінің қорытындысымен 2023 жылы туған баланың екінші дәрежелі күйік екені анықталды. Сот-медициналық сараптамалар тағайындалды, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.
Мектепке дейінгі ұйым жұмысын әлі де жалғастырып жатыр. Мекеме әлеуметтік желідегі парақшаларына аталған жағдайдың жалған екенін жазған. Әзірге істің қалай болғаны, баланың денесіне кімнің жарақат салғаны ресми дәлелденген жоқ. Іс бақылауда болады.