Фото: gov.kz
Атырау қалалық полиция басқармасы көші-қон бөлімінің инспекторы, полиция лейтенанты Римма Сидихованың айтуынша, учаскелік полиция инспекторлары сот орындаушыларымен бірге алимент төлеуден жалтарғандарды, борышкерлер мен туысқандарымен қарым-қатынасын үзгендерді ұдайы іздестіреді. Кәмелетке толмаған балаларына алимент төлеуден жалтарғандар мемлекеттік органдар мен сот орындаушыларының есебіне алынады.
«Жыл басынан бері алимент төлеуден жалтарғаны үшін 181 адам мемлекеттік органдардың, сот орындаушыларының есебіне алынды. Ал көші-қон бөлімі арқылы алимент төлеуден жалтарып жүрген 26, борышкер санатындағы 25 және туысқандарымен қарым-қатынасын үзген 7 адам іздестіру есебінде тұр», дейді Римма Сидихова.
Оның дерегіне сүйенсек, борышкерлерді іздестіруге байланысты рейдтің алғашқы күнінде 10 адам анықталған. Олардың арасында алимент төлемеген – 8, өзге қарызын өтемеген 2 борышкер бар. Рейдтік іс-шара кезінде кәмелет жасына толмаған балаларын бағып-қағу міндетін орындамай, алимент төлеуден жалтарған ер адам ұсталды. Безбүйрек әкенің қарызы шамамен 2 млн теңгеге жуық соманы құрайды. Тағы бір атыраулық тұрғынның 2017 жылдан бері баласына алимент төлеу міндетін орындамай келгені анықталды. Ол алиментке берешегін өтеуден бас тартып, бала алдындағы жауапкершіліктен жалтарып келген.
Ал Қызылқоға аудандық сотының ақпаратына сүйенсек, балаларына тиісті алиментті төлемей жүрген екі борышкердің ісі қаралды. Екеуі де Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабының 1-бөлігінің талабын
бұзған.
«Борышкерлердің кәмелетке толмаған балаларын асырап-бағуға айлық табысының және өзге де кірісінің тиісті мөлшерінен алимент өндіру туралы сот бұйрығын орындамағаны анықталды. Құқық бұзушылар өз кінәсін мойындап, жұмысқа орналасуға және балаларын асырап-бағу үшін алимент төлеуге уәде берді. Сот қаулыларымен құқық бұзушылар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылды. Балаларына алимент төлеуден қашып, құқық бұзған борышкердің әрқайсысына 3 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алынды», деп хабарлады аудандық соттан.
Атырау облысы